9.02.2023, 17:15
Оқылды: 45

Қара бастың қамын ойламаған қайран ерлер-ай!..

«Бисеш, сен қорықпайсың ба, сотталып кетесің ғой» дейтін көрінеді ауылдастары. «Сотталсам, мен-ақ сотталайын, оның есесіне мына балалар аштан өлмейді ғой» деп, өзінің басын бәйгеге тіккен кез талай болған екен. Осындай диалогты Шежін жұртшылығы жақсы біледі. Бұндағы айтып тұрған Бисеш деген кім? Ол қандай қызмет атқарған адам? Осы сұрақтардың жауабын қайдан тапсақ деп жүргенде редакциямызға саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған шежіндік Айман Нұрғалиқызы келді.

Суретте Бисенғали Қазжанов және ұлы Мұрат

Ол ІІ Шежін ауылына қарасты Қайрат елді мекенінде тұрған байырғы тұрғындар жөнінде мәлімет ала келгенін жеткізді. Онсыз да тұла бойынан әл кетіп, қалжыраған жұртты бiлiмі көп емес, малы көп адам билеген шақта олардың қайнаған қазанына дөп түскен, аты кейiнгiге қалуға тиiс, тұрпаты бөлек, қайта тумас тұлға – Бисенғали Қазжанов еді. Мойнындағы борышын, өзiне артылған мiндеттiң жүгiн қай кезде де сезiнетiн ат төбелiндей азаматтардың iрiсi де, бірегейі де осы Бисенғали Қазжанов болатын. Редакциямызға келген зейнеткер ұстаз бұл кісі туралы бар білгенін бөлісті.

«Оның (көзі тірісінде жұрттың бәрі Бисеш деп атаған көрінеді) әкесі негізінен Жаңақаланың Құмынан келген. Руы – алашаның тоқбасы. Бисенғали атамыз 1906 жылы туған. Өзінің бойы ұзын, еңселі адам болған. Бисештің әкесінің аты – Қазжан. Оның екі кемпірі болыпты. Бірінші жолдасының есімі есімізде жоқ. Екінші зайыбының есімі – Ырысты. Оны ауылдастары «Ақмай» деп атаған көрінеді. Ырыстыны өзіне жар етіп алғанда Қазжан атамызға Есенғали, Бисенғали және Айтқали деген ұлдары ілесіп келген. Негізі, Ырысты (Ақмай) әжеміз Қазжан атамызға дейін тұрмыста болған көрінеді. Оны біз өз аузынан естідік. Әкесі 13 жасында тұрмысқа берсе де, бірақ олардың ортасында бала болмапты. Кейін жолдасын қарақшылар өлтіріп кеткен көрінеді. Сол кезде «Қандай қарақшылар?» деп сұрамаппыз ғой. Бірақ арасында «Сыртқа шығарып, көзімізше өлтіріп кетті» деп әңгімелейтін еді. Бұрынғының адамдары киетін киімге де жарымағанау. Ылғи теріден тігілген киімдерді іліп алып, жұмысқа қарай тұра жүгіретін көрінеді. Әйел-аналар бала босанғаннан кейін де белді буып, жұмысқа шығып кете беретін. Содан Ырысты әжемізден Кенжеғали, Нұрғали және Анария деген қыз көрінген. Бірақ Ырысты әжеміз атамызға ілесіп келген үш ұлды ешқашан бөлген емес. Бәрін бірдей бағып өсірді. Оларды ел қатарына қосты. Жоғарыда аталған Есенғали мен Айтқали аталарымыз соғысқа қатысқан. Ал Бисенғали атамыз соғысқа қатыспағанымен, ауылда ұжымшар төрағасы болып қызмет жасаған. Анария деген апамыз бес ағасының ортасында ерке болып өседі. Менің әкем Нұрғали ауылда комбайыншы болды. Осы аталған кісілердің ұрпағының бәрі де қазіргі ІІ Шежін ауылында бір көшеде тұрды. Ауылдастарымыз оны «Қазжановтардың көшесі» деп атайтын. Бұл күнде Есенғали, Кенжеғали, Нұрғали және Анариядан тараған ұрпақтар әр тарапта өмір сүріп жатыр», – дейді зейнеткер ұстаз.

«Қайратта» адам шығыны болмапты «Мақалаға арқау болып отырған Бисеш атамыздың екі жары болған. Біріншісі – Сақып. Одан жалғыз Сұлу деген қызы бар еді. Ол Ресей жағында тұрып, сол жақта дүние салды. Ал екінші рет Нұрзия деген әйелге үйленеді. Одан Бақыт, Майра, Мәншүк және Мұрат деген балалары болады. Өтеген Шақаев деген атамыз – Ырысты әжеміздің ағасы. Өтеген ата – «25-Чапаев дивизиясы» кеңшарының төрағасы болып қызмет жасап жүрген кезінде Еңбек Қызыл ту орденін алған адам. Ол орденді сонау 1936 жылы Калининнің өзі табыстапты. Талғат, Серік Қазжановтар да әкімшілік қызмет атқарды. Кейін ойласам, осылардың бәрінде ел басқару қабілеті қанында бар болып тұр ғой. Әлі есімде, әжем тамақ дайындап жатқан еді. Бисеш атам бір кезде ауырсынып отырғанын білдірді. Ауруханаға алып кеткенімен, ол жақта соқыр ішегі жарылып, дүние салыпты деген хабар келді. Бұл 1972 жыл болатын. Біз ол кезде баламыз. Әңгімемізге арқау болып, елді аштықтан аман алып қалып, ауылдастарының алғысына бөленген жан 66 жасында бұл дүниемен қоштасты. Бисенғали атамыз еңселі, биік адам болатын. Бірақ балажан еді. «Қайрат» кеңшарында төраға болып қызмет жасап жүрген кезінде Бисенғали Қазжанов мал сойып, ауылдың кісілеріне бөліп берген көрінеді. Кейін мал сойған жердің орны да қалмайды деуші еді көзкөргендер. Соңынан тексеруге келгендер малды қай жерге сойғанын білмей, дал болатын көрінеді. Бисеш атамыздың алып бара жатқан білімі де жоқ. Бірақ орысша мен қазақшаға бірдей екен. Әріп танымағандықтан, ауданда өтетін жиналыстарға бармас бұрын әріптестеріне «Дауыстап оқып шықшы» деп өтініш айтатын көрінеді. Әлгі қызметтік хатты дауыстап оқып шыққаннан кейін Бисеш атамыз жаттап алатын сынды. Сонда деймін-ау, ол кісінің есте сақтау қабілеті мықты болып тұр ғой. Жиналысқа барғанда қағазға қарап оқып тұрғандай кейіп танытып, айтып беретін көрінеді», – деп Айман Нұрғалиқызы әңгімесін түйіндеді.

Шежіндік Нұрлан Өтешқалиев те Бисеш ата туралы біраз естелік біледі екен.

«Жаздың күні «Қайратта» мал саудырып, сүтін балаларға  ішкізетін. Бірлік ауылынан Құрым деген кісі ыдысын ұстап, сүт алуға «Қайратқа» келеді екен. Сол кездері аштықтан Бірлікте адам шығыны болғанға ұқсайды. Ал «Қайратта» адам шығыны болмапты. Бисеш атамыз секілді адамдардың арқасында аштықтан аман қалған екен. Бисенғали Қазжанов сияқты азаматтар болмағанда біздің әке-шешеміз де аштықтан қырылып қалар ма еді, кім білген? Жақсының жақсылығын айту – парызымыз. Өзімнің нағашы атам да құралақан болмаған. Қасқырды мылтықсыз соғып алатын жүректі жігіт болған деп, замандастары айтып отыратын. Сол атамыз өзінің құнды сағатын осы Бисеш атамыздың қолына тағыпты. Ол кезде мал сойып бермек түгіл бір уыс тары алсаң да, темір тордың арғы жағынан бір-ақ шығасың. Оның қасында бұл кісінің ісін көзсіз ерлік деп айтар едік», – деп өзінің естелігін бөлісті.

ІІ Шежін ауылының тұрғыны Жұмабай Қадырәлиев те Бисенғали Қазжанов туралы өзінің әңгімесін өрбітті.

«Бисеш ағамыз негізінен оқымаған адам. Тек қол қойғанда «Қоз» деп қоя салады екен. Үлкен жиналыстарда өзінің жаттап алғанын айна қатесіз оқып тұрғандай айтып беретінін бір емес, бірнеше адамнан естігенім бар. Оның ішінде тек құр сөздер емес, қаншама сан бар. Солардың бәрін жаттап алу оңай шаруа емес. Біз ол кісімен көрші тұрдық. Мен Бисенғали ағайдың баласымен дос болып, ойнап өстім. Көшеден көргенде «Байбарақтың баласы» дейтін. Себебі Бисеш ағайдың руы алашадан тарайтын. 1943 жылдары «Қайрат» кеңшарында басқарма болды. Түн ішінде мал сойғызып, әр балаға қадақтап (келі) бөліп беретін көрінеді. Мысалы, бір үйде бес бала болса, бес қадақ ет бөліп береді екен. Сүтті де өзі бөліп, балаларды аштықтан аман алып қалған. «Бисештің арқасында қырылып қалмай, зұлмат заманнан аман-есен өттік» деуші еді Нұрым Шелмұхамбетов деген ағайымыз. «Қайрат» кеңшарынан 25 шақырым қашықта орналасқан «Көсем» кеңшарында аштықтан адам шығыны болғанын да айтып отыратын. Ал «Қайратта» ондай өлім болмаған», – дейді шежіндік Жұмабай Қадырәлиев.

Бисенғали Қазжанов соғысқа қатыспағанымен, ауылда жүріпақ ерлік жасаған адам екенін оқып білдіңіздер, оқырман. Біраз адамға жақсылығы өткенін кейінгі ұрпақ білгенімен, ұмытылып барады. Сонау сұрапыл соғыс кездері өзі жемесе де, елге болсын деп, сау басын бәйгеге тіккен ерен ерлердің еңбегін ұмытпау – ұрпақ парызы. Жалпы, осы материал Жұмабай Қадырәлиев пен Нұрлан Өтешқалиев сынды азаматтардың мұрындық болуымен газет беттеріне басылды. Асқан жүректілігімен халқын азап пен аштықтан аман алып қалған Бисенғали Қазжанов туралы айта берсек, әңгіме көп. Бұл тек бір парасы ғана. Тасқала ауданының құрылғанына биыл 90 жыл деп жатырмыз. Аудан халқы торқалы тоқсан жылға оңайлықпен жете қоймағаны мәлім. Арасында қаншама тағдыр мен азапты күндер өтті десеңізші? Сондай тар жол, тайғақ кешуден өткен Бисенғали Қазжанов секілді азаматтарымыз көп. Олар жөнінде газетіміздің алдағы сандарынан оқи аласыздар.

 Темірболат Әнуарұлы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале