9.04.2025, 18:00
Оқылды: 399

Қамыс – Самарын сағынған Садық батыр

Уа , дариға, алтын бесік туған жер,

Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр

Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,

Ақын болмай, тасың болсам мен егер,- деп  жырлаған Қасым Аманжоловтың туған жерге деген жүрек сөзі талайдың көкейіндегі ойын, көкірегіндегі сағынышын жеткізгендей. Сондай жандардың бірі – Жаңақала топырағында туып, Тасқала жерінде дүниеден өткен, ауданымыздан шыққан Кеңес Одағының батыры - Садық  Шәкелұлы Жақсығұлов болатын.

WhatsApp Image 2025-04-09 at 18.11.51

Батырдың еңбек пен ерлікке толы ғұмыр жолына үңілсек, Садық Шәкелұлы Жақсығұлов 1924 жылы Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы №20 ауылдық кеңшарында шаруа отбасында дүниеге келген екен. Отбасы жағдайымен Тасқала ауданына 7 жасында қоныс аударып, осы өлкеде балғын балалық шағын өткереді. 1940-1941 жылдары Тасқала  ауданындағы «№500 қой» кеңшары  жанындағы толық емес орта мектепті аяқтағаннан кейін 1941 жылдың маусымынан 1942 жылдың қыркүйегіне дейін сол ауылда ірімшік қайнататын шебер болып жұмыс жасап жүріп, әскери борышын өтеу үшін 1942 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылады. Ерен тұлға, даңқты батыр ел басына күн туғанда, жасы он сегізге толмай қару асынып, жан алысып, жан беріскен жойқын ұрыстарға қатысыпты.  Сол кездегі өрімдей жас Садық батырдың алмас қылыштай өткір, бойында күш-жігері тасыған жалындап тұрған албырт шағы еді. Майдандағы ұрыстарда жау басқыншылығына ерлікпен тойтарыс береді. Садық Жақсығұлов ұрыс даласында  өзінің минометтік расчетімен бірінші болып

нен жүзіп өтіп, басып алынған плацдармды ұстап тұрды. Немістердің 8 қарсы шабуылын тойтарды. Минометтік расчет істен шықса да, Садық Жақсығұлов жау әскеріне бірінен соң бірін мина лақтыра отырып, танкіден атылған оқтан минометі бұзылғанша өз орнынан кетпеді. Жаудың танкісін, 2 ірі калибрлы пулеметін және 30-ға жуық әскерінің көзін жойып, жеке ерлігі мен қаһармандығын көрсетті.

Садық Шәкелұлы Жақсығұлов «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды. Курск түбіндегі шайқасқа қатысып, Днепр өзенінің оң жағалауында жауынгерлік тапсырмаларды сәтті орындағаны үшін «Ленин» ордені және «Алтын Жұлдыз» медалімен қоса, «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді. Елге жеңіспен оралғаннан кейін соғыстың ауыртпалығы жойылмаған ауыр күндерде еңбекпен қайта қауышып, еліне адал қызмет етеді.1946 жылдың маусымынан 1948 жылдың ақпанына дейін Тасқала ауданындағы І Шежін ауылдық кеңесінің төрағасы, 1948 жылдың ақпанынан 1952 жылдың қазанына дейін Тасқала аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде меңгеруші, 1952 жылдың қазанынан 1957 жылдың қыркүйегіне дейін Қазақстан Компартиясы Тасқала аудандық партия комитетінде нұсқаушы қызметтерін атқарған.

1957 жылдың қарашасынан 1960 жылдың тамызына дейін Шымкент қаласындағы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы кеңестік-партия мектебінде оқыған.1960-1963 жылдары Қазақстан Компартиясы Тасқала  аудандық партия комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1963-1965 жылдары Зеленов аудандық партия комитетінде ұйымдастырушы-инспектор, 1965-1967 жылдары Тасқала ауданындағы Ленин атындағы совхозда партком хатшысы,1967-1973 жылдары аудандық еңбекші депутаттар Кеңесінің атқарушы комитеті төрағасының орынбасары, 1973-1991 жылдары ауылдық кеңестің төрағасы қызметтерін атқарған. Бүгінде өзі де әже болып отырған Садық Шәкелұлының 73 жастағы қызы Тамара Садыққызы әкесі туралы өз естелігінде былай дейді: «Әкем  елдің адамы болды. Жағдайы төмен жандарға қамқорлық жасап, үлкендік жолымен үнемі көмектесетін. Балаларына көп көңіл бөліп, бірге ойнауға, сөйлесуге уақыт табатын еді. Біреуге жасаған жақсылығын еш уақытта сыртқа шығармайтын. Балалардан көргенімізді жасап, «біреу көйлек алып, біреу сағат алыпты десек, байыппен ғана «барларыңды киіңдер», «елден ұят болады» деп жауап беретін еді. «Елден ұят болады» деген сөзді әкем өте жиі айтатын. Өзі туған жерінен 7 жасында кеткен. Бірақ менің туған жерім – Жаңақала ауданы деп үнемі айтып жүретін. Жаңақала жерінің азаматтарымен, Сапаров Сатқали ағаның ұрпақтарымен араласып, елмен байланысын үзген жоқ. Әкемнің көкірегіндегі туған жерге деген үлкен сағыныш пен махаббатты көріп өстім. Өзінің саналы ғұмыры Тасқала жерінде өтсе де, ол өзін Жаңақаланың перзентімін деп өтті», - дейді. Садық Шәкелұлы Жақсығұлов пен оның жұбайы Вера  Сергеевна құрметті демалысқа шықса да,еңбектен қол үзбеген. Садық Шәкелұлы аудандық  соғыс және еңбек ардагерлері кеңесіне басшылық етіп, 2009 жылы дүниеден озған  екен. Кеңес Одағының Жаңақаладан шыққан батырына көзінің тірісінде Тасқала ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілген.

WhatsApp Image 2025-04-09 at 18.11.11

Батырдың отбасында 3 ұл, 2 қыз дүниеге келген. 2 ұлы ковид індеті кезінде дүниеден өткен екен. Бүгінде 5 баласынан тараған 15 немере – жиені,9 шөбересі,3 неменесі дүниеге келіп, алып бәйтеректің тамыры кеңге жайылып жатыр. Қызы Тамара Садыққызынан туған жиені Максим Иқсанов Алматы қаласында әскери қызметте. Нағашы атасының тәрбиесін көрген Максим атасы туралы деректерді «Жеңіс үшін атама рақмет!» деген тақырыппен ютуб желісіне жүктеп, ақпараттар жариялап отырады. 2024 жылы батырдың 100 жылдық мерейтойы Тасқала ауданында кең көлемде аталып өтілген. Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан аймағының бірнеше елді мекендерінде Садық Жақсығұлов атындағы көше бар. 2024 жылы Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының бастамасымен қолға алынған «Бір көше – бір тарих» кітапханалық жобасы аясында Кеңес Одағының Батыры, Тасқала ауданының құрметті азаматы Садық Шәкелұлы Жақсығұловтың есімі берілген көшеде  «Тасқала тарланына тағзым» атты тарихи-танымдық шара ұйымдастырылды. Тасқала ауданының орталығындағы жалпы білім беретін орта мектеп Садық Жақсығұлов атында. Сонымен қатар осы мектептегі оқушылардың  «Жас Ұлан» қоғамдық ұйымы «Жас Жақсығұловшылар» деп аталады. Батыстың ақ шағаласы атанған Ақұштап Бақтыгерееваның «Батырмен жүздесу» өлеңіне ән жазылып,осы ән мектеп гимніне айналған. Бұл – батырға көрсетілген ерекше құрметтердің бір парасы ғана. Ер есімі ел есінде мәңгі сақталады. Сұрапыл соғыс даласында ерлігімен елге үлгі болған  хас батырдың есімі жыл өткен сайын асқақтап, тарих беттерінің маңызды деректері болып қалары сөзсіз. Артында жоқтар елі, қауым елге айналған мәуелі бәйтеректей ұрпақтары барда батыр аты ешқашан өшпек емес.

Рая Жұмағалиева,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале