Елімізде соңғы кездері қант бағасы күрт қымбаттап, өнімге деген сұраныс көбейді. Тіпті, сауда орындарында бір қолға 3 келіден артық берілмеген кез де болды. Ал қазір жағдай тұрақты. Дегенмен Қаратөбе ауданы орталығындағы шағын дүкендерде 1 келі қанттың құны 680 мен 750 теңгенің аралығында сатылуда.
Осы орайда құмшекер құнын тұрақтандыру мақсатында атқарылып жатқан істі білмекке аудандық ауыл шарушылығы және кәсіпкерлік бөліміне хабарласқан едік.
– Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы, Қаратөбе ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен қант бағасын тұрақтандыру мақсатында аудан орталығындағы екі жеке кәсіпкер мен келіссөз жүргізілді. Орал қаласынан 1,5 тонна қант ауданға әкелінді. Нәтижесінде «Гүлрайхан» дүкенінде қант құны 570 теңгеден, ал «MG» сауда орталығында қант бағасы 566 теңгеден бір қолға екі келіден сатылуда. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады, - дейді аудандық ауыл шарушылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мербол Есендосов.
Райымбек Абай,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz