Зеленов ауданында еліміздегі алғашқы жарты жылдықта өтетін «Б» корпусы мемлекеттік қызметшілерін кешенді аттестаттауды түсіндіру кеңесі өтті.
Жиынға төрағалық еткен аудан әкімі Кәрім Жақыпов: "Аттестаттаудың мақсаты мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дайындығының деңгейін және атқарып отырған лауазымдарына сәйкестігін анықтау. Зеленов ауданы бойынша 210 мемлекеттік қызметкердің 166-сы аттестаттаудан өтетін болады", - деді.
Кешенді аттестаттау жайында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Болат Исақов кеңінен түсіндіріп өтті.
- «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 15-қадамына сай, биылғы І жартыжылдықта «Б» корпусындағы мемлекеттік әкімшілік қызметшілер кешенді аттестациядан өтеді. Аттестаттау арқылы жұмыс жасап отырған қызметшілердің әрі қарай даму және қызметін жоғарылату әлеуеті анықталмақ. Бүгінгі күні «Б» корпусы мемлекеттік қызметшілері еліміздің мемлекеттік қызметінің басым бөлігін құрайды. Қазіргі кезде қай уақытта, қай жерде өтетіні мен аттестаттаудан өтетін мемлекеттік қызметшілердің тізімі жасақталуда.
Аттестаттаудан өтетін мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби сапасы мен біліктілігі, кәсіби деңгейін анықтау төрт кезеңмен анықталады. Бірінші кезеңде аттестациядан өтуші бағалау парағының жәрдемімен бағасын алады. Екінші кезеңде жеке қызметтерін барлау үшін тестілеуден өтеді. Бұл бағалау арнайы автоматтандырылған бағдарлама арқылы жүргізіледі. Үшінші кезеңде қызметші жоғарғы аттестаттау комиссиясында немесе тиісті деңгейдегі аттестаттау комиссиясында әңгімелесуден өтеді. Соңғы кезең – комиссия шешімі қабылдануы. Мемлекеттік қызметкерлердің санын ескере отырып аттестаттау кезең-кезеңімен үш деңгейде өткізілмек.
Кешенді тексеріске «Б» корпусындағы барлық қызметкер жатпайды. Мәселен, аттестация кезеңінде зейнет жасына екі жыл не одан аз уақыт қалған тұлғалар, жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдер, 14 жасқа дейінгі баласы бар (18 жасқа дейінгі мүгедек баласы бар) жалғызбасты аналар мен әкелер, сондай-ақ «А» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызмет кадрлық резервінде тұрған, мемлекеттік қызметке бірінші рет қабылданғандар мен жұмыс өтілі жарты жылдан аспайтын қызметшілер аттестаттаудан босатылады, - деді Болат Әлмұханұлы.
Динара НАСЫР,
Зеленов ауданы