Жымпитыға іргелес орналасқан Өлеңті ауылының тұрғыны зейнеткер, еңбек ардагері Құттыбай Бекболсыновты жақсы танитынмын.

Кезінде шахмат сайыстарына қатысып жүлделі орындар алып жүргендігі өз алдына Құттыбай аға шежірелі әңгімелер айтудың да хас шебері.
Бірде ағамен кездесіп, әңгіме-дүкен құру барысында :
- Осы Сіздің әкеңіз Қабдеш қарт туралы жұртшылық арасында небір шұрайлы әңгіме естиміз. Тіпті, әкеңізді сері, жыршы депте айтады.
«Қарабай» деген лақап аты да бар екен? Бұл жөнінде не айтасыз? - деп сұрадық.
- Иә, сауалыңның жаны бар сөз. Әкем Қабдеш жөнінде айтылып жүрген әңгімелер де шындыққа жанасады. Енді сауал қойған екенсің, соған орай менде есімде қалған жәйттер жөнінде хал-қадірім келгенше әңгімелеп берейін, - деп Құттыбай Қабдешұлы сөз тиегін ағытты.
Құттыбай ағаның айтуынша Қабдеш Бекболсынов 1900 жылы осы ауданға қарасты Саралжын елді мекенінде (бұрынғы атауы осылай болған) дүниеге келген.
Отбасылық жағдайы туралы айтсақ сол жылғы кезеңмен салыстырғанда орташа бай болған. Яғни, айтар болсақ бір үйір жылқысы, бір табын ірі қарасы мен 100-ге жуық қой, ешкісі бағымда болыпты. (Есептегі осы мал басы Қабдешке залалын тигізіп, бай тұқымы деген қудалаумен, үлкен соққы болған. Бұл туралы әңгіме желісінде тоқталамыз.)
Қабдештің отбасылық жағдайына тоқталсақ екі інісі мен екі қарындасы болған. Жауғаштының Қожан бөлімінен тараған. Бекболсыновтардың әулеті жөнінде осы өңірдің тұрғыны,зейнеткер қария Тілекқабыл Нұржановтың да өзіндік айтары бар.
Тіпті, Тілекқабыл қария Саралжын ауылында Жауғаштылар жерленген көп төмпешік зираттар орыны, (аштық жылы болуы мүмкін) «Қарамола» аталатындығын, сол орынға қарсы орналасқан аумағы ат шаптырым терең ордың Қабдеш қарттың отбасы мекендеген жер екендігін қарттың өзі айтты деді.

Айтқандайын, Қабдеш қарттың әкесі Бекболсын мен анасы Балажігіттің қай өңірде дүниеге келіп, қашан марқұм болғандары белгісіз, жұмбақ күйінде қалды.
Енді әңгіме желісін Қабдеш қарттың шым-шытырақ өмір жолына бұрайық.
Негізгі кейіпкер Қабдеш Тайпақ ауданы Базартөбе ауылының қызы Қанымзиямен шаңырақ құрады. Осы дүниенің жазылуына басты ұйытқы болған Құттыбайдың айтуынша марқұм анасы он құрсақ көтеріпті. Бірақ, сәбилердің кейбірі жастай шетінеп кетіптіде, Есенқайыр, Меңсұлу, Құттыбай, Қансұлуға тағдырдың жазмышымен өмірден татар дәм-ырыздық бұйырыпты.
Жоғарыда айтып өткеніміздей орташа деңгейдегі байдың қатарындағы Қабдеш Бекболсыновтың отбасына да 1930 жылы қара бұлт үйірілді, малды тәркілеу басталды. Ондағы мақсат белсенділердің айтуларымен малдарды бір жерге шоғырландырып, ұжымдастыру, байлардың дүние-мүліктерін жаппай тәркілендіру еді. Осындай зобалаң,дүрбелеңмен Қабдештің бағып отырған бір үйір жылқысы,табын сиыры, 100-ге жуық ұсақ малы тәркіленудің құрбаны болды. Тігерге тұяқ қалмай, бір күнде-ақ жұтап қалған Қабдештің отбасы зікір таяқты жалаңдатқан шолақ белсенділерден үміт, қайыр болмасын білген соң, қолда қалған алтын жалатқан самаурындарын,аздаған мүлікті сай-салаға көміп,бір түнде өгіз,түйені арбаға жегіп Орынборға қарай жөңкіле көшті.
Көшкенде көшпен бірге Қабдештің бауырлары Қадырғали, Борашқали, ағайыны Мәсәлім отбасы бірге сапарлас болды. Ал, Қабдештің қарындастары Қадеш пен Айжан Жымпитыда тұрмыста болған соң ілесе алмай,ақжол тілеп қала барды.
Қуғын-сүргін, белсенділерден зорлық көріп қалған бұл көшпенділердің жүрістері де маңдымады. Күндіз сай-салаға тығылып, түн қата жұлдыз жорамалына қарап, әупіремдеп Елек өзенінен жүзіп өтіп, Орынбордағы орыс ағайындарға жетіп, паналады.
Шіркін, сол жылдағы орыс ағайындардың бауырмалдығын, шексіз мейірімділігін бүгінде Құттыбай аға жыр етіп әңгімелейді.
- Ұлты өзге болса да әрқайсысы қолда барын біздерге әкеліп береді екен.Тіпті, арбаға жегіп барған түйенің боздап үн шығарғанына таң қалған орыс балалары «Хлеб просить» деп бәрі таласа нан әкеліп беретіндеріде жүрекке сондай жылы тиетіндігі бар, - дейді.
Жоғарыда айтқандай елде серілігі атбегілігімен танылған Қабдешті ауылда тәркілеудің ішінде кеткен жүйрік атының тағдыры қатты алаңдатып, түн ұйқысын бұза берді.Туған жерге деген сағыныш, әрі елде бәйгеге қосып жүрген жүйрігі қалды,нар тәуекелге бел буып,жаяулатып,түнделетіп елге де табан тірейді.
Аңдысын аңдып,елдегі ағайындардан сұрастырып көрсе бәйге атын ауылдың белсендісі мініп жүргенін естиді. «Аңдыған алмай қоймас», - дегендей белсендінің қонақтыққа келіп,үйдің қасына қаңтарып байлап қойған бәйге торыны Қабдеш тақымына басып,шу қара құйрық деп Орынборға қарай тартып кетеді,көшті қуып жетеді.
Бірақ,осы ісі өзіне ақыр соңы жала болып жабыларын, қудалауға түсерін ол кезде өзі де білмеген еді...
Қабдеш Бекболсынов 1935 жылы елдегі жағдайды білмекші болып Жымпитыға келеді. Сол кездегі тыңшылардың бірі Қабдештің елде жүргендігін белсенділерге жеткізіп, «жылқы ұрлаған ұры», - деген айыппен ол милиция арқылы түрмеге қамалады. Қабдештің түрмеде отырғандығынан хабардар болған ағайыны, заңгер Айтқали Ақберлинов тағылған жазаны жеңілдетіп (қажетті азық-түлік салығы төленбеген) құжат толтырып, түрмеден босаттырады. Түрмеден шығысымен Қабдеш Орынборға қайта оралады, жұмыстарға араласқан. Мысалы, оның Орынбор облысының Чкалов ауданында 1933-1957 жылдары жұмыс жасағандығы еңбек кітапшасында жазылған.
1957 жылы Қабдеш Бекболсынов інісі Қадырғалидың отбасымен бірге Жымпитыға көшіп келді. Бір отар қойды «Аққолқа» нүктесінде бақты. Бірақ, мектеп жасындағы балаларға кеңшар басшылығы пәтер мәселесін шеше аламағандықтан Теректі ауданына қарасты Долин кеңшарына қоныс аударуға мәжбүр болды. Бұл өңірде Қ. Бекболсыновтың бағы жанды десекте болады. Мал шаруашылығындағы жетістігі жоғарылап,жұлдызы жанды. Балалардың біліп алуына барлық жағдай жасалды. Мына жағдайды айтпай кетуге болмас. Аға малшы Қабдеш Бекболсыновқа жоғары жетістігі үшін сыйлық, мақтау қағазын айтпағанның өзінде сол кездегі сұранысқа ие «Ирбит» маркалы мотоцикл берілді. Ал, аудандық тұтынушылар одағы кооперативтің төрағасы Н. Барабаш өзі аяқтай келіп кезексіз ақшасына «Волга» ГАЗ-21 көлігін Қабдештің өзіне тапсыруы да еңбек адамына деген зор құрмет еді.

Құттыбай ағаның айтуынша әкесі Қабдеш елге 1968 жылы көшіп келіпті.Келгендегі мақсаты ұрпағы ағайындарымен танысып,қазақы тәрбие көрсін деген ойдан өрбісе керек.Сол кездегі өте зәру,таптырмас дүниелер ақ-қара түсті теледидар, «Волга» көлігі, қаз, үйрек, үйір малмен көшіп келген Қабдешті «Қарабай» депте атаған екен.
- Әкем Қабдеш атбегі, сері палуан, өлең шығаратын қасиеті бар, домбырашы болған. Мысалы, әкемнің жиын, отырыстарда айтқан мына шуақ өлеңі есімде қалыпты:
Бес теңге берсең бір аттай,
Он теңге берсең құр отпай
Мәніс білген жігіттер,
Өзі берер сұратпай, - деген өлең жолдары отырыста отырғандардың өлеңіне қолдау көрсете білулерін аңғартса керек.
Марқұм анам Қанымзия үй шаруасына өте ұқыпты, таза адам болды. Әкем сырттағы шаруаны тиянақты етіп бітірсе, анамда солай ететін. Бірде анам әкем марқұм 1985 жылы қайтыс болған соң қорқа-қорқа сандықта тығып жүрген қол орамалдағы түйіншекті ашып, біздерге қойын кітапшаны көрсетті.
Мұнда жазылған жазулар ерекше болып, оқуға қиындық еткен соң Асан мешітіндегі Мұратбек қажыға көрсетіп, көмек сұрадық.Кітаптың үшеуі құран кітап болды. Ал, сиямен жазылған жазулар араб, парсы тілімен жазылғандықтан оны аударуды Бөкей Ордалық шығыстанушысы Гүлмару Мырзағалиеваға аудартуға кеңес берді, - деп әңгімелейді баласы Құттыбай аға.
Жалпы алғанда мұндағы жазбаларда Махамбеттің, Әбубәкір Кердерінің бір топ өлеңдері, 100-ге жуық мақал-мәтелдер, халықтан жазылған жырлар легі бар. Кітапшаның беташары Қабдеш қарттың өзі жазған «Өзім туралы өлең» - атты жырымен ашылыпты.
- Осы өлеңді бұрын-соңды естімеппін, өлең шындығында өзі туралы жазылыпты, - дейді шығыстанушы.
Шындығында біз Қабдештің кім екендігін білмей келіппіз. Жас өлкетанушыларға, әдебиет зерттеушілеріне із болсын деп біз бар деректі жаздық. Қабдешті іздеп жолға шығатын кім бар екен?!
Мүсірбек Айташев,
Сырым ауданы