26.06.2024, 16:48
Оқылды: 230

Қанат Бозымбаев Қаратөбе ауданындағы құрылыс жұмысымен танысты

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен Қаратөбеде болып, тасқыннан зардап шеккендерге салынып жатқан тұрғын үй құрылысымен танысты.

Кездесуде аудан әкімі құрылыс жұмысының жай-күйі туралы баяндады.

– Қоржын ауылын су басқан кезде 27 наурыз күні Аққозы тұрғындары алдымен Аққозы ЖОББ мектебіне (450 адам) эвакуацияланды. 28-29 наурыз күндері Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Ақтөбе әскери әуе күштері бөлімінің 2 (екі) тікұшағының көмегімен 288 тұрғын Қоржын ауылынан аудан орталығындағы Қ.Жұмалиев атындағы мектеп-гимназиядағы эвакопунктке әкелінді. 25 сәуір күні тұрғындардың өтініші бойынша эвакуациялық пункттегілер Қоржын ауылында орналасқан мектеп ғимаратына көшірілді.

Су тасқынынан келтірілген залалды есептеуге құрылған аудандық комиссия 5-6 сәуір күндері Қоржын ауылында болып, шығынды есептеу жұмысын жүргізді. Комиссия қорытындысымен техникалық зерттеу және бағалау жұмыстарына 99 тұрғын үй, алты нысан жатқызылды.

Бүгінгі күні техникалық зерттеулер аяқталып, бағалау жұмысы жүргізілді. Зерттеу қорытындысы бойынша 90 тұрғын үйді жаңадан салуға және жеті тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмысын жүргізу қорытындысы берілді.

куур

Құрылыс жұмысын жүргізуші компаниялар «Тәуекел» ЖШС - 24 үй, «Kazakhstan GIGA Trade» ЖШ С - 24 үй, «Батыс Құрылыс Қызмет» ЖШС - 12 үй, «АЙАС Строй Сервис» ЖШС - 12 үй, «Жайық Құрылыс Факт» ЖШС - 9 үй, «Орал Спецстрой» ЖШС - 9 үй. Барлығы 90 тұрғын үй салынбақ.

Бүгінгі күні тұрғын үй құрылыстарында 16 техника, 189 жұмысшы жұмыс жасауда. Қазір өзбек ұлтының 53 азаматы жұмыс жасауда, олардың құжаттарын рәсімдеу кезінде ешқандай мәселе туындаған жоқ.

Бүгінгі күнге қажетті құрылыс материалдары жеткілікті, 56 үйдің қабырғасы қалануда, - деді аудан басшысы.

Сапар барысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев тұрғын үй құрылысымен танысып, жауапты мердігерлермен кездесті.

Құрылыс жұмысымен танысқан Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс қарқынын арттырып, жұмысшылар санын екі есе көбейтудi, салынып жатқан нысандардың сапасын назарда ұстауды қатаң тапсырды.

им

– Еліміздің біраз өңірінде тұрғын үйлер салынып жатыр. Кейбір өңірлер тұрғын үйлерді аяқтап, тұрғындарға беріп жатыр. Сондықтан құрылыс қарқынын жылдамдату керек. Он күннен кейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі қайта келіп, қадағалап, құрылыс жұмысын бақылауға алады. Еліміздегі болған апатқа байланысты қыруар қаржы бөліп жатырмыз. Сондықтан тек жұмыс істеп, тез арада үйлерді бітіруміз керек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың барлығының баспанасын қалпына келтіру мәселесін ерекше бақылауда ұстап отыр. Сондықтан біздің басты міндетіміз – зардап шеккендердің барлығын суық түскенге дейін үйлеріне көшіру, - деді.

Жұмыс сапары барысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Алдабергенұлы, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев және облыс әкімі Нариман Төреғалиев құрылыс жұмысы жүргізіліп жатқан тұрғын үйлерді аралады.                                                   

Райымбек Абай

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале