Биыл академик, геолог және қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл. Ал сол тұлғаның есімін иеленген ауданымыздағы жалғыз қазақ мектеп-лицейіне де 25 жыл толып отыр. Осыған орай аталмыш білім ордасында қос датаға арналған мерекелік шара өтті.
Оның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Саягүл Галиева мен мектептің алғашқы директоры Б.Тасмағамбетов, аудандық білім бөлімінің басшысы А.Касимова, сондай-ақ ардагер ұстаздар мен мектеп түлектері қатысып, жылы лебіздерін білдірді. Мектеп мұражайына шолу жасаған қонақтар өз естеліктерін айтып берді. Сол мектептен түлеп ұшқан шәкірттер музыкалық сәлемдемелерін жолдады. Осылайша қос мерекені қатар тойлаған гимназия ұжымы өскелең ұрпаққа есте қалар әдемі кеш сыйлады. Айта кету керек биылғы жылы білім беру саласын тұрақты дамыту қоры және Назарбаев Зияткерлік мектептерінің серіктестігімен «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасын іске асыру мақсатында Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-лицейіне 250 млн. теңгеге жабдықтар алынады деп жоспарланған.
Гүлмира Мақанова,
Тасқала ауданы,
zhaikpress.kz