21.02.2024, 10:45
Оқылды: 33

«Қандай жұмыста да алдыңда тұрған кісімен ең алдымен адам ретінде санасу»

Шыңғырлау ауданының саяси және экономикалық өмірімен біте қайнап, бірге өріліп жүрген жандар қашанда біздің мақтанышымыз. Кемел ақылымен, жасаған ісімен, тұрмыс-тіршілігімен кішілерге үлгі болып жүргендерді неге мақтан тұтпасқа?! Сондай адамдардың біреуі және бірегейі шыңғырлаулық ақсақал Сабырғали Сәмиев деп айтып жүрміз. Өн бойына туа біткен кішіпейілділігі, үлкен орталарда сабырмен сөз сөйлеп, пікір тастап, тентекті жөнге салып, әрі қоғами ортада үнемі топ бастап жүретін белсенділігі көпті тәнті ететіні шындық. Әрі жерлесінің барлығын да жете танып, қол ұшын беруге, қажет болған жағдайда адамдарды ұйымдастыра білу қабілеті үшін оны қарапайым халықпен қоса басшылық сыйлап, ерекше қадір тұтады.

69414545_708921549519616_794089266337546240_n

Сабыр Сәмиұлы 1944 жылдың 25 ақпанында дүниеге келген. Правда ауылында қарапайым отбасында өскен. Әкесі колхоздың малын бағып, ал анасы сауыншы болып жылдар бойы еңбек еткен. Бір кіндіктен тараған бес ұл, бір қыз екен. Екі бауыры өмірден ерте өтіп, ал ағалары Сағын және Ғалымжан атты азаматтар кезінде Қызылкөл совхозының танымал механизаторлары болған. Ал апасы Бақтылы Шыңғырлауда тұрады. Шилі орта мектебінде 11-сыныпты тәмамдап, Оралдағы А.Пушкин атындағы институтта оқиды. Сол институт қабырғасынан армияға алынып, борышын өтесімен қайта келіп оқуын жалғастырады.

Сабыр Сәмиұлы еңбек жолын Ащысай орта мектебінен бастайды. Жас ұстаз келісімен жас буынға тек білім ғана емес, жақсы тәрбие беруге ынталы болады. Білімді, әрі талапшыл, жаңалыққа жаны құштар жас ұстаз талайға үлгі болып, сол жылдары тіпті республикалық газеттің бетіне суреті жарияланады.

419956956_1795657587512668_1071221071346118535_n

Білім саласында тек ұстаз ғана емес ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, мектеп директорлығына дейін көтеріледі. Барлық жұмысын абыроймен атқарып жүрген азаматты 1994 жылы басшылық Қызылкөл селолық кеңестің төрағасы етіп сайлайды. Ал 1994-1998 жылдары Қызылкөл селолық округінің әкімі болып тағайындалады. Қиын жылдардың көбесінде адамдардың жағдайын жасаумен, оларды жұмыспен қамтумен айналысып, оған қоса ауыл-аймақтың экономикалық- әлеуметтік дамуына үлес қосады.  Талай асулар мен талай белестерде  өзінің еңбекқорлығы және табандылығы, адамдармен жұмыс жасай білу қасиетімен бағаланып, жәй ғана  тұрғындардың және сонымен қоса басшылықтың да алғысын арқалап жүрген адам ретінде танылады.

Жастарға үлгі болған Сабыр Сәмиұлы:

- Қандай жұмыста да алдыңда тұрған кісімен ең алдымен адам ретінде санасып, екінші кезекте оның жұмысқа қабілеттін, содан соң барып, жасаған жұмыс нәтижесін бағалайтынмын, - дейді.

IMG_0315

 «Шыңғырлау ауданының құрметті азаматы» атағының иегері Сабыр Сәмиұлы 2010-2014 жылдары Шыңғырлау селолық округі бойынша ақсақалдар алқасының төрағасы, қоғамдық келісім кеңесінің  төрағасы болды. Соған қоса медиатор қызметін қоса атқарып келді. Абыройы асқақ ақсақал 2015 жылдан бері «Ардагерлер ұйымының» төрағасы қызметін мүлтіксіз жасап келді. Ақсақалдың еңбегі үшін алған марапаттары сансыз, түрлі дәрежедегі алғысхаты, Құрмет грамоталары, мадақтамалары және медаль, ордендері оның еңбегінің бағаланғандығының кепілі деп білеміз. «Қазақстан Республикасының білім беру саласының үздігі», 5 мәрте Қазақстан Республикасы Президентінің алғысхатымен марапатталған.

Білім саласының үздігі ретінде халықаралық энциколпедияда аты жазылған және «Еңбегі үшін» орденімен марапатталған. Барлық қоғамдық жұмыстың басы-қасында жүріп, белсенділігімен сүйсінткен ақсақал 2022 жылы «АMANAT» партиясының жоғары марапаты саналатын «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісін алса, 2023 жылы «Ел егемендігіне қосқан ерен еңбегі үшін» төсбелгісін кеудесіне тақты.

Бүгінде сексенннің сеңгіріне шыққан ақсақал жан - жары мен балалары, немерелерінің, жиендерінің ортасында аяулы жар, бақытты әке, қадірменді ата болып, еңбегінің зейнетін көруде.

 

 

Айсұлу Арыстанова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале