25.11.2021, 14:30
Оқылды: 39

 Қалмағамбетовтер әулеті – 250 жыл даңқты қызметте

Алты Алаштың басы қосылғанда төр ұстазға беріледі. Себебі ұстаз – елдің болашағын тәрбиелеуші, білім нәрімен сусындатушы. Келешектің қандай болатынын да осы ұстаз қауымының еңбегімен өлшеуге болады. Еңбек демекші, Шыңғырлау ауданында ұстаздықты ұлық тұтып, ұлағатты мамандықты еншілеген әулеттер аз емес. Соның бірі – Ақшат аулындағы Қалмағамбетовтар әулеті.

шыңғрр

250 жылдан бері мұғалімдікті міндет тұтқан әулеттің алғашқы ұстазы –  дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Қалмағамбетов Елкелді Қошқарбайұлының аты еліне мәлім. А.Тихоненко атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде үздіксіз 42 жыл еңбек еткен бүгінгі күні зейнеткер Ақтөбе қаласында тұрады. Елкелді Қошқарбайұлы 40 жылдан аса еңбек өтілінде білім саласына қосқан айтулы қызметі үшін Шыңғырлау аудандық комсомол комитетінің Құрмет грамотасымен, аудандық білім беру бөлімінің Құрмет грамотасымен, Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, аудан әкімінің алғысхатымен марапатталған. Елкелді Қошқарбайұлы  2016 жылы Қазақстан ардагерлер қауымдастығының «Спорт ардагері» медалімен марапатталды.

Жолдасы  Айша Успанова – бастауыш сынып мұғалімі. Екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Ұстаздардың жолын ұрпақтары абыроймен жалғастырып келеді. Ұлағатты ұстаздар отбасында дүниеге келген Амангелді Елкелдіұлы мектепте алғашқы әскери дайындық пәні оқытушысы, ұйымдастырушы қызметін атқаруда. Білім саласына сіңірген елеулі еңбегі және мектеп оқушыларының алғашқы әскери дайындық пәнін жетік меңгеруіне қосқан үлесі үшін алғысхаттармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры сыйлығының иегері, «Білім бұлағы» аталымының жеңімпазы.

Амангелді Елкелдіұлының жолдасы Камила Иманғалиева  –  орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, мектепте тәрбие ісі жөніндегі мектеп директорының орынбасары. Аудандық білім беру бөлімінің, Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Әулеттің екінші келіні Жанаргүл Уразамбетова –  биология, бастауыш сынып мұғалімі. Ақтөбе қаласындағы оқу орталығының директоры.

Отбасындағы мектептегідей тәртіп пен жүйелілікті көріп өскен Әлия Елкелдіқызы да ата-ана жолын таңдап, қазірде педагог-психолог, тәрбиеші қызметінде балабақшада жұмыс жасайды.

Ұстаздық жолын таңдаған Елкелді Қошқарбайұлының қарындасы, ұл-қыздары, келіңдері, жиендері, бүгінгі күні немерелері де сара жолды жалғастырып, еліміздің білім саласын өз үлестерін қосуда. Әулеттің жалпы еңбек өтілі осы салада 250 жылдан асып барады. Бұл әр заманда бала тәрбиесіндегі өлшеусіз із қалдырған Қалмағамбетовтар әулетінің өңір тарихында алатын маңызы зор.

2021 жылы Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы, Батыс Қазақстан облысы Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының  «Білім бәйтерегі» номинациясымен Қалмағамбетовтер әулеті марапатталды.

БҚО Кәсіподақтар орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале