2.10.2022, 12:30
Оқылды: 144

Қамшы салдырмайтын жаңашыл ұстаз

Бәйтерек ауданы, Трекин ауылындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы орта мектепте креативті педагог көп. Солардың бірі - қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Аягүл Әбуғалиева. Жаңа оқу жылы басталғанда ол ата-аналармен жиналысты жаңа форматта өткізді. Ал таяуда өзі жетекшілік ететін 9 «А» сыныбы оқушыларының әке-шешелерімен бірігіп, ер балалардың қой сойып, қыздардың ішек-қарын ашып, ас салып, табақ тартуға үйрету бағытында іс-шара ұйымдастырды.

IMG-20221002-WA0010
Шайханадағы жиналыс

Аягүл Құдайбергенқызы қазіргі 9-сыныпқа жетекшілік етуді төрт жыл бұрын бастапты. Көп кешікпей декреттік демалысқа кетеді. Жұмысқа шыққан кезде пандемияға байланысты сабақ онлайн оқытылады. Сөйтіп, сыныбынан үш жылдай қол үзіп қалды. Оқушылары 8-сыныпқа көшкенде бала санының көбеюіне байланысты үшке бөлінген екен. Осылайша сынып құрамы өзгерген. Бұл оқушыларға айтарлықтай әсер етсе керек.

IMG-20221002-WA0011
- Былтыр карантиндік шектеулер бәсеңдеп, мектепке келіп, сыныбыммен кездескен кезде оқушыларымның өзара қарым-қатынастары әлсіреп кеткені бірден байқалып тұрды. Осы қарым-қатынасты нығайту бағытында ата-аналармен, сынып оқушыларымен түрлі іс-шаралар ұйымдастыра бастадым. Бұл іс-шараларға негізінен аналардың қатысуы, whatsapp желісіндегі сыныптың чатында аналардың ғана тіркелуі, әкелердің белсенділігі төмендігі көңіліме кірбің ұялатты. Осынау олқылықты жою үшін оқушыларымнан әкелерінің телефон нөмірлерін алып, оларды whatsapp-тағы чатқа енгіздім.

«Құрметті әкелер! Бала тәрбиесіне тек ана емес, сіздер де жауаптысыздар, сол себепті осында қосып жатқан жайым бар» деп жаздым. Көп кешікпей чатқа «brunch» (кешіктілген таңғы ас) деген форматта бейресми кездесу ұйымдастыру туралы ұсыныс жасадым. Көпшіліктің қолдауын алғаннан соң қайда кездескен жөн деп ата-аналардан сұрадым. Ауылдағы шайханада басқосатын болдық. Сол бойда «садақа, той-топырға уақыт бөліп барамыз, соңына дейін боламыз ғой, бұл басқосуда да асықпай отырайық, балаларымызға уақыт бөле білейік» дегенімді ата-аналар қызу қолдады. Сондай-ақ шайханаға барғанда алынған тамақ үшін әрқайсысы өздері төлейтінін де жаздым. Күн тәрбіне ата-аналар комитетін сайлау, құқықбұзушылықты алдын алу, баланы зиянды әрекеттерден сақтандыру, болашақ мамандықтары туралы ой-пікір өрбіту және ең бастысы ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты нығайту сынды мәселелер енген ерекше жиналысымызға ата-аналар көп келді. Сөздің шыны керек, бұрын мектепте болатын жиналыстарға қатысатындар саны тек төрт-бесеуден аспайтын және келгендердің өздері кетуге асығатын. Бұл жолы сыныбымдағы 14 оқушының 11-інің ата-анасы болды. Қалғандары түрлі себептерге байланысты келе алмайтындарын айтып хабарласты. Үш әкенің келгенін көріп қуандым. Басқосуымыз үш сағатқа созылды әрі қызықты өтті, - дейді жаңашыл ұстаз.

InShot_20221002_122721806

Қырсыз бала қайдан шығады?

Шайханадағы жиналыс барысында сынып жетекшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «2022-2023 оқу жылында орта білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие прцестерін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы» әдістемелік-нұсқау хатына шолу жасап айтып шыққан. Аталмыш құжатта оқушылардың рухани-адамгершілік, азаматтық-патриоттық, дене тәрбиесі мен еңбек бағыттарындағы іс-қимылдарды ұйымдастыруда түрлі жобалар ұсынылған. Олардың арасында «Отбасы – орта мектеп» жобасы бар. Баланың сабақтан тыс уақытын тиімді пайдалануды көздеген жобаға сәйкес мұғалима ата-аналарға тың ұсыныс айтты. Ер балаларды қой союға, оның етін бөлшектеуге, қыздарды ішек-қарын ашуға, ас салуға, табақ тартуға үйрету туралы тың бастама жиналған әке-шешенің бәріне ұнады. Салт-дәстүрімізді ұлықтап, олардың жас ұрпаққа кеңінен таныстыруды мақсат тұтқан іс-шара бірауыздан қолдау тапты. «Былтыр өз үйіме сыныбымдағы 6 қызды жинап, олармен бірге түрлі тәттілер пісірдік,-дейді Аягүл Құдайбергенқызы.

- Сонда көп қыздың ас пісіруге икемі жоқтығы анық байқалды. Бір-екеуі мүлдем хабарсыз болып шықты. Яғни бүгінгі таңда ата-ана балаkfрын көп жұмсамайды, содан олар үй шаруашылығына қырсыз болып өседі. Есесіне сәндікке, ұялы телефонға жете мән береді. Есейгенде осылардың бәрі олардың өміріне кері әсерін тигізуі мүмкін ғой. Ата-аналарға қарата айтқан сөзім жүректеріне жеткен шығар, бұл іс-шарамыз таяу аралықта ұйымдастырылатын болды. Сол жерде жауапты ата-аналар белгіленді. Олар ұйымдастыру шараларының бәрін өздері жүргізді, мен араласқан жоқпын».
«Отбасы – орта мектеп» жобасы шеңберіндегі іс-шара белгіленген уақытта бір ата-ананың үйінде болды. Оған 6 әке, 7 ана келген. Әкелер ұлдарына қалай қойды сою, терісін сыпыру, етті бөлшектеу керектігін айтып, көрсетіп, балалардың өздеріне де жасатып, бір қойды 2 сағат сойыпты. Ішек-қарын тазалау барысында аналар ішектердің атауларына дейін айтып, көрсетіп берді. Ет асу, астың нанын илеу, табақ тартуды көрген қыздар да мұның бәрін өздері істеп үйренді.

InShot_20221002_122709302
- Бұл іс-шара барысында дастархан жайылды. Отбасы күніне байланысты және Халықаралық қарттар күніне орай ұйымдастырылған соң дастарханға оқушылардың ата-әжелері мен мектептегі аға буын ұстаздар шақырылды. Үлкендер жағы тағылымды әңгімелер айтты. Аталарымыз бата берді. Әке-шеше осы жерде балаларының дастарханда отыру мәдениетінің қандай деңгейде екеніне куә болды. Балалардың жөнді сөйлей алмайтыны, тартыншақтауы анық байқалды. Қолға су құюға келгенде де бір-біріне сілтеуінен-ақ қонақ күтуге жөнді тәрбиеленбегіні көрінді. Оқушыларымыз тілектерін айтқанда бір қызымыздың «Бізге уақыт арнағандарыңызға рахмет» деген бір ауыз сөзі көп адамның көңілін босатып жіберді...
Егер мұндай іс-шара өтпесе, сол күні де баланың көбі әдеттегідей үйде телефон қарап отырары белгілі. Ал бұл жолы олардың телефонға үңілетін уақыты болған жоқ. Мұны ата-аналар да анық байқады. Енді бұл бағытта жұмыстанады деп ойлаймыз. Жалпы осы іс-шаралардан кейін ата-аналарымен арадағы байланысымыз жандана түсті. Қазір чатта әкелер белсенді. Өз ұсыныс-пікірлерін айтып отырады. Балаларының сабағын, тәртібін сұрайды. Оқушылардың өзара ынтымақтастығы артты. Осылайша алға қойған мақсатымызға бірігіп іс қылуды арқасында жетіп жатырмыз, - дейді Аягүл Құдайбергенқызы.
Қадыр Мырза Әлі атындағы ЖОББМ-ның директоры Нұрсәуле Талипованың сөзіне қарағанда, биыл ҚР Оқу-ағарту министрі ата-аналар жиналысын көпшілікті жалықтырмайтын жаңаша бағытта өткізу туралы ұсыныс жасаған. «Соған сәйкес әріптесіміз Аягүл Құдайбергенқызы ата-аналармен келісе отырып ерекше форматта жиналыс өткізе білді, - дейді Нұрсәуле Жандарбекқызы.

- Оқушыларды қой союға, ас салуға үйретуді мақсат тұтқан іс-шарасы да үлгі боларлық. Трекин ауылында жайлымдық жерлердің болмауы себепті тұрғындарыдың көбі мал ұстамайды. Мәселен, сол 9-сыныпта 14 ер бала болса, солардың 4-5-уінің үйінде қой болуы мүмкін, қалғандарында жоқ. Бұл өзге сыныптағы оқушылардың да тән нәрсе. Сол себепті салт-дәстүрді үйретуге бағытталған мұндай іс-шаралар балаға да, ата-анаға да керек деп ойлаймын.
Негізі мұғалімді қамшылау керек. Әйтпесе отырып қалады. Кейбірі қамшы салдырмай жұмыс істейді. Қамшы салдырмайтын әріптесіміздің бірі - Аягүл Әбуғалиева. Әрдайым ізденіп жүретін ол көп іс-шараны креативті түрде өткізеді. Онымен біз мақтанамыз».

Сәкен Мұратұлы,

Бәйтерек ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале