6.03.2026, 11:00
Оқылды: 125

Қамданған қапы қалмайды

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Бәйтерек ауданына келіп, көктемгі су тасқынына қарсы дайындық жұмыстарымен танысты.

image-06-03-26-09-41-9

Өңір басшысы бірінші Переметный ауылдық округінің Калинин ауылы маңында орналасқан тоғанға барып, ондағы бөгеттердің жай-күйін қарады. Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Тоқсамбаев Бәйтеректе су тасқынына қарсы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Переметный ауылының солтүстік шығысында, жалпы аумағы орта есеппен 500 мың шаршы метрді құрайтын тоған кеңес дәуірінде салынған. Алайда ширек ғасырға жуық уақыттан бері көп мән берілмеуінің салдарынан ол далалық жер секілді болып қалған.  Тоғанның оңтүстік батыс бетіндегі, яғни Переметный ауылы тұсындағы бөгет те көптен ескерусіз қалған. Сол себепті ол күн мен суға «желініп», кішірейіп, қарғын суға тосқауыл бола алмайтын. Сөйтіп қарғын су аудан орталығындағы кейбір көшелерде еркін еніп, үйлерге кіріп, жайсыздық туғызатын.

image-06-03-26-09-41-2

- 2023 жылы тоған тазартылып, тереңдетілді, бөгетке жөндеу жүргізілді. Келер жылы бұл бағыттағы жұмыстар тағы да жалғасты. Соның нәтижесінде тоғанның орта тұсындағы тереңдік 5 метрге дейін жақындады. Жөндеуден өткен бөгеттің биіктігі 5, ені 713 метрді құрады. Бөгеттің үстінгі беті де кеңітілді. Қазір ол жерден Камаз, Шахмандар еркін жүреді. Егер бөгеттің бір жерін су шайып кетіп жатса, жүк көліктері  қажетті және инертті материалдарды апарып, бұзылған жерді лезде қалпына келтіреді. Ал жөнделгенге дейін бөгеттің үстімен көлік түгілі бір адамның өзі әзер жүретін. Одан бөлек, 2019 жылы тағы бір жаңадан шағын бөгет салынды. 2024 жылы ол бөгет 5-6 метрге дейін биіктетіліп, ені 450 метрге дейін ұзартылды. Бұл бөгет тоғанның арғы басына, яғни Тасқалаға қарай бағытта орналасқан. Далалық судың бірінші легі осыған келіп тіреледі. Одан өткендер тоғанды толтырады. Содан кейін барып, екінші бөгетке келеді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде аудан орталығына кіретін далалық сулардың қаупі сейілді,-деген Переметный ауылдық округінің әкімі Алексей Герасимов аудан орталығында бір айдан бері қар шығару жұмыстары жүріп жатқанын, 4 наурыздағы мәлімет бойынша 14 мың шаршы метр қар шығарылғанын да мәлімдеді. Бұл жұмыстарға 60 шақты адам және 2 Камаз, 2 тиегіш трактор, 1 автогрейдер, 2 экскаватор секілді техникалар тартылған.

image-06-03-26-09-41-1

Содан соң облыс әкімі Зеленый ауылы маңынан өтетін Дөркөл өзеніндегі мұз кесу жұмыстарын қарады. Осы маңда орнатылған автоматты-гирологиялық бекет жұмысымен де танысты. Айта кету керек, мұндай бекет - облыс көлемінде төртеу. Оның үшеуі БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының теңгерімінде болса, біреуі, яғни осы бекет М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың меншігінде. Аталмыш университеттің проректоры Қажымұрат Ахмеденовтың айтуынша, бұл заманауи бекет радарлық жүйе негізінде су тасқынын ғылыми тұрғыдан болжауға, алдын алуға мүмкіндік береді. Өзен суының деңгейін, судың келу жылдамдығын автоматты түрде анықтап тұратын құрылғыдан алынған мәліметтер ТЖ мен жергілікті атқарушы құрылымдарға жедел түрде жіберіледі.

image-06-03-26-09-41-3

Ауданға жасаған сапарының соңында өңір басшы БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

- Көктемгі су тасқынына қарсы дайындықтың барысымен танысу үшін Бәйтерекке арнайы келдім. Жалпы ауданның дайындығы жаман емес. Жаңа Деркөл өзеніндегі мұз жару мен мұз кесу жұмыстарын қарадым. Биыл облыста мұз жару жұмыстарын 47 шаршы метр көлемде жүргізу белгіленді. Соған орай ол жұмыстарды жүргізу 83 учаскеге бөлінді. Олардың ішінде Бәйтерек, Бөрлі, Тасқала, Шыңғырлау, Сырым, Қаратөбе аудандары мен Орал қаласы бар. Қазірдің өзінде жоспарланған жұмыстардың жартысы орындалды. Сондай-ақ мұз кесу жұмыстары да ойдағыдай атқарылуда. Мұздың қалыңдығы 30-40 см. шамасында. Бұл оны кесуге қиындық тудырмайды. Қар жамылғысы былтырғымен салыстырғанда биыл көбірек екені белгілі. Жердегі тоңның қатуы да былтырығыдай қалың емес, 30-90 см аралығында. Күн райына байланысты ол біртіндеп төмендеуде. Ауа райының түнде қатырып, күндіз жылы болып тұруы біз үшін қолайлы. Егер осылай жалғасса, көп қиындық болмайды деп ойлаймыз. Ресейдегі әріптестерімізбен де хабар алмасып отырмыз. Ирикла су қоймасында 3,2 млрд шаршы метр су болса, олар 78 пайызын қалдырып, бізге шамамен 1 млрд шаршы метр көлемінде жіберуде. Бұл – біз үшін жақсы. Қазір облыс аумағындағы су қоймалары 55 пайыз көлемінде толды.

image-06-03-26-09-41

Көктемгі сумен қосқанда олардың деңгейі 80 пайыз болады деп жоспарлап отырмыз. Ертең, жаз кезінде ауыл шаруашылығы саласына осы суды пайдаланатын боламыз. Жалпы облыста су тасқынына қарсы көптеген жұмыстар жүруде. Олардың арасында өзендердің арнасын, бұрылыстарын тазалау, жағалауларды нықтау секілді жұмыстар бар. Бізде қажет техникалар да, күш құралдары да жеткілікті. Жалпы су тасқынның алдын алуға қатысты да­йын­­дық жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таба береді, - деді Нариман Төреғалиұлы.

 

Сәкен Мұратұлы,

Бәйтерек ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале