Көшпенді қазақ тұрмысында иттің үлкен мәні бар. Адамның үйі мен мал-жанын қорғаған ит жыртқыш жақындап, қауіп төнсе үріп, дыбыс береді. Түнде бүкіл ауыл қалың ұйқыда жатқанда, иттер кірпік ілместен олардың ұйқысын қорғап шығады. Сондықтан да, ауылдық жерде итсіз аула жоқ десек, қателеспеспіз. Ал сол итті ұстау тәртібін білеміз бе?
Бұл жөнінде «Теректі аудандық ветеринариялық станциясы» директорының міндетін атқарушы Алмас Юмабаев:
- Аудан аумағында иттерді ұстау тәртібі Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты шешімімен бекітілген. Ол құжатта жеке тұрғын үй иелері итін өз ауласынан қашып шыға алмайтындай етіп ұстауы тиіс деп көрсетілген. Аула сыртында, қақпаға немесе аула қоршауына ит бары жөнінде ескерту жазылған тақтайша қағып қойған дұрыс. Сонымен қатар санитарлық-эпидемиологиялық, ветеринаралық ережелерді сақтаулары тиіс. Иттерді серуендету кезі түнгі 23-00 мен таңғы 6-00 арасы деп анықталған. Адамдар жиналатын, қоғамдық орындарда оларды қысқа тізгінбауда, тұмылдырықта ұстау қажет. Яғни, көше бойына итті бос жіберуге болмайды. Ит ұстау қағидаларын сақтамаған азаматтарға заң жүзінде жауапкершілік қарастырылған, - деп түсінік берді.
Нақты айтсақ, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 408-бабында: «Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi өкiлдi органдары белгiлеген, қалаларда және басқа да елдi мекендерде ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу ескерту жасауға немесе үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Жеке тұлғалардың денсаулығына немесе мүлкiне залал келтiруге әкеп соққан дәл сол әрекеттер он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады» деп тайға таңба басқандай жазылған.
Фото видеодан кадр
Осы орайда, 2021 жылдың 30 желтоқсаны күні Қазақстан Республикасының Президенті «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға қол қойды. Заңда үй жануарларын, соның ішінде итті ұстау тәртібі қаралған.
Ендеше, итіне ие болмағандарға заң жүзінде шара қолдануға болады. Ал әзірге заң тәртібі болғанымен, ол толық орындалмай отыр.
- Бүгінде көше кезген қаңғыбас иттер ауылдың өзекті проблемасына айналды. Иә, ит жеті қазынаның бірі болғанымен, тегінде жыртқыштық қасиеті бар екенін ұмытпағанымыз абзал. Бүгінгі таңда қаңғыбас иттер тұрғындарға үлкен қауіп төндіріп тұр. Адамға жауығып, шабуыл жасайды. Құтыру және эхинококкоз ауруларын таратады. Бәрімізге мәлім, құтыру ауруы өлімге де әкеліп соқтыруы мүмкін. Қаңғыбас иттер «ауадан» пайда болмайды. Бұлардың барлығы дерлік ит иелерінің жауапкершіліксіз қарауынан. Бірі заң талаптарына сай байлауда ұстамаса, екіншісі күшіктерін жол бойына тастап кетеді, - деп жағдайды айтқан маман: «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңына сай, бұралқы иттерді себепсіз жоюға тыйым салынған. Сол себепті қазіргі таңда бұл мәселені шешу үшін қаңғыбас иттерді аулап, биостерилизация жасау қолданылып келеді. Жыл басынан бері аудан бойынша 263 қаңғыбас ит биостерилизация процедурасынан өткізілді. Алайда бұл шешімді қолдайтындар да, қолдамайтындар да бар. Өкінішке орай, тұрғындардың басым көпшілігі биостерилизациядан өткізу қараусыз жүрген иттердің малға немесе адамға шабуыл жасауы мәселесін реттей алмайды деп санайды» деген қынжылысын жеткізді.
Ауылдарда есепке алынбаған қанша ит-мысық бары тек Аллаға ғана аян. Олар стерилизациядан да, емдеу, екпе жасаудан да қалыс қалып жатыр. Осы орайда айтылар тағы бір мәселе - иттердің есепсіз өсімі. Мысалы, бір ит ұясында кемінде екеу, кейде тіптен алты-жетеуден күшіктейді. Жылына екі мәрте күшіктеуге қабілетті. Сөйтіп, бір иттен оншақты бас тарайды. Олар бір-екі жыл ішінде өз ұрпағын әкелуге қабілетті болады. Ал санай беріңіз....
Иттердің табиғи өсімін азайту керек екені түсінікті. Кейбіреулер иттерді «ату керек», «улап тастаңдар» деген «жолдар» айтады. Дегенмен, бұл рақымшылыққа жата ма? Мыңдаған жылдар бойы адамға адал қызмет еткен жан иесін еш себепсіз оққа байлап, ажал құштыру дұрыс па?!
- Егер тұрғындар арасында үй жануарларын асырау және күтіп ұстау мәдениеті қалыптаспаса, бұралқы иттермен күресу ешқандай нәтиже бермейді. Қазіргі жағдайда биостерилизация жасау – иттердің санын реттеудің ең адамгершілікті жолы. Сол себепті ауданымыздың ветеринария мамандары ел арасында түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр. Үй жануарларын қараусыз қалдыруға болмайтындығын, қадағалау мүмкін болмаған жағдайда үй жануарының иесі оны уақытша ұстау үшін үй жануарларына арналған панаханаға орналастыруға немесе үшінші тұлғаларға уақытша ұстауға беруге міндетті екенін айтамыз. Сонымен қатар чиптеу процедурасынан өткізіліп, есепке тіркеудің қажеттілігін ескертеміз,- дейді Алмас Берікқалиұлы.
Мамандар ит санын кеміту жолын айтып отыр. Ең дұрысы, биостерилизация - ұрықсыздандыру. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, тарттыру. Ол шараны облыс орталығындағы ветеринарлық клиникаларда, ақылы жасатуға болады. Ал заңнамалық қағидаға сай итті чиптеу, тіркеу және құтыруға қарсы екпе салу үшін әр ауылдағы ветеринар мамандарға бару қажет.
Айтпақшы, Енді «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңына сәйкес, 1 қыркүйектен бастап мысық пен итті есепке қойып, чиптеу міндетті. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті хабарлады.
Қазақстандықтар үшін электрондық жүйеге жануарлары туралы ақпаратты енгізу - тегін. Дегенмен чип тағу үшін мысық пен ит иелері өз қалтасынан ақша төлеуі тиіс. Оны өтеуге мүмкіндігі жоқ әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қызмет түрі тегін болмақ.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz