12.05.2024, 21:28
Оқылды: 79

Қаны тамып тұрған киік мәселесі қайта көтерілді

Жәнібек аудандық мәдениет үйінде ауыл шаруашылығы мәселелеріне арналған жиын өтті.

438081439_1001221915340816_1580713156529507134_n

Оған аудандық мәслихаттың депутаттары, дербес бөлімдер мен мекемелердің басшылары, ауылдық округтердің әкімдері, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының жетекшілері, сондай-ақ облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев бастаған облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Дархан Закарин, облыстық жер қатынастары басқармасының бас маманы Наримжан Жұмағалиев, «Охотзоопром ПО» республикалық мемлекеттік қазынашылық кәсіпорнының жануарлар дүниесін қорғау қызметі бөлімі басшысының орынбасары Арман Қожахметов, «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының басшысы Ұлан Мамырбаев, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің проректоры Әлжан Шәмшидин, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Қайсар Қошалиев, сонымен қатар көршілес аудандардағы шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты.

438099374_1000740798722261_6102236473920448747_n

Жиынды аудан әкімі Тимур Шиниязов ашып жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша сөз алған ауданы әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов ауданда жылдан жылға ауыл шаруашылығы құрылымдарының саны артып, асыл тұқымды мал басының көбейіп келе жатқанына, 2023-2024 жылдардың мал қыстағына 2022 жылдан қалған 81 220 тонна шөпті қосқанда, аудан бойынша барлығы 185 490 тонна мал азығы дайындалғанына тоқталды.

-Бұл жерде киіктердің егістік, жайылымдық және шабындық жерлерге зиян келтіруінен және қуаңшылыққа байланысты қажетті 81 219 тонна мал азығын дайындай алмадық. 2023 жылғы мәлімет бойынша Орал популяциясы киіктерінің негізгі мекен ету ареалы аудан бойынша тоғыз әкімшілік аумақта 462,5 мың гектардан астам аймақты қамтып отыр. Соның 376 мың гектары агроқұрылымдарға тиесілі болса, 86,5 мың гектары елді мекен жерлері. Аудан көлемінде киік санының шамадан тыс артуы (2021 жылы 500 мың, қазіргі уақытта 2 млн 250 мың бас) салдарынан жайылымдар мен егістік жерлер тапталып, ауыл шаруашылығы мен елді мекен жерлері үлкен зиян шегуде. Биылғы киіктердің өсімі шамамен 3 млн 500 мыңға жетуі ықтимал. Олар жыл сайын төлдеу кезінде ауданымыздың Жақсыбай, Талов және Борсы ауылдық округтерінің аумағына шоғырланады. Мысалы, төлдеу барысында олардың 90 пайызы негізінен аталған ауылдардың аумағын қыркүйек айына дейін мекен етеді.

Қазіргі уақытта киіктердің шаруаларға келтірген шығынын тіркеп, анықтау, бағалау механизмі әлі күнге дейін толықтай бекітілген жоқ. Сонымен қатар киіктер түрлі ауруларды таратушы, мал қотыры, таскене қоздырғыштарын жұқтырады. Орал обаға қарсы күрес стансасының аса қауіпті аурулардың алдын алу және анықтау зертханасының зерттеу нәтижесі бойынша көршілес Бөкей ордасы ауданының аумағында өлген ақбөкендердің өлекселерінен 640 кене және мүйізді ірі қара малынан алынған 30 кене зерттелген. Сонда киіктердің өлекселерінен алынған кененің тоғыз және ірі қарадан алынған екі үлгісінде конго-қырым геморрагиялық қызба РНК қоздырғышы анықталған.

Киіктер көшіп-қонып жайылған кезде топырақ отарланып, дала шөптері мен егістік дақылдар тапталады. Соның салдарынан өсімдіктерге залал келтіріліп, мал азығының немесе егістік дақылдардың өнімділігі күрт төмендеуде. Мұндай жағдай шаруашылық құрылымдарға зор экономикалық шығын келтіріп, ауыл шаруашылығының даму қарқынын тежеуде. Қалыптасқан ахуалға байланысты шаруалар өз наразылықтарын білдіріп, олардың тарапынан осы жағдайға байланысты көптеген сын-ескертпелер, ұсыныстар түсуде. Жоғарыда аталған мәселелерді жеткізе отырып, киіктердің саны артуы салдарынан биылғы мал азығын дайындаудың қажетті мөлшерде орындалмай қалу қаупі бар екенін қаперіңізге беремін. Сондықтан осы мәселелерді ескере отырып, киіктердің санын реттеу бойынша шұғыл шаралар қабылдауымыз қажет. Түскен сын-ескертпелердің негізінде киіктердің тіршілік ету салдарынан шаруашылық құрылымдарға келтірілген залалдың көлемін өтеу алгоритмін жасақтап, шаруаларға өтемақы төлеу бағытында жұмыстар жүргізу керек.

Киіктердің санын реттеу бойынша қазіргі таңда Жәнібек, Казталов, Бөкей ордасы және Жаңақала аудандарында «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Осы резерват ауданында жер көлеміне қарай киіктердің санын реттей отырып, қоршау торын құрып, сол аумақтан шығармау, басқа жерлерге көшіру немесе қамап ұстау арқылы киіктердің санын азайту, сонымен қатар ауыл шаруашылығы жерлерінің шығынын анықтай отырып, залал төлемдерін өтеу жолын қарастыру керек, - деді Мирболат Бауыржанұлы.

438096680_1000740295388978_9144294022650544226_n

-Өздеріңізге мәлім, 2023 жылы ғылыми негіздеме жасалып, киіктердің санын реттеу жұмыстары жүргізілгенін бұқаралық ақпарат құралдарынан көрген шығарсыздар. Киіктердің саны былтырғы көктемгі санақ бойынша төлдегенге дейін 1 млн 130 мың болды. 2023 жылдың күзінен бастап 2024 жылдың 10 ақпанына дейін киік саны реттелді. Негіздеме бойынша 226 мың бас киік атылуы керек еді. Алайда тәжірибенің аздығынан ба, бұл жұмыс толығымен орындалмады. Өздеріңіз білесіздер, биыл Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша киікті атуға тыйым салынды. Бәрін де түсініп отырмыз. Шаруа қожалықтарына өте қиын. Әсіресе үш ауыл, яғни Борсы, Талов, Жақсыбай ауылдық округтері жапа шегіп отыр. Өткен жылы киік Борсы, Талов ауылдарында төлдеп, сол жақты мекендесе, биыл Қамысты, Күйгенкөл ауылдық округтерінің маңында 800 мыңға жуық киік шоғырлануда. Қалған екінші жартысы Ресей Федерациясының Волгоград пен Саратов облыстарында жүр. Бұдан бұрынғы кездесулерде шешім қабылданып, іске асқан еді. Биыл реттеу жұмысы тоқтап тұр. Киіктен тек зиян емес, оның пайдасын да көруіміз керек. Сол себепті өздеріңіздің ұсыныстарыңызды естиік деп жиналып отырмыз, - деді екінші мәселе бойынша сөз сөйлеген облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция басшысының орынбасары Қайрат Қадешев.

Әрі қарай жарыссөз басталды.

Бауыржан Сабанов, Жәнібек ауданы, кәсіпкер:

440777450_1001220578674283_1567496828890788523_n

- Шыны керек, шаруа болғасын әртүрлі жағдайды көріп келе жатырмыз. Өзім жиналыста отырмын, ал егінімде киік жүр. Жанымыз қайнап тұр. Бір-бірімізге айқайлаймыз, айтамыз. Дегенмен тоқ етері, шешім шығаратын уақыт келді. Ауа райына қатысты сарапшылардың ақпараты бар. Биылдан бастап қуаңшылық басталады, бұл ғылыми түрде айтылған мәлімет. Біздер сол қуаңшылыққа дайын болуымыз керек. Яғни биыл шөп, мал азығы болмайды деген сөз. Ең бастысы – халықтың жағдайы. Сол себепті хабарлама ретінде аудан әкімдігіне жеткізіп отырмыз. Қазірден бастап мал азығына берілетін көмек есептеліп, дайындалуы керек. Сондай-ақ бюджеттік жіктеуіш пен қор ашылуы керек. Неге? Мәселен, адам киік үшін сотталады. Бірнеше миллион айыппұлды мойнына іледі. Бірақ киіктің мүйізі, еті қайда екенін, оның бағасы қанша екенін ешкім білмейді. Сол себепті киікке қатысты бюджеттік жіктеуіш пен қордың ашылуын талап етеміз. Ақша қайда кетті, оның неге жұмсалып жатқаны ашық көрінуі керек. Біздер киікке қарсы емеспіз. Алайда реттеген кездегі жұмыстар дұрыс жағынан болып, одан пайда көруіміз керек.

438086784_1001220502007624_254963407518667254_n

Рүстем Зұлқашев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Мәселенің маңыздылығы зор. Бәріміз де сол мәселенің оң шешімі табылса екен дейміз. Киікке қатысты түрлі әрекеттер жасалып жатыр. Сәтсіздіктер де кездесуде. Дегенмен мәселе шешілгенше, шаруа қожалықтары әрі қарай қалай күн көреді? Соны шешіп алуымыз керек. Біздің тарапымыздан не болып жатыр? Былтыр Ақжайық, Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек, Казталов, Тасқала аудандарында 1340 агроқұрылымның 921 мың гектар жерін киік таптады. Облыс ауыл шаруашылығы субъектілерінің жерлерін киіктің таптауына байланысты келтірілген залалды өтеу мақсатында күні бүгінге әдістеме жоқ. Әзірлену қажеттілігі туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министріне бірнеше рет хат жолданды. Қазір бұл бағытта жұмыстар жүргізіп жатырмыз.

Ермек Меңдешев, Бөкей ордасы ауданы, Бисен ауылы:

-Ауыл тұрғындары малдың арқасында күн көріп отыр. Күннен күнге мал саны азайып барады. Оған себеп – киік. Киіктің малға жұққан кенесі. 3000 гектар жерім бар. Малым жайылды. Алайда, жем-шөп берсем де мал қыстаққа көтерем болып келді. Қырылды. Менің ұсынысым, киікті халықтың өзіне атуға берсін. Жесін, керегіне жаратсын.

Бөкей ордасы ауданы, Сайқын ауылынан «Шәріпбай» шаруа қожалығының иесі:

- Біріншіден, киіктің саны бойынша нақты ақпарат болуы керек. Екіншіден, жай халыққа аңшылық билет пен мылтық ұстауға рұқсат берілуі тиіс. Сонда елдің өзі-ақ киік санын екі-үш жылдың ішінде реттеп алады. Үшіншіден, киіктің мүйізі мен еті қай жерде тәркіленді, ол сол өңірде қалуы керек. Киікті тапсырғаннан кейін оның қаржысы жергілікті бюджетке түсуі тиіс. Осы үшеуін реттесеңіз, бәрі жақсы болады.

Жиын барысында өз ауданымыз бен көршілес аудандардан келген шаруа қожалықтарының жетекшілері жылда айтылып, жауыр болған, қаны тамып тұрған киік мәселесін тағы да көтеріп, оның басын реттеу керектігін алға тартты. Сонымен бірге өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, талап-тілектерін тиісті орындарға жеткізуді жиынға қатысқан басшылардың назарына берді. Жарыссөзге қатысушылардың сауалдарына облыс орталығынан келген кейбір басшы-қосшылар өздерінше жауап бергендей болды.

Жиын аяқталғаннан кейін мәдениет үйінде жиналған барлық шаруа қожалық иесі ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа бейнеүндеу жасап, әлеуметтік желілерде таратты.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале