Бүгін Казталов ауданына Бөкей Ордасы аудандық мәдени-демалыс орталығы жанындағы құрылған халық театры гастрольдік сапармен келіп, жергілікті көрерменге әсерлі өнер тарту жасады.

Бөкей Ордасының өнер ұжымы Қ.Төлеуішов тәржімалаған осетин драматургі Георгий Хугаевтың кең таралған «Қара шекпен» спектаклін аудандық мәдениет үйінің сахнасында сахналады. Қоюшы режиссер — «Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі», Бөкей Ордасы ауданының құрметті азаматы Самал Абуов, қоюшы-суретші — Қазақстан театр қайраткерлері одағының мүшесі Әсемгүл Төлепберген. Ұзақ уақыт үзілісте болған халық театрының жұмысын қайта жандандырып, талантты жастарға жаңа серпін берген шығармашылық топ көрермен ықыласына бөленді.

Пьесадағы негізгі философиялық ой, астарлы тұспал актерлік ансамбльдің шынайы ойыны арқылы көрерменге анық жеткізілді. Қойшыдан өзге барлық кейіпкердің жануар бейнесінде суреттелуі — адам мінезіндегі адалдық, аярлық, сатқындық, іштарлық сияқты қасиеттерді ашуға бағытталған көркем тәсіл.

Тұзар атты адал төбеттің иесіне деген беріктігі — спектакльдің өзегі. Қойшының отарын қасқыр мен өзге аң-құстан қорғап жүрген Тұзарды алдап қолға түсіру үшін Көкжал қасқырдың жоспар түзуі, оған Сылаң түлкі, Қуақар қарға, Көкшулан және Қосүрей қоянның қосылуы — қоғамдағы әлді мен әлсіздің, адалдық пен арамдықтың, әділет пен сатқындықтың күресін бейнелейді.

Әсіресе, актер Алтынбек Айғалиев сомдаған Тұзардың Көкшуланға алданып қала жаздауы, алайда түпкі мақсатты ұғына келе қожайынына деген адалдығын таңдауы көрерменнің көңілін тебірентті. Қойшының жайлауда қалдырып кеткен қара шекпенін қақаған қыста аштан-тоңып күзетуі — шынайы беріктіктің символы. Алайда адал төбеттің үміті ақталмай, қожайынының өз қолынан мерт болуы – спектакльдің ең ауыр әрі ой салатын сәті.
Қойылымның түйіні — адам баласының соқыр сенімге бой алдыруы, біреуге шектен тыс табынудың қауіптілігі. Құлдық психологиядан арылу қажеттігі Тұзардың тағдыры арқылы әсерлі жеткізілді.

Спектакль соңында сахнаға шыққан Казталов ауданы әкімінің орынбасары Айдар Менеев Бөкей халық театры ұжымына аудан атынан алғыс білдіріп, алғысхат және гүл шоқтарын табыстады. Көрермен қауым талантты әртістердің шынайы ойынын жоғары бағалап, ерекше әсермен тарқасты.
Қайрат Жақып
Казталов ауданы