11.12.2019, 15:56
Оқылды: 62

Қан майданда от кешкен

Тарихта екінші дүниежүзілік соғыстың екінші бөлімі ретінде парақталып қалған Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына алдағы жылы 75 жыл толады. Соғыс салған жара мен сызаттың салқын лебі әлі күнге дейін есуде. Себебі қан майданның салдарынан мыңдаған ана жарын жоғалтса, миллиондаған бала әкесіз өсті. Сан ондаған шаңырақтың іргесі шайқалып, берекесі кетті. Сол бір отты жылдардың жеңіспен аяқталып, елде соғыс отынан ада бейбіт заман туғанына да ғасырға жақын уақыт өтті. 75 жыл аз уақыт емес.

qaztalov

Дейтұрғанмен әлі күнге дейін әкесінің (не атасының) бір хабарын білмей жүрген ұрпақ қаншама. Майдан даласында қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен, тұтқынға түскен жауынгерлердің бірқатарының хабары интернет желісінің көмегімен анықталуда. Бірақ хабары белгісіз боздақтар әлі күнге дейін жетіп артылады. Ел басына күн туған қаралы күндерді артқа қалдырып, елге оралған майдангерлердің бірі – Сағынғали Есмұханов. Атамыздың жауынгерлік жолы туралы естелік мақаланы желтоқсан айында толатын 95 жас мерейтойына орай баспасөз бетіне әзірледім.

Жақында Жалпақтал архивіне Ғ.Молдашев орта мектебінің технология пәні мұғалімі Табиғат Құрманғазиев ағамыз келіп, қайын атасы Сағынғалидың өмірі мен қызметінен айғақ болар бірқатар құжаттарды көрсетті. Құжаттарды Табиғат Сатқалиұлына Жалпақтал филиалының сақтау қорына тапсыруды ұсындым. Ұсынысты құп көрген Табиғат ағамыз 1998 жылы марқұм болған қарияның құжаттарын тапсырды. Сағынғали ата 1924 жылы 20 желтоқсан күні Орал облысы, Фурманов ауданы, Қарақоға ауылдық кеңесіне қарасты «Сталин» ұжымшарында өмірге келген. 1941 жылы аудан орталығындағы Фурманов орта мектебінің 8 сыныбын аяқтап, еңбекке ерте араласқан. Елде сұрапыл соғыс басталып, кәмелеттік жасқа толған ер азаматтар иықтарына қару асынып, қан майданға аттанып жатты. Сағынғали атамыздың жасы 18-ге толыңқырамай 1942 жылы Фурманов аудандық әскери комиссариатының шақыруымен әскер қатарына алынды. 1947 жылға дейін әскер қатарында болған Сағынғали Есмұханов әуел баста Башкирия АКСР-нің Алкина селосындағы запастағы 16-шы  атқыштар  полкінде оқу-жаттығудан өткен. Кейін 1943 жылдың мамыр айынан бастап, 31 қазанға дейін 121-ші Гвардиялық атқыштар дивизиясының 383-ші атқыштар полкінің сапында минометчик, бөлімше командирі болып, жау тылына қарсы ұрыстарға қатысты. Курск, Смоленск облыстарының Путивль, Конотоп қалалары үшін болған ұрыстарда өзінің жауынгерлік шеберлігімен әскери бөлім басшыларының көзіне түскен. Сағынғали атамыз әскери борышын өтеген атқыштар полкі бірнеше қала мен облысты жау тылынан қорғап, Днепр өзеніне дейін жақындады. Сағынғали Есмұханов 1943 жылдың 31 қазан күні ұрыс даласында қатты жараланып, Чкалов облысы, Бузулук қаласындағы госпитальде емделген. Тәуір болған соң 1947 жылы әскерден біржола босап, елге келгенге дейін 365-ші  атқыштар полкінде «нұсқаушы сапер» болып әскери қызмет атқарып, қатардағы жауынгерден аға сержант дәрежесіне дейін көтерілген. Аман-есен елге оралған соң, 1947-1972 жылдар аралығында Фурманов ауданындағы «Сталин», «Коммунизм» ұжымшарлары мен «Ақкөл» қой кеңшарында бригадир, ірі қара табыншысы, ферма меңгерушісі, бөлімше бухгалтері болып ширек ғасырдан астам уақыт ауыл шаруашылығы өндірісінде табысты еңбек еткен. Өндірісте жұмыс жасай жүріп, 1951-1954 жылдары Орал қаласындағы ұжымшар-кеңшар басшыларын даярлайтын орта мектепте оқып, «Агроном» мамандығы бойынша арнаулы орта білім алды. Кейін 1972-1985 жылдары Фурманов аудандық «Қазселхозтехника» бірлестігінің №3 қоймасының меңгерушісі болып, зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін қоғамға қалтқысыз еңбек етті. Сағынғали Есмұханов майдан даласында көрсеткен жауынгерлік ерлігі үшін 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығы мерекесінің  қарсаңында II-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен наградталып, Ұлы Отан соғысы жеңісінің 20,30,40,50 жылдығы, КСРО қарулы күштерінің 60,70 жылдығы медальдарымен, 1997 жылы Кеңестер Одағының маршалы Г.Жуковтың медалімен марапатталған. Соғыстың қиындыққа толы сорлы күндерін бастан өткерген Сағынғали ата 1998 жылы дүниеден өтті. Соғыстан кейінгі жылдары өмірлік жары Марфуға  екеуі отау тігіп, 4 ұл, 5 қызды тәрбиелеп өсірді.

Ұлы Отан соғысының ардагері марқұм Сағынғали Есмұхановтың құжаттарын қабылдап, жеке тектік қор жасақтау үшін үйлестіру жұмыстарын жүргізу кезінде қарияның өмірінен, қызметінен айғақ болар құжаттары мен марапаттарының мүлдем жоғалмағандығына көз жеткіздік. Марқұм болған арадагердің құжаттары 7 сақтау, 75 есеп бірлігіне біріктіріліп, №391  қорға    жеке тектік қорын жасақтау үшін тізімдемесін облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасының сараптау-тексеру комиссиясына жолданды. Комиссия оң нәтиже берген жағдайда құжаттар арнайы папкаға тігіліп, біздің филиалда сақтауға қалдырылатын болады.

 

Миржан Қарабалин

Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архиві

Жалпақтал филиалының директоры

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале