12.06.2025, 11:15
Оқылды: 113

Капитан Немо күтіп тұр…

Балалық шақтан есте қаларлық естелік шығармаларды еске түсірсек алғашқылардың қатарында Бердібек Соқпақбаевтың “Менің атым Қожасы” сөз болары белгілі. Кітаптың құдіреті - ай?! Бәріміз де өзімізді Қожа сезінуші едік. Бәріміздің де талай “Майқанованың” шамына тидік. Олар бізді кешірді. Бәріміздің жүрегімізде өз “Жанарымыз” болды. Қожа секілді балық ауладық, Қожа сынды сабақтан қаштық, бірақ Қожа секілді қатемізді мойындай алдық.  Тентектігімізді ақылға жеңдірген керемет кітап бала күніміздің тамаша естелігіне айналды. 

WhatsApp Image 2025-06-11 at 17.57.18

Сурет: playbuzz.com

Біздіңше каникул демалу мен еркін даму үшін беріледі. Даму үшін еңбек пен білім ғана керек. Қожаның дәуреніне кері оралайық…Сол уақыттағы оқушылардың жазғы демалысы қалай басталған еді? Автор шығармасында оқу жылы аяқтала келе емтихандарын тәмәмдап, кітаптарын тапсырған сәттен-ақ балаларды мектеп дайындаған екі таңдау күтіп тұратын. Бірі қырықтық және бірі шөп шабу. Сол замандағы балалардың жаз айын осындай шаруалармен бастауын еңбекке баулу, болашақта қара жұмысқа салынбай жағалы жиде киген тұлға болуына ынталандыру деп түсіндік. Ал, қазіргі оқушылар ше? Көлеңкеде жатып-жастанып, буындап кітап оқуға берілген үш айлық уақыттың қадірін түсініп жүр ме?  Төрт қабырға ішінде төртбұрышты телефонға телмірген “Мағжан сенген жастардың” көзін қалай ашамыз?  “Абай жолын” айфонға, Қадыр өлеңдерін тик-токқа алмастырған балаларға ел тізгінін қалай сеніп тапсырмақпыз? Әрине, заман ағысымен келе жатырған жастарға бар кінәні арта беруге де болмайды? Десек те, жас буынның кітап оқуға деген ынтасын қалай ашамыз? - деген сұрақ бар. Бұл сауалды алдымен оқушылардың екінші анасына айналып, тоғыз ай бойы жанынан табылған мектеп мұғалімдеріне жолдадық.

scale_2400

Сурет: dzen.ru

-“Қазіргі уақытта оқушылардың смартфонға көп әуестігін байқаймыз. Жалғыз оқушылар емес үлкен де кіші де сол телефонға тәуелді болып алған. Осы нәрсені жою мақсатында әр тоқсан сайынғы демалыста, жазғы каникул уақытында сынып жетекшілер оқушыларымызға әдеби кітаптардың тізімін беріп, оқуға тапсырма беріп жатамыз. Алайда оны бірнеше оқушылар ғана орындап келеді. Әдеби кітап - баланың ой-өрісін дамытып, сөздік қорын кеңейтуге көп көмектеседі. Ол туралы айтылса да балалар кітаптың емес, телефонның тілін таңдайды” - дейді Жаһанша Досмұхамедов атындағы мектеп-балабақша-бөбекжай кешенінің мұғалімі, педагог Шаттық Лесбайқызы.

Иә, жыл бойына мектепке келген әр балаға бар ықыласымен білім нәрін құйып, қажетінде әкесіне де, анасына да айналатын  ұстаздарға өкпе жоқ. Бірақ, экранның құрсауында қалған баланы кітапханаға қалай жетелейміз? Осы тақырыпта аудандық кітапхана ұжымымен де сұхбаттастық. Әңгіме барысында кітапхана қызметкерлерінеде осы мәселе өзекті тақырыптардың алды болып тұрғанын байқадық. Кітапханшылар жаз бойы аптасына екі рет мекеме ішінен шығып көше балаларына нақтыласақ парк іштерімен орталық алаңдарда кітап оқыту мақсатында шаралар ұйымдастыратынын айтты. Ал, аяқтай кітап әлеміне келген жастарға “Каникулда біз жалықпаймыз, кітап оқимыз!” айдарымен жасөспірімдерге арналған әдебиеттер тізімінде тізіп қойыпты. Көз сүзіп қарасақ, ішінде 488 беттік Абай шығармаларынан бастап, Жүсіп Баласағұнның “Құтты білігі”, жерлес ақынымыз Қадыр Мырза Әлидің “Алмас жерде қалмас” кітабы, Оралхан Бөкейдің “Ел шежіресі”, Мұқағали Мақатаевтың “Өмірдастаны”, таңдамалы өлеңдерімен поэмалары бар. Каникулда оқуға кеңес беретін әдебиеттер тізімі шетел әдебиетінде қамтыған. Джек Лондонның “Мартин Идені”, 472 беттік Жюль Верннің “ Капитан Немосы” кітаптары өз оқырмандарын сөреде күтіп тұр. Яғни, ұстаздар да, кітапханашыларда балаларға кітап оқыту үшін барын салуда. Ендігі кезек ата-аналарда. Әрине, әр ата-ана үшін бала ол - өзінің шығармасы. Шығарманың қалай жалғасары да өзінін қиялына яғни, берген тәрбиесімен айтқан ақылына байланысты. Сіз ата-ана өз балаңыздың көзі ашық, көкірегі ояу тұлға болып, болашақтың жарқын болмысына айналу үшін қандай әрекет жасап жатырсыз?

Қоңдыкер Елеуов

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале