Көше кезіп жүрген қаңғыбас, бұралқы иттердің зияны – қазіргі таңда майшаммен қаралатын мәселеге айналып бара жатқандай. Мұндай жағдай барлық жерде кездесетіні айдан анық.
Бүгінде қаңғыбас иттердің жүрген жері тұрғындар үшін өте қауіпті орындарға айналып келеді. Олар алдымен жұқпалы ауруларды тасымалдаушылар және құтыру белгілері байқалғанда адамға шабуыл жасайтындары тағы бар. Оның арты өлімге әкеліп соқтыруы әбден мүмкін.
Жалпы, бұл қаңғыбас иттер көбінесе асыраушысы жоқ болғаннан немесе адасып кетуден пайда болады. Ал, мұндай иесіз жүрген иттер әр жерді паналап, қоқыс қалдығынан тамақ жеп күн көріп жүретіні айтпасақ та белгілі.
Казталов аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың 8 айында аудан бойынша 32 ит қабу оқиғасы тіркелген, оның 10-ы қаңғыбас иттердің қатысымен орын алған. Өкінішке орай, иттен зардап шегіп отырғандардың дені балалар. Қаңғыбас иттер көбіне балалар ойын алаңдарының маңында, мектепке қатынайтын жол бойында топтасып жүреді. Күзгі-қысқы уақытта мектеп оқушыларының сабақтан қайтар уақытында кеш ерте түсіп, қас қарайып кететінін ескерсек, қаңғыбас иттердің жол бойында жүруі қауіп тудырады. Осы тұрғыда «Казталов аудандық ветеринарлық станциясы» МКК директоры Т.Есболовтан ауданда қаңғыбас иттерді зарарсыздандыру бағытында және үй жануарларын ұстау қағидасы бойынша жасалынып жатырған жұмыстар жөнінде сұраған едік.
«Бүгінгі таңда ауданымызда 783 тұрғын үй ит асырайды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2019 жылғы 28 тамыздағы №28-2 «Батыс Қазақстан облысы аумағында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын бекіту туралы» шешіміне сәйкес тұрғындарға жануарларды ұстау ережесі түсіндіріліп, барлығына жазбаша хабарламалар таратылды. 250 үйдің кіреберісіне ескерту тақтайшасы қағылып, 253 итке электронды чип салынып дерекқорға енгізілді. Қазіргі таңда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» туралы Заңы күшіне еніп, бұралқы жануарларды жоюға біржола тыйым салынды. Тек жыныстық органдарына ота жасау арқылы олардың көбеймеуі мен агресивтілігін бәсеңдету арқылы шектеу қойылған. Биылғы жылға бекітілген жоспарға сәйкес, Орал қалалық ветеринариялық маманымен маусым айының 23-і мен шілде айының 2-сі аралығында 12 ауылдық округте жалпы 140 ит пен мысық (97 ит және 43 мысық) зарарсыздандырылып, 18 ит тұрғындардың өтінішіне сәйкес аластатылды. Бұл үшін облыстық бюджеттен кәсіпорын есебіне 568 800 теңге қаражат бөлінді.»
Ит атаулының бойында құтырма аурудың да бар екенін ұмытпағанымыз жөн.
Онымен ауырған иттердің мінез-құлқы, жүріс-тұрысы өзгеріп, оғаш қылықтар байқала бастайды. Мысалы, ит себепсіз үріп немесе еңсесі түсіп, үретін жерде үрмей, адамдарға, малдарға, заттарға себепсіз тап беріп, өзін-өзі тістеп, тамақ ішпей, көзіне көрінген заттарды: ағашты, тасты, сабынды тістеп шайнайды. Үрген дауысы қырылдап, аузынан сілекей мол бөлінеді. Егер ауырған ит босанып кететін болса, ол бұрылмай, тікелей жүріп, жолдағы кездескен аңдар мен адамдарды алдын ала үрмей-ақ, бірден тістей жөнеледі. Бұл аурумен ауырған ит ауру басталғаннан кейін бес-алты күннен кейін өледі. Ал осындай белгілері байқалған сәтте иттер адамға тап берсе, өлім қаупіне әкеледі. Адамдар инкубациялық (жасырын) кезең өткеннен кейін ауыра бастайды, ол жарақаттың ауыр-жеңілдігіне қарай орташа 10 күннен 1 жылға дейін, көбінесе 1-3 айға созылады: адам еліріп, тыныс алысы бұзылады, жұтынуы қиындайды, аяқ-қолының жаны кетеді. Құтырудың алдын алу мақсатында жануар тістегенінен, тырнағанынан немесе сілекейімен зақымдалған адамдардың барлығы құтыруға қарсы екпе курсын алу үшін тұрғылықты жері бойынша медициналық көмек сұрауы керек.
Қараусыз жүрген қаңғыбас төбеттердің қауіптілігін, жоғарыда көрсеткендей, оларға қолданар шараны да ұмытпағанымыз абзал.
Жансая Жұмажанқызы,
Казталов ауданы