1.10.2020, 14:29
Оқылды: 37

Қамыққанға көмек береміз

Ер-азаматты шаңырақ иесі, әйел-ананы отбасының алтын қазығы деп бағалаған халқымызда бұрын «әйел теңдігі» ұғымы болған. Бүгінде ол «гендерлік теңдік» деген үлкен саясатқа ұласты. Мемлекет басшысының қолдауымен гендерлік теңдік аясында «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заң қабылданды. Бұл заң тек әйелдерге ғана емес, отбасының басқа да мүшелерінің тең құқығын сақтап, тұрмыстағы қысымды болдырмауға ықпал етеді.

 1 сот

Солай десек те, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі толық шешімін таппаған. Қазір елімізде өзекті мәселенің бірі – отбасылық зорлық-зомбылық болып отыр. Сарапшылардың айтуынша, еліміздегі әрбір үшінші әйел психологиялық зорлық-зомбылыққа, әрбір жетіншісі – тәндік, әрбір тоғызыншысы – экономикалық және әрбір оныншысы сексуалдық зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен.

Күйеуінен зәбір көрген әйелдер көбіне жұрттан ұялып, ол жағдайды жасырып қалады. Шағым түсіруге күйеуім қысымды күшейтеді деп қорқады да, көп жағдайлары отбасының айналасынан аспайды.

Қазіргідей дамыған заманда әйел теңдігін, табиғатынан қамқорлықты қажет ететін нәзік жандылардың құқығын қорғау қай қоғамда болмасын маңызды. Соған қарамастан, әйелдер қауымының 40-60 пайызы отбасында, сонымен қатар, кездейсоқ жағдайда озбырлыққа ұшырайды екен. Әйелдерге қарсы жасалатын қылмысқа басты себеп: бірігіп спирттік ішімдік ішу мен маскүнемдік әсерінен өзара ұрыс-керіс, жанжалдың шығуы, тұрмыс қиыншылықтарын дұрыс түсініп, бірігіп шешім табу жолын білмеу, ер мен әйел арасындағы бірін-бірі жек көрушілік сезімінің басым болуы, зәбір көрушінің сезіктіге заттай тәуелді болуы, әйелдердің өз құқығын дұрыс білмеуі басты себеп. Өзі біраз уақыт жаны ауырып, күйзелісте жүрген, отбасындағы күйеуі немесе басқа да жақыны тарапынан қысым көрген әйел қылмыс жасауы мүмкін. Содан болар, соңғы жылдары әйелдер қолымен жасалатын қылмыс түрлері де артып отыр. Оның ішінде адам өлтіру немесе тапсырыс беру, есірткі затын тасымалдау сияқты аса ауыр қылмыстарға барған нәзік жандылар да бар. Әрине, бұндай қылмысқа қазақи тәрбие алған, ауылдық жерде тұратындар бара бермейді, бірақ, ондайдың алдын алып отырған дұрыс.

Қылмыс жасаған  нәзік жандылардың ұл-қыздары балалар үйіне жіберіледі, отбасы ойран болады. Баланың болашағына балта шабылады. Жоғарғы оқуға түсерде немесе мемлекеттік қызметке орналасарда туыстарының сотталғаны туралы мәліметтер кесірін тигізеді.

Бүгінгі таңда, қоғамда психологиялық ахуал тұрақсыз болғандықтан, үнемі күйзелістің үстінде жүретін әйелдер көп. Ал, олардың көбі, әсіресе ауылдағы қыз-келіншек  ақылы психолог кеңес алуға мүмкіндігі бола бермейді. Осы орайда айтарым, егер құқықтық психологиялық көмекті қажет етсеңіздер, қамығып, іштей тынбай, құқық қорғау мекемелерінің көмегіне жүгінген жөн.

Қай халық болмасын, әйел затына ықласпен қараған. Ер азаматтың тірегі, қамқоршысы болған әйелдер қамыққанда сүйеу, тарыққанда тіреу, қам көңілге жұбаныш бола білген. Сондықтан,  отбасының ұйтқысы, берекесі, қамқоршысы  әйел затын аялайық.

 

            Ибрагим Ниязғалиев, 

Теректі ауданының №2 аудандық сотының төрағасы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале