Кеңес дәуірінде өмір сүргендердің лексиконында «террор», «терроизм», «бунт», «көтеріліс» деген сөздер мүлдем айтылмаған. Айналасында ондай нәрселер болады деп тіптен үш ұйықтаса да түстеріне кірмеген. Әйтсе де соңғы уақытта әлем жаңалықтарына орай бірен-саран айтылып тұратын болды. Өкінішті, әрине. Ал жақында ғана көрші Ресей жеріндегі көптеген адам шығынына соқтырған оқыс оқиға қазақстандықтарды дүр сілкіндіріп, терроризмнің қаншалықты ауыр қылмыс екендігін және оған қоса қандай елде де оның қауіптілігі бар екендігіне көздерін әбден жеткізгендей болғаны шындық.
Естеріңізге сала кетейік, 22-ші наурыз күні Мәскеу қаласы маңына орналасқан, үлкен кино залдары, демалыс нысандары, тамақтану және сауда-саттық орындары бар «Крокус Сити Холл» орталығында болған оқиға. 100-ден аса адамға ажал құштырған, аяқ астынан және түсініксіз жағдайда орын алған жәйт елді дүрліктіріп, жан түршіктіргені рас. Сонымен қатар, дүйім жұртты бір ойлантып тастаған нәрсе - бұл адамдардың сонша уақыт өткенше, оқиға орнындағылардың, өмірде бұлай боларына еш сенбестікпен қарағаны, соншалықты бейқамдығы еді. Көпшілік жиналатын нысандардағы қауіпсіздік шараларының уақтылы іске қосылмай қалуы әлеуметтік желінің бетін шұбарлап, әлі де талқылануда.
Айтпағымыз сол осы тектес оқиға қайталанбас үшін, қырағылық керек екендігі әрі күтпеген уақытта, күтпеген жерлерде орын алуы мүмкін екендігін ұмытпау жөн.
Ресейде жасалған терракт барлық елдің, соның ішінде біздің елдің де қауіпсіздікке жауапты құзырлы орган қызметкерлерін бір сілкінтіп алғандай. Айта кету жөн, «Крокус Сити Холлдағы» қанды қырғын кезіндегі бейбіт тұрғындардың ажал құшқаны, оқиғаның себеп-салдары, оған қатысушылар туралы әлі де сараланып, зерделеніп нақты деректер жинақталу кезеңі өтуде. Әйтсе де алыс-жақын елдегілер осы оқиғадан соң «тентектерін тезге салып», қауіпті деген аймақтарға көз жүгіртіп, шекараларын тағы бір шегендеп алуда.
- Шыңғырлау ауданы Ресеймен шекаралас аймақ болғандықтан, шекарашы ретінде бізде жауапкершілік салмағы еселеп артады. Оның үстіне материалдық-техникалық базамыздың толыққанды еместігі кейде қол байласа, ал кадрлық жетісіпеушілік әлі де сақталуда. Десек те, жұмысымызды өз дәрежесінде атқарып, ауданның барлық 8 округінде де халықпен кездесулер, түсіндіру жұмыстарын өткізіп келеміз. Қазіргі таңдағы мақсатымыз өзімізге берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындап, елдің тыныштығын күзету. Аудан тұрғындары және 25 елді мекенде сауалнамалар өткізіліп, үнемі ахуалды саралап отырамыз, - дейді Шыңғырлау шекара бөлімшесінің бастығы Айдос Талғатұлы.
Жақында облыстық ұлттық қауіпсіздік органдарымен, ел қауіпсіздігін бақылау аясында эксперименттік шара ұйымдастырылған. Өкінішке орай, сол кезде ауыл-аймақтың адамдарының бейқамдығы анық байқалған. Қауіпсіздік мамандарының айтуынша, кейбір тұрғындарымыздың шекара аймағында тұрса-дағы, бұл мәселеге жүрдім-бардым қарауы, қауіпсіздік шараларына немқұрайлылық танытуы назар аудартады. Мүмкін бұған біздің жердің қазақи менталитетіміз, қонақжайлылығымыз да себеп болған болар, бәлкім. Нақтырақ айтсақ, шекара аймағында орналасқан аудан болғандықтан, қауіпсіздік шараларының қандай дәрежеде екендігін бағамдау мақсатында арнайы облыстан «шекара бұзушы» қылып бір маманды іс-сапарға жіберген. Маманның түр-тұрпатын өзгертіп, аудан орталығы аумағына әкелген. Ауданның темір жол бекетінен бастап, сауда орындарында, мекеме-ұжым маңында болып, біршама адамдармен тілдескен. Шекаралық белдеу туралы сұрап-біліп, қызығушылық танытқан. Қызығы сол, сөз арасында тілдескен тұрғындардың барлығы да ешбір қиындықсыз, барлық сұрақтарына жауап беріп, шынайы әңгімелесіп, «өзге жақтың адамын» танымаса да, шекара аймағына дейін жолай жол көрсетіп отырған.
Тіпті, белгісіз азаматтың өздерін тоқтатып, шекара сызығына қарай жол сұрағаны туралы ешбіреуі хабарламаған, хабарлауды ойламаған. «Бұл шекаралық аймақ қой, сонда шекара сызығы қай маңда?» немесе «Шекараға қарай қалай өтсем болады?» секілді сұрақтарға еш мүдірместен, еш қауіптенбей-ақ жауап беріп отырған. Тіпті, такси жүргізушілер Елек өзеніне дейін апарып, жолды нұсқап көрсетпек болған. Бұдан шығатын нәтиже: Қандай да бір күдік тудыратын тұлғаның емін-еркін ауылды аралап жүруі дұрыс емес. Мұндайда еш қиындықсыз келіп шекараның әлсіз тұсынан кесіп өтуге немесе оқыс оқиға орын алатын қауіпті жағдай тудыра алуы мүмкіндік пайызы өсе түсетінін білуге тиіспіз. Тіпті оның «шекара бұзушы» немесе «террроист» болса да еш қиындықсыз шекараға жақындауына тұрғындар тарапынан бөгет қойылмағандығы өте қорқынышты. Неткен аңғалдық, неге соншалықты бейғамдық!
Айсұлу Муса,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz