Қыс мезгілі тек адамдар үшін емес, табиғаттағы тіршілік иелері үшін де үлкен сынақ екені белгілі. Әсіресе, қар қалың жауып, аяз күшейген шақта азық табуы қиындаған құстар адам көмегіне мұқтаж болады.

–Ауданымыздың мектептерінде жүзеге асып жатқан экологиялық бағыттағы жұмыстар «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясындағы «Қамқор» жобасы негізінде жүйелі түрде қолға алынған. Соның ішінде «Табиғатқа қамқорлық жасаймыз» акциясы аудандағы барлық 46 мектепте бірдей өткізілуде, - дейді аудандық білім бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскері Гүлім Жұмағалиева.

Таяуда Достық мектебінде дәстүрлі «Қыста құстарды қоректендіріңдер» атты акция ұйымдастырылды.
Жас ұрпақты табиғатты аялауға, жан-жануарға жанашырлықпен қарауға тәрбиелеуді мақсат тұтқан акция аяциямен 1–6-сыныптардыңоқушылары қамтылып, түрлі танымдық әрі тәрбиелік іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда, «Қыста құстарды қоректендір – табиғатты аяла», «Қанатты достар – табиғаттың сәні», «Құстар әлемі» тақырыптарында сыныптан тыс шаралар, ойын элементтерімен байытылған кештер ұйымдастырылып, «Мен құстарды қорғаймын» тақырыбында сурет салу, жем салғыш макеттерін жасау сынды шығармашылық тапсырмалар берілді.
- Жалпы алғанда акцияға 560 оқушы белсене қатысты. Іс-шара барысында оқушылар құстарға арналған жем салғыштар жасап, оларды мектеп ауласына және өз үйлерінің маңына іліп қойды. Сонымен қатар құстарды күнделікті жеммен қамтамасыз етіп, оларды қорғаудың маңызын іс жүзінде көрсетті. Бастауыш және орта буын оқушылары ерекше белсенділік танытып, табиғатқа деген жанашыр көзқарастарын дәлелдей білді. Қорыта айтқанда, «Қыста құстарды қоректендіріңдер» акциясы оқушылардың табиғат пен құстарға деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, оларды еңбекқорлыққа, жауапкершілікке және ізгілікке тәрбиелейтін маңызды шараға айналды, - дейді Достық ЖОББМ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Индира Момынова.
Ал Өркен мектебінде ұйымдастырылған осындай акцияға бастауыш сыныптың 17 оқушысы белсене қатысты. Іс-шара барысында оқушылар табиғатты қорғау мен құстарға қамқорлық жасаудың маңызын түсініп қана қоймай, оны нақты әрекет арқылы көрсетті. Атап айтқанда, ауыл маңындағы саябақ аумағына барып, өз қолдарымен дайындаған 12 құс ұясына жем салып, оларды ағаш бұтақтарына іліп қойды.
- Аталған акция балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау дағдыларын қалыптастыруға ықпал етті. Осындай игі бастамалар арқылы оқушылардың бойында мейірімділік, жанашырлық қасиеттері дамып, экологиялық мәдениеті тереңдей түседі, – дейді Өркен мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Светлана Аяпбергенова.
Осы орайда Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатының «Жас эколог» және «Ecolife» үйірме мүшелері іс- шараға алдын ала дайындалып, көркем еңбек және технология пәнінің мұғалімі М.Исмағұловтың көмегімен экологиялық таза материалдарды пайдалана отырып, ағаштан және пластик бөтелкелерден құстарға арналған қауіпсіз әрі қолайлы жем салғыштар жасады. Оларды мектеп ауласына, саябақтарға және қарағайлы орман жолақтарына ілді. Жемсалғыштар тұрақты түрде жеммен толықтырылып отырылады. Сонымен қатар оқушылар құстардың түрлері, олардың табиғаттағы маңызы туралы мәліметтер жинап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл әрекеттер оқушылардың танымдық қызығушылығын арттырып қана қоймай, табиғатпен үйлесімді өмір сүру дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. Аталған экологиялық акция оқушыларды еңбекқорлыққа, ұйымшылдыққа және ортақ іске жауапкершілікпен қарауға тәрбиеледі. Аталмыш үйірме мүшелері алдағы уақытта да осындай игі бастамаларды жалғастырып, қоршаған ортаны қорғауға белсенді атсалысуды мақсат етіп отыр.
Сайда Жайық,
Бәйтерек ауданы