Бүгін М.Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапханада ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қамбар батыр» жырын жатқа оқу байқауы өтті.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған байқауға ауылдық округтердің кітапхана оқырмандары арасынан 5-9 сынып оқушылары қатысты. 11 оқушы бақ сынаған байқауда жыршылар жеребе арқылы нөмір таңдап, сол нөмір бойынша өнер көрсетті. Байқауда М.Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана директоры Айнұр Уалиахметова, аудандық демалыс орталығының саябақтар меңгерушісі Ақкүміс Мұрадимова, «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Шынар Молданиязова жасөспірімдер жаттаған жырға қазылық етті.
Қорытынды бойынша М.Қаналиев атындағы орта мектептің 5 «ә» сынып оқушысы, жырдан 190 жолды жатқа айтқан Дильназ Сейполла І орынды жеңіп алды. Екінші жүлдені Бұлан орта мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің 6 сынып оқушысы Айзере Аманбай мен Бұлдырты орта мектебінің 5 сынып оқушысы Гүлназ Жайғали бөлісті. Жыр жаттауда Аралтөбе орта мектебінің 5 сынып оқушысы Нұршаттық Мұстафа мен Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің 7 сынып оқушысы Әмір Темір үшінші орыннан көрінді.
Балаларға «Қамбар батыр» жыр туралы бейнефильм көрсетіліп, «Ерлік білектен емес, жүректен» тақырыбында көрмеге шолу жасалды. Жүлдегерлер мен байқауға қатысушылар сыйлықтармен марапатталды.
«Сырым елі»
zhaikpress.kz