7.09.2023, 23:15
Оқылды: 78

Кандидаттар дебаты қалай өтті?

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы 10 қыркүйек күні өтетін Бәйтерек ауданы Бейбітшілік ауылдық округі әкімінің сайлауына байланысты кандидаттар арасында пікірталас сайысын өткізді.

IMG_20230907_233843_107

Жоба үміткерлердің іскерлік қыры мен саяси мәдениетін, ұстанымдарын анықтауда, халықтың сайлау жүйесінің ашықтығына, әділдігіне сенімін нықтауда тиімділігін көрсетуде. Дебат барысы Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының фейсбук парақшасында тікелей эфирден көрсетілді.

Саяси дебат – әлеуметтік мәселелерді шешудегі әкімдікке үміткер азаматтардың алғырлығы сараланатын, халық сауатты сауалына тұшымды жауап алып, кандидаттар арасында шынайы бәсеке орнайтын ашық алаң. Саяси өреге, сұрақ қою мәдениетіне, өркениетті қоғам өкілдеріне тән тұжырым түюге – бағдар-бастама. Осы мақсатта ұйымдастырылған пікірталастың алғашқы кезеңінде модератор халықты Бейбітшілік ауылдық округіне кандидаттардың өмірбаянымен таныстырып, үміткерлер көпшілікке сайлауалды бағдарламаларын таныстырды.

Екінші кезеңде кандидаттар бір-біріне сауал жолдап, тұрғындар санына қарай жер көлемін реттеу, қазақ сыныбына бала жетіспеуі сынды өзекті түйткілдерді шешу туралы жоспарларымен қысқа да нұсқа бөлісті.

IMG_20230907_233850_845

Үшінші кезеңде ауыл тұрғындары кандидаттарға көкейтесті сауалдарын жолдап, олардың жауабына сай ертеңгі күні жүзеге асырылатын істерді бағамдады. Тұрғындардан түскен ұсыныс-сауалдар қатарында жастарды ауылға тұрақтандыру мәселесі, демографияны жақсарту, әкім сайланғаннан кейін басты назар аударатын бағыт сынды тақырыптар қозғалып, кандидаттардың әрқайсысы аталған істе қалай жұмыстанатынын айтты.

IMG_20230907_233858_190

Жиын соңында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов жергілікті тұрғындармен тілдесіп, көтерілген сауалдарға қатысты пікір білдірді. «Президент Қасым Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында алдыңғы кезекте ауылға көңіл бөлу қажеттігін айтты. Жастарды ауылға тартудың әдісі – баспанамен қамту, тұрақты жұмыс орны мен жақсы  жалақы. Бұл да қазіргі таңда шешімін табуда. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларды, әсіресе, қайтарымсыз грант, төмендетілген пайызбен берілетін несие секілді жеңілдіктерді, бағдарламаларды зерттеп, көпшілікке кеңінен түсіндіру керек. Келсін, алсын, өз ісін өркендетсін. Ауылына, еліне пайдасын әкелсін» - деді Ғайса Хамидоллаұлы.

Бейбітшілік ауылдық округінің әкіміне 5 адам өзінің кандидатурасын ұсынып, 3-еуі тіркеуден өтті. Олар – Равиль Абубакиров, Салтанат Басшиева және Манарбек Жандарбеков. Қазіргі таңда кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда. Бейбітшілік ауылдық округі бойынша 771 сайлаушы бар.

Г.Орда,

Бәйтерек ауданы 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале