Екі жыл бұрын Елбасымыздың шешімімен шілденің алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып жарияланғаны белгілі. Әрине, бұл көңіл қуанарлық жаңалық. Бұрын әр қазақтың төрінде сән беріп тұратын аспапты осы күні көп үйден көрінбейтіні көңіл қынжылтады. Бұған қарап, қазақ жастары домбыра тарту білмейді деп тон пішуге болмас. Өйткені аталмыш аспапты шебер орындайтын жастарды той-томалақтарда жиі байқаймыз. Бізді тағы бір қуантатыны домбыра ойнауда қазақ қана емес, өзге ұлт өкілдерінің де қалыс қалмауы. Бүгінгі кейіпкеріміз мичуриндік – Залина Алиева.
2002 жылы Мичурин ауылында өмірге келген Залина ауыл мектебін 2018 жылы тәмамдаған. Бүгінде Ж.Досмұхамедов атындағы жоғарғы педагогикалық колледждің студенті. Таңдаған мамандығы музыкалық білім беру.
-Негізгі менің меңгеріп жүрген аспабым - фортепиано. Жалпы бұл аспапты ауылдық клуб үйірмесінде үйренгенмін. Ал домбыраны колледжге түскелі меңгеріп келем. Оған менің интернационал отбасында туып-өскендігім себеп. Әкем шешен, ал анам қазақ. Нағашы атам кезінде күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлынан дәріс алған Қали Алабасов. Марат есімді нағашы ағам бір кездері облыстық филармонияда жұмыс жасады. Бәлкім, менің де осы салаға ынта-ықыласымның бұрылуы нағашы жұртымнан жұқса керек-ті. Сонымен қатар әкемнің ағасы Эли де музыкалық аспаптарды еркін ойнайтын, - дейді Залина Арбиқызы.
Залина бізбен тілдесу барысында қазақ тілінде сөйледі. Айтуынша, мемлекеттік тілді ес білгелі меңгеріпті. Мектепті орысша бітірігенімен колледжде қазақ тілінде оқып жүр. Оның анасымен қазақша сөйлескеніне отбасы мүшелері таң қалады екен. Сондай-ақ өз ұлты мен қазақ ұлтының салт-дәстүрлерін қатар ұстанатын Залина шешен халқы мен қазақ халқының тілінде және салт-дәстүрінде көптеген ұқсастықтар бар екенін айтады.
Материал дайындау барысында Залинаның анасымен де тілдесудің сәті түсті.
-Қызымның мемлекеттік тілді меңгеруіне нағашы әжесінің ықпалы болды. Кейін қазақ балабақшасына берілді. Бастауыш сыныпты да қазақша оқып, балаға ауыр болған соң орыс сыныбына көшірдік. Залина кішкентайынан елгезек болды. Ауыл мектебіне не кітапханада өткізілер іс-шараларға белсене қатысып жүрді, - дейді анасы Алтынай Қалиева.
Залинаның үлкен апасы Сәлима Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ды ветеринар-санитар мамандығы бойынша бітірген. Бүгінде жездесі Рустам екеуі Нью-Иорк қаласында тұрады. Кіші сіңлісі 9-сыныпқа аяқ басқан.
Ал өзі бүгінде Мичуриндегі жастар ресурстық орталығына және «Вайнах» шешен-ингуш мәдени бірлестігіндегі «Барт» ансамбліне жетекшілік етеді.
-Менің мақсатым шешен және қазақ ұлтының салт-дәстүрін жетік біліп, дамыту. Қазірдің өзінде анам екеуміз жұма күндері шелпек, бауырсақ пісіреміз. Ал екінші мақсатым қазақтың домбырасын жетік меңгеру. Менің ойымша, әр қазақ осы бір аспапты және оның тарихын білуі керек. Колледжде бізге домбыраның тартылуы мен қатар тарихын да оқытады. Қадыр ақынның «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген сөзі бар ғой. Қазақ елінің жиені, Қазақстан Республикасының азаматы болған соң домбыра үйренуім керек деп білемін, -дейді Залина.
Тілдескен кезде оның сіңлісі Камилла қазақтың қобыз аспабын меңгеріп жүргенін білдік. Ендеше нағашы елінің қос аспабын үйреніп жүрген қыздарға сәттілік тілейміз.
Нұрлыбек Мұхамбетияров,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz
Алма Төлепқалиева,
Бәйтерек аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы:
-Залина биылдан бастап Мичуриндегі жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының жетекшісі болып сайланды. Өнерлі, алғыр, белсенді, берілген тапсырмаларды уақытынан бұрын орындайды. Бір жылдан астам уақыт домбыраны меңгеріп жүр. Іс-шараларды шебер ұйымдастыра алады. Аудан жастарына үлгі боларлық жан. Өзге ұлт өкілі болғанымен қазақы тәрбиесі көрініп тұрады.