21.11.2022, 15:47
Оқылды: 58

Қамқоршылықпен айналысушыларға арналған семинар

Шыңғырлау ауданында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Шыңғырлау әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен «Әр бала бақытты болуға лайықты» тақырыбында қорғаншылық, қамқоршылық тәрбиесімен айналысушы ата-аналарға арналған семинар-кеңес өткізілді.

18

Аудан әкімінің орынбасары А.Бисембаевтың төрағалық етуімен аудан прокуроры С.Орынғалиев және мектеп психологтары, әлеуметтік педагогтер қатысып, жиналғандар алдында «Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының ағымдағы жылы атқарылған жұмыстары туралы» аудан әкімі аппаратының бас инспекторы, комиссия хатшысы Райымбек Таужанов, «Білім беру ұйымдарында қамқоршылық жұмыстарының барысы туралы» аудандық білім бөлімінің бас маманы Әсел Ишекенова, «Қамқоршылық, қорғаншылық тәрбиедегі балалардың тәртібі мен ортаға бейімделуі туралы» аудандық полиция бөлімінің, кәмелетке толмағандармен жұмыс жөніндегі инспекторы Мейрамгүл Усманғалиева баяндама жасап, ата-аналардың көптеген сұрақтарына жауап берді.

Сондай-ақ, Сегізсай негізгі мектебінің психологы, көп жылдар бойы патронат ісімен айналысып жүрген  ата-ананың бірі Айгүл Кенжебаева және көп балалы ата-ана Елена Имбицкая да бұл жауапкершілігі салмақты жұмыстар туралы айтып, жылдар бойғы еңбектерінің жемісі-бұл балалардың білім алып, өз орындарын тауып, еңбекке араласып, тіпті өз алдарына үй болып кетуі біздің мұратымыз, түпкі мақсатымыз деді.

Иә, тек қана өзінің емес өзгенің баласын да бауырына басып, өмірге бейімдеп, бар жақсылығын үйіп-төгіп, тәрбиемен білімді бойларына сіңіруге үлестерін қосып жүрген үлкен жүректі жандар қашан да құрметке лайық. Қоғамда осындай адамдар үлгі болып, мейірімділіктің шуағын таратқандай әсер берді. Ата-аналардың әрбіріне қошемет көрсетіліп, сондай-ақ кейбір мәселелерге байланысты сұрақтар ортаға салынды.

Шара соңында аудандық білім бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен ата-аналарға арналған тренинг өтті. Азамат Бисембаев семинарға қатысушыларды алғысхаттармен марапаттап, әр ата-анаға сыйлық ретінде «Шыңғырлау әйелдері» қоғамдық бірлестігі атынан тұрмыстық тауарлар алуға арналған сертификаттар табыс етті.

 

А.Мұса

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале