18.04.2024, 14:34
Оқылды: 56

Қанатқалидай әншіні өмірге әкелген қайсар ана

Ер-азамат – елдің тірегі, әйел ана – шаңырақтың құты мен берекесі. Алтын асықтай ұл мен қызды дүниеге әкеліп, ұрпақ өсірген, ошағының отына ие болып, түздегі азаматына сүйеу болған аналарымыз қаншама. Сондай алтын құрсақты аналарымыздың бірі – күні кеше ғана 90 жасқа толған еңбек ардагері Тутия Қожақова. Ол Амангелді ауылына қарасты Беленький елді мекенінде 1934 жылдың сәуірінде дүниеге келген. Бес қыздың үлкені. Әкесі ауылда есепші болып қызмет еткен, анасы үй шаруасында, бала тәрбиесімен айналысқан.

WhatsApp Image 2024-04-17 at 20.00.15

II Шежінде мектеп табалдырығын аттаған кейіпкеріміз сол жерден жеті кластық білім алып шықты. Содан кейін 1952 жылы сол ауылдың мұғалімі болып қызмет еткен Хамидолла деген жас жігітпен жұбы жарасып, шаңырақ құрды. Бертін келе жарының есімі қысқарып, ауылдастарының арқасында Кәмөк аталып кеткен. Негізі ол – Оян ауылының тумасы. Жұмыс бабымен жалғыз анасын қасына алып, Беленькийге келген соң Тутия әжемізбен танысқан. 1953 жылы тұңғыш ұлы Қанатқали өмірге келді. – Қанат жастайынан зерек болып өсті. Көбіне музыкаға жақын болды. Әкесі де ол жағынан құралақан емес еді. Әншілік содан дарыды ма, әйтеуір, ән айтқанды жақсы көретін. Кеш болса болды, бізге концерт қоятын. Тұла бойым тұңғышым Қанатжан бір жасқа толғанда, 1954 жылы отағасын әскер қатарына алып кетті. Кәмөк ол жақта үш жылдай жүріп, әскери борышын өтеген соң елге келіп, мұғалім жұмысын қайта жалғастырды. 20 жылдай рабочком болып қызмет етті. Менің де істемеген жұмысым қалмады. Мектеп пен клубтың отын жағып, еденін сүртіп қызмет қылдым. Осылай жүріп, Қанаттан кейін үш ұл мен екі қызды өмірге әкелдім. Бірақ, өкінішке қарай, екі ұлым жастай өмірден өтіп кетті. Екі қызым Таразда тұрады. Екеуі де әке жолын қуып, ұстаздық мамандықты таңдады. Қазір кішісі Ақмарал сол жақта мұғалім болып, үлкені Ақтолқын ономастика бөлімінде қызмет атқарады. Жолдасым Кәмөк 1992 жылы мұғалімдіктен зейнет демалысына шықты. 1954 жылдың күзінде енем екеуіміз Оянға көшіп келдік. Сол кезде жастық па, білмеймін, мен де енеме ілесіп кете барыппын. Ол уақытта ененің айтқаны біз үшін заң болды. Білсін деген мақсатпен айтқан әр сөзін ұрсып жатыр екен деп қабылдайтынмын. Теріс айнала бере екі көзге ерік беріп, ара-тұра жылап алатынмын. Сонда ол мені үйренсін деп айтады екен. Қазіргі келіндерге ештеңе айта алмайсың ғой. Сол кездегі тәрбие негізі мықты болды. Мені қасымдағы келіншектермен бірге киноға да жібермейтін. «Жолдасың жоқ, неғыласың» деп. Нағыз барғым келсе, баланы жетектеп, екеуіміз бірге баратынбыз. Сонда артымнан сөз ілеседі деп ойлай ма, білмеймін ғой. Соның бәрін қазір ой елегінен өткізіп отырсам, дұрыс істеген екен. Ол уақытта жазда шөп үйетін трактор жоқ па, білмеймін, әйтеуір, ауыл адамдарын жинап, ударник жасап, пішен үйетін. Оған да жібермейтін. Бір кездері ауылдық кеңестің кеңсесін жудым. Сол кезде далаға жұмыс істеп жатқан жігіттерге тамақ пісіруге жібергені бар мені. Оны естіген енем марқұм ауырып жүргеніне қарамастан өзі кетті. Жер ошаққа от жағып, тамақ пісіріп, оның орнын жинап, кешінде қап-қарасы шығып, шаршап-шалдығып үйге келетін. Сондағы ойы мені демалту емес, күйеуі әскерде жүргенде артынан сөз ермесін деп, отбасының абыройын ойлағаны шығар. Мені екінші анам, яғни енем осылайша тәрбиеледі. 20 жыл бірге тұрдым. Соңғы бір-екі жылда ауырып, төсек тартып жатып қалды. Қолымнан келгенше бағып, 1972 жылы мәңгілік мекеніне аттандырдық, – дейді Тутия әжей өз сөзінде.

WhatsApp Image 2024-04-17 at 20.00.35

Бүгінде бес немере, бір шөбере, бес жиен мен төрт жиеншардың сүйікті әжесіне айналған Тутия апай екінші ұлы Талғат пен келіні Рысқанымның қолында тұрып жатыр. Кейінгі уақытта үлкейгендіктен болар, денсаулығы сыр беріп, көз көріп, құлақ естуінің нашарлағаны болмаса, былай тың. Өзі кіріп-шығады. Бала-келіні болмағанда тамағын да өзі дайындап ішеді екен. – Апам он жыл бұрын қалада тұрды. Атам Орал қаласында тұрғанда өмірден өтті. Содан кейін қолымызға алдық. Осы уақытқа дейін кірді жуып, ісін істей беретін. Биыл қыстан бері кішкене денсаулығы сыр беріп, аздап ауырыңқырап қалғаны болмаса, ешқандай салмағы жоқ, – дейді келіні Рысқаным апай. Жақында кейіпкерімізді 90 жылдық мерейтойымен аудан әкімі Талғат Шакиров, аудандық ардагерлер және аналар кеңесінің төрағалары Жәрдемғали Балыков пен Майра Нұрмақова құттықтап, естелік сыйлықтарын табыстады. Кеудесіне «Ауданның құрметті ардагері» төсбелгісін тағып, құрмет көрсетті. Бұл кейіпкеріміздің елге сіңірген еңбегі мен қоғамды алға жылжытуға қосқан үлесінің жемісі деп білеміз. Өйткені еңбектен шет қалмай, ошақтың отын маздатып, ұрпақты отансүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелеп, Қанатқали Қожақовтай жезтаңдай әншіні дүниеге әкелген Тутия Қабдоллақызының өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала беретіні сөзсіз.

Назгүл Серікқызы,  

Тасқала ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале