12.03.2024, 17:45
Оқылды: 48

Кәмелетке толмағандар үнемі бақылауда тұр

Бүгін Қаратөбе ауданы әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы Жасұлан Сұлтан, мүшелері аудан прокуроры Алмас Таспихов, сондай-ақ  басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен кезекті отырысы өтті. Жиынға БҚО азаматтық альянсының вице-президенті, БҚО әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшесі Әлия Салиева zoom арқылы қатысты.

кәмелетке толмағандар (1)

Күн тәртібінде кәмелетке толмаған мүгедектігі бар балаларға көрсетілетін көмектер, қолайсыз отбасылар есебінде тұрғандар, әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылармен жұмыс, оларда болатын жағымсыз жағдайлардың алдын алу және мәселелер, кәмелетке толмағандардың панасыз, қараусыз қалуының алдын-алу, өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларды анықтау, қолайсыз отбасылардың жағдайы туралы мәселелер қаралды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған Қаратөбе аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бекболат Бердіғалиев Қаратөбе ауданы бойынша есепті кезеңге кәмелет жасына толмаған мүгедектігі бар балалар, оның ішінде 7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар, бірінші топтағы, екінші топтағы, үшінші топтағы балалардың санына тоқталды. Сонымен қатар ауданда жеке оқыту жоспары бойынша мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды үйде оқытуға жұмсалған әлеуметтік көмектер көрсетілгендігін, аудан аумағы полигон аймағымен шектесуіне байланысты  мүгедектігі бар балаларға төленген әлеуметтік төлемдер, 30 тамыз ҚР Конститутция күніне орай 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға берілген әлеуметтік көмек, мүгедектігі бар балаларды емдету үшін берілген бір жолғы әлеуметтік көмек туралы да айтты.

Бөлім басшысының айтуынша мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сай, жеке оңалту бағдарламасы негізінде мүгедектігі бар бір бала арбамен, міндетті гигиеналық құралмен 13 мүгедектігі бар бала қамтылған. Ортопедиялық аяқ киім екі балаға алып берілген.

кәмелетке толмағандар (2)

1 маусым Балаларды қорғау күні, «Мейірбандық күндері» қайырымдылық айлығы аясында аталған категориядағы балаларды әр түрлі іс-шараға қатыстырып, қайырымдылық көмектер ұйымдастырылатынын атап өтті.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша сөз алған аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшиев «Қолайсыз отбасы» есебінде тұратын балалармен атқарылған жұмысқа тоқталды.

– Білім беру бөлімінің тарапынан «қолайсыз отбасы» есебінде тұрған ата-аналар мен балаларды қоғамға тарту, олардың өмір сүру салтын салауаттандыру, кәмелет жасына толмаған балаларға қатысты ата-аналардың жауапкершілігін түсіндіру бағытында жоспар құрылып, жұмыс іске асуда, - деді Берікжан Ғарапшаұлы.

Осы тақырыпқа қосымша сөз алған аудандық полиция полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар жөніндегі полиция инспекторы Айбек Бекболатұлы  есепте тұрған отбасылармен ай сайын профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп, «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында да есепте тұрған отбасылардың тұрғылықты жеріне барып тексеру жүргізіп тұратындығын баяндады.

– Тексеріс барысында құқық бұзушылықтар, балалар тарапынан шағымдар болған жоқ. 2024 жылдың өткен кезеңінде қолайсыз отбасы есебінде тұрған ата-аналарға қатысты әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылықтар тіркелген жоқ. Аудан бойынша әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылар және олардың өмірінде болатын жағымсыз жағдайлардың алдын алу мақсатында ауылдық округі учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп анықтау жұмысы жүргізілуде. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық фактілері кезінде балалардың зардап шегуі басты назарда. Алайда қазіргі уақытта балалардың жапа шегуі тіркелген жоқ. Алдағы уақытта аталмыш жұмыс жалғасады, - деді.

Сулыкөл ауылдық округінің әкімі Бағдат Зайнуллин округ бойынша кәмелетке толмағандардың істері мен олардың құқықтарын қорғау бағытында атқарылған жұмыс туралы айтты.

Жиын соңында комиссия төрағасы Жасұлан Кәрелұлы күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша тиісті сала мамандарына тапсырма міндеттеп, кәмелеттік жасқа толмаған балалармен атқарылатын жұмысты босаңсытпай, үнемі бақылауда ұстау керектігін айтты.

 

Бекжан Қойшекенов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале