Қант қат болғалы, оны дүрлігіп іздеген бір адам. Сұраныс жоғарылаған соң ба, әлде нарықтың басқа да тетіктері әсерінен бе, қанттың құны шарықтап тұр. Оның үстіне, жеміс-жидектен тосап дайындайтын мезгіл ғой.
Сондықтан, осы қант мәселесі бізде қалай деген сауалды Теректі ауданының ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөліміне жолдадық.
- Біздің ауданның айына қантқа сұранысы орта есеппен 54 тонна. Бір жылда 640 тоннадай қант тұтынады екенбіз. Аудандағы азық-түлік дүкендерінің иелері қантты облыс орталығындағы «Ел ырысы», «Алтын алма» көтерме сауда базарларынан, «Ақбар» сауда үйінен сатып алып, жеткізеді. Соның ішінде «Ақбарда» қант бағасы басқаларға қарағанда төмен, 560-600 теңгеден. Аудан бойынша сатылымдағы қанттың орташа бағасы 680-685 теңге. Яғни, кей жерде 640 теңгеден, кей дүкенде 700 теңгеден асып тұр, -деді ауданның ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Азат Аубакиров.
- Қантқа сұраныс та, бағасы да жоғары. Осыған орай, облыс әкімдігі өңірге қант жеткізудің тиімді жолын тапты. Енді ол Қазақстанда қант шығаратын зауыттан тіке жеткізуші арқылы келіп жатыр. Бағасы да сәл төмен – жеткізушіден келісіне 540 теңге. Бұл қанттың тұрақтандырылған құнына сәйкес. Ал сатушылар өз тарапынан үстемелеген кезде 1 келі қанттың бағасы 580-590 теңге болады. Тіке жолмен келген қанттан біздің ауданға 3,8 тонна бөлінді. Ауылдық окрутердегі 33 дүкенге бөліп түсіреміз. Мысалы, осы жолмен келген қант аудан орталығында «Светлана» дүкенінде саттыққа шықты. Бағасы – 580 теңге. Тағы екі дүкенге қант жеткізу жоспарланып отыр. Және де, округ орталықтарындағы дүкендерге де жеткізіледі. Бір қолға 2-3 келіден сатылады,-деген хабар берді Азат Абдулхамитұлы.
«Қанттан тарығу болмайды. Сондықтан, дүрлігудің де қажеті жоқ» деген ол осы тауарға байланысты жаңалық-хабарларды аудандық газет арқылы таратып отыруға сөз байласты.
Камелия Қарекесова,
Теректі ауданы,
zhaikpress.kz