12.04.2022, 11:15
Оқылды: 63

Қанша жақсылық жасадыңыз?

Қайырымдылық, жақсылық жасау – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Адами құндылықтардың қадірлісі. Қамқорлық жасау, өзіңде барды өзгемен бөлісу жомарттық.

54

Фото дереккөзі: syrboyi.kz

Бала кезімізде үлкен кісілерден «малым – жанымсың садақасы, жаным – арымның садақасы» дегенді жиі еститінбіз. Балалықпен «садақа» деген сөздің түп-төркінін түсінуге тырыспайтынбыз. Бірақ бұл сөздің мәні де, мағынасы да тереңде екен. Бөтен мақсат көздемей, тек шын жүректен жасалған әрбір іс – сауап, садақа. Қоғамда біреуге көмек қолын созып, өзінен артылғанды бөлісуге дайын тұратындар баршылық. Ондай жандар өз қаржысына мешіт салып, мұқтаж жандарға пәтер, көлік сыйлап жатады. Ал кейбірі жетімдерге, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға қайырымдылық жасап, мектеп жасындағы балаларын оқу құралдарымен, формаларымен қамтамасыз етеді. Ретін тапса, сауапты істің түрі көп.

Істің ең қайырлысы – қайырымдылық дейміз. Жан-жағына шуақ шашып, титімдей болса да өзгеге үміт ұшқынын сыйласа мына әлем өзгерер ме еді? Иә, қарбаласқан күйбең тіршіліктен айналаға бір сәтке зер салайықшы. Не көрдіңіз?

Бір-біріне соқтығысқан адамдар әйтеуір бір жаққа асығып әлек. Әне, қасына кішкентай қызын жетектеген жүкті әйел ауыр затын көтере алмай абдырап тұр. Жүргінші жолдан өтпек болған әжейдің де бойында үрей бар секілді. «Жазым қылмаса болғаны» деп күбірлеп қояды. Неге? Зуылдаған көліктер. Ағылып жатыр. Жүйткіп жатыр. Тоқтар емес.

Аудан орталығында бірнеше демалыс орыны, аллеялар бар. Бірақ оған да сын айтып, көңілі толмайтындар бар. Өкінішке орай сол бар саябақтың шамын, орындықтарын сындыру орын алып тұрады. Қоқысты шашады, босаған бөтелке тастап кетеді.

Бірақ азанда осы жерден өтсең айналасы да, іші де таза бақты көресің. Кім, қашан істеп үлгереді, қызық қой, иә? Байқасаңыз жасы үлкен апа-ағаларымыз таң атқаннан кеш батқанға дейін көше тазалап жүреді. Бұл бір еріккендік емес қой. Нан керек. Кейбірінің шалқадан түсіп жатқанын көріп жүрміз. Оның қасында бұл – адал еңбек. Ал осы еңбектің адамдары әрқашан құрметке лайық. Осы кісілерге зер салып көрелік. Басқа қолдан келмесе, ең болмағанда қолымыздағы бос бөтелкені неге апарып қоқысқа тастамасқа? Ол да сіздің анаңыз секілді адам, ол да сіздің әкеңіз секілді жан. Қош. Әлгінде айтқан үміт отын сыйлаушылар да табылды. Яки аудандық әкімдік, болмаса жастар ресурстық орталығының жастары - көркейту, көгалдандыру және тазалық жұмысына еңбегі сіңіп жүрген бірқатар жандарға алғыс білдірді. Көңіл күйін көтеру үшін рақметін айтты, жылы сөзін арнады. Аз күнге болса да жететін азығын, тәттісін сыйлады. Иә, олардың көз жанарындағы жалынды көрсеңіз ғой. Көп кідірместен «жұмысымызды істейік» деп жан-жаққа тарқасады. Әрине, бұлай көңіл бөлгеніне олар да дән риза. Ал сіз қанша жақсылық жасадыңыз? Күніне қанша игі іс жасайсыз? Қанша жанның жүрегінен жол тауып, қаншалықты сауапқа кенеліп жүрсіз? Осы турасында өз-өзіңізден сұрап немесе ойланып көрдіңіз бе?

Сәнім Меңдібай,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале