7.02.2024, 22:00
Оқылды: 75

Қара судың қадіріне жетейік

Су тапшылығы қай кезде де өзекті тақырыптардың бірі болып келе жатыр. Бір елде суға деген ана бір қажеттілік туындамаса, қайсыбір елдер ауыз суға мұқтаждықты ерекше сезінеді. Біздің елімізде де су тапшылығы, үнемдеу тақырыбы жыл сайын күн тәртібіне қойылып келеді.

KrandagyФото: stan.kz

Президентіміз Қ.Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында: «Су ресурсы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикасы да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін», - деген еді.

Иә, су тапшылығы Шыңғырлау ауданын да айналып өткен емес. Жыл сайын ауыз суды үнемдеу, оны ысырапсыз пайдалану туралы қай жиын болмасын айтылмай қалмайды. Әсіресе, күн жылынысымен тұрғындар бау-бақша жұмыстарына кіріскен сәтте бұл мәселе ерекше өзекті бола түседі. Себебі, бақша суаратын техникалық су іске қосылғанша көкөністерін егіп тастаған жұртшылық ауыз суды пайдаланатыны шындық. Бұған арнайы бекітілген ауыз суды босату кестесі де еш көмек бере алмайды. Ал, көшелерінен техникалық су өтпейтіндер не бау-бақша салмайды, немесе қуаты күшті су сорғыштарын орнатып ауыз суды ұрлауға көшеді. Бұл бүгін ғана мәлім болып отырған ақиқат емес, бұл күресуге де, шешімін табуға да келмей тұрған түйткіл.

Осыдан келіп орынды реніштер, сындар айтыла бастайтыны түсінікті. Жаз күндері күні бойы үйдің бетін көрмей ойын салатын балақайларды кешке жуындырып-шайындырар кезде таза су беру тоқтатылып, керек кезде судың жоқ болуы көпшіліктің ренішін туыдырып келе жатқаны бір жылғы жағдай емес. Ал, суды босататын басты мекеме «Комтехсервистің» бұл ауыз суды үнемдеу мақсатындағы амалсыз алып отырған шарасы екендігін бәріміз де түсінгенімізбен, бұл кім-кімге де қолайсыз-ақ.

Жалпы Шыңғырлау ауданы таза ауыз суды тұтынуды Жаңакүш-Ардақ бағытындағы су көзінен алуда. Кей-кезде: «Болашақта Шыңғырлауда ауыз су тапшылығы пайда болуы мүмкін, таза ауыз су болмағасын қоныстанудың мәні бар ма» - деген желдей ескен қауесеттер де айтылмай қалмайды. Және бұл сөз жаз күндері суға шектеу қойылған кезде екі есе күшейетіні белгілі. Бұл мәселе туралы кезінде осы салаға ден қойған, жалпы ауыз суды үнемдеу, оны мейлінше ұқыпты пайдалану, жер асты су көздерінің қорын іздестіру мәселесіне «басын» ауыртудан шаршамаған еңбек ардагері Сағынғали Имашевтан сұраған едік.

- Қазіргі таңда аудан жұртшылығы таза ауыз суды Жаңакүштегі трасса бойынан алып отыр. Ардақтағы су тереңдігі 72 метрден алынып жатса, ал Жаңакүштегі су 25 тереңдіктен тартылуда. Тек бұл екі жерде ғана емес, Жіңішке мен Шоқтыбайда, Ақтауда да мол су көзі бар. Тіпті бүгінгі таңда Ардақтан суды ала отырып, Жаңакүштегі су көзінің қорын болашақ үшін деп қозғамай, ұстағанның да бір дұрыстығы бар сияқты. Дей тұрғанмен де осы Ардақтағы ұңғыма санын 4-ке жеткізсек, алда-жалда апатты жағдай орын алғанда қорда тұрған кез-келген ұңғыманы іске кідіртпей қоса қояр едік. Осы жәйтты да қайталап айтудан жалыққан емеспін. Тек бұл жерде бір баса айта кететін нәрсе-осы ұңғымалармен жұмыс жасайтын адамның іске жаны ашитын жауапты болуы әрі мұқияттылығы керек. Айталық, Қызылкөлдегі ұңғыма 1.500 куб су бұрғылай алатын болса, Жаңакүште су қорын жасақтау үшін 1000 куб резервуар қажет. Және ұңғыма жұмысын автоматтандыру уақыт талабы, мәселен резервуарға су толған кезде су сорғыш қондырғы өзі автоматты түрде сөнеді. Ал қолмен жұмыс істеу ескі жұмыс тәсілі, қазір технологияның қарыштап алған басқан кезінде автоматты технологияны неліктен пайдаланбасқа? Негізі Шыңғырлауда ауыз су тапшылығы туындайды деген сөздер орынсыз, - дейді Сағынғали Бисенғалиұлы.

Ертеңгі болашаққа болсын, келер ұрпақ ештеңеден қиындық көрмесін деп алаңдайтын еңбек ардагерінің пікірі осындай. Шынында да жер астынан таза суды айдайтын су сорғыштардың жыры да қайталанып, жауыр болған жәйт. Өйткені, темір де тозады, олар сыр берген кезде қорда артығы тұрғаны дұрыс. Жалпы осы су сорғыларды алып қою мәселесі де қолдан жасалынып отырған кілтипан сыңайлы. Мемлекеттік сатып алу әдісі осы жәйтқа да қолбайлау болуда. Ал егерде осындай босалқы бөлшектерді алып қоюға Үкімет қаражат бөліп қарастырса, немесе облыс, аудан бюджетінен белгілі бір қаражат үнемдеп, бөлінетін болса бұл мәселені де дер кезінде шешуге болатындай.

Таза ауыз судың қоры мол десек те оны үнемдеу басты мақсат болып қалу керек. Жарайды, жаз кезінде бау-бақша суаруға пайдаланады, тек ысырап етпейік деп су беру кестесін енгізіп, белгілі бір қалыпта ұстауға тырысамыз. Бірақ қыс айларында да ауыз суды үнемдеу мүмкіндігі бар ма? Әрине, жоқ. Үйдегі мал-жанын суғармай кім отыра алады? Амал жоқ, таза ауыз суды пайдаланатыны белгілі. Жалпы аудан басында шаруашылықпен айналысатын 250-ден аса шаруа иелері бар. Олардың бәрі бірдей аудан орталығында орналасқан жоқ, өздерінің қыстақтары бар, Жаңакүш, Үлгілі, Ағатан, Мырзағара т.б. деп тізбектей беруге болады. Осындай ойдай мал басы қысты күні қалай суғарылады деген сауалды аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рустем Еслямовке жолдаған едік.

- Ауылдық елді мекендердегі шаруа қожалықтарының көбісі өздері құдық қазып алған, сол жерден суғарылады. Ал аудан басында ірі мал басын ұстап отырған шаруашылықтар кемде-кем. Олар «Комтехсервис» мемлекеттік мекемесі бекіткен тариф шеңберінде есептеседі,-дейді.

Мал шаруашылығына қатысты тұста Кеңес Одағы кезіндегі ұтымды тәжірибелерді де еске түсіре кетелік. Кезінде көктемде еріген суды жинайтын жасанды тоғандар, бөгеттер болатын, оны әр шаруашылық көктемде қар суына толтыруға тырысып жататын. Қазіргі күні де шаруашылық иелері осы тәжірибені қолға алып көрсе-ше. Қар суы мен жауын-шашынды жинайтын су қоймаларын жасақтау тиімді әдіс секілді. Тек кезінде жер телімдерін алған шаруашылықтардың бәріне бірдей осындай су қорын жасақтауға мүұмкіндігі бар жерлер тиді ме екен деген сұрақ көлбеңдейді. Әйтпесе, ынтасы мен қажетті техникасы болса осы бір тірлікті әр шаруақор адамға жасауға болатын секілді.

Ертеректе, қысты күні аудан тұрғындары қорасындағы малын суғару үшін аулаларындағы қазылған құдықтарға су таситын көліктер арқылы су құйғызып алып, белгілі соманы төлеп отыратын. Және мұндай су құятын құдықтар әр аулада болушы еді. Қазір «Ақбұлақ» бағдарламасымен әр үйге таза ауыз суы кіргізілгелі құдықтарға су толтырып алу қажеттілігі болмай қалды.

Мәселеге қайта оралсақ. Аудан басында ауыз суды үнемдеу туралы мәселе жиі айтылған тұста көлік, кілем жуатын, монша қызметін ұсынатын, үйден қызмет көрсететін өзге де шағын кәсіпкерлердің көбейгенін де айта кеткен жөн. Айталық, бір көлікті тап-таза жуып шығу үшін он шелек сумен шектелмесі белгілі. Олармен аталмыш мекеме қалай есеп айырысады және сонымен қатар жұмыстары тікелей суға байланысты кәсіп иелерінің жұмысы есепке алынуда ма деген сауалды «Комтехсервис» мемлекеттік мекемесінің жауапты қызметкерлеріне қойған болатынбыз. Олардың қай-қайсысы да бірауыздан бүгінгі таңда таза ауыз суды пайдалану мөлшері көбейіп отырғанына назар аудартты.

«Қазіргі таңда жоқ дегенде әрбір екінші үйде өздерінің ванналары, су бүріккіштері, газға қосылған моншалары мен автоматты кір жуу мәшинелері тағысын тағылар бар. Бұлардың бәріне су керегі белгілі. Бұған қоса орталықтағы тұрмыстық қызмет көрсететін шаштараз, сауда орындары, дәмханалар мен мейрамханалар, көлік жуатын, монша қызметін ұсынатындар суды мөлшерден тыс тұтынады. Ал, тариф бойынша есептесу кезінде кежегелері қері тартып тұратындықтары шындық. Алғаш рет әрбір үйге таза су келген кезде мал ұстайтын тұрғындардың тіпті қораларына су тарту үшін екінші нүкте орнатып алғандықтары белгілі болып отыр. Алайда, сол екінші нүктені есепке алу үшін барғанымызда реніш білдіріп, ауласынан әрі асырмайтын тұрғындар да жетерлік. Тіпті суды ұрлап, магнит жапсырып, кем төлеуге тырысатындар бірнеше рет ұрлықтары ашылып жатса да айылдарын жияр емес»,-деседі олар үлкен қынжылыспен. Аудан басында 100-ден аса жеке кәсіпкерлер мен 50-ге жуық мемлекеттік мекемелер бар екен. Ұсақ сауда орындары әрі кетсе 1-2 куб қана су жұмсаса, кафе, дәмханалар мен көлік жуу, монша қызметін ұсынушылар т.б. ауыз суды екі есе шығындайтыны түсінікті. Суды мейлінше шектен тыс қолданушыларға кубына 412 теңгеден төлем бекітілген екен. Бұл бекітілген төлем суды кестесіз, мөлшерден тыс қолданушылар үшін төменгі бағаға жақын екені түсінікті. Осы мәселеден Үкімет те хабардар. Яғни, Үкіметтің кезекті отырысында осы су мәселесі, оны үнемдеу туралы тақырып көтерілген-тұғын. Сонда су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов көлік жуу орындары үшін су тарифінің бағасын өсіру туралы ұсыныс көтерген еді. "Қазақстанда жалпы су ресурстары көлемінің небәрі 1,3%-ы ғана ауыз суға пайдаланылады. Яғни, бұл 1,3 шаршы шақырым су деген сөз. Сараптама жасаған кезімізде шамамен 200 миллион шаршы шақырым суды техникалық қызмет көрсету стансаларының автокөліктерді жууға шығындайтынын анықтадық. Қазір біз Су кодексінде қандай да бір аралық норма қарастырғымыз келеді. Әзірге нақтылаған жоқпыз, талқылап жатырмыз. Техникалық қызмет көрсету стансаларында ауыз суды пайдаланатын кәсіпкерлер белгілі бір уақыт аралығында автомобиль жууға қолданған суды тазалайтын жабдық орнатуға тиіс. Суды қайтадан пайдалануы қажет. Екінші мәселе – тариф бойынша шешеміз. Демек, ауыз суды басқа қажеттілікке пайдаланатындарға тариф әлдеқайда жоғары болады",-деді Нұржан Нұржігітов.

Ерте ме, кеш пе тегін жатқан батпан құйрық жоқтығын уақыт өзі алдымызға дәлелдеп әкелері түсінікті. Бір кезде тарсылдатып бидон сүйреп, таза су әкелетін көлікті күтіп, кезеккке тұрып жүрген қиын кездерді тез ұмытып кеттік. Қазіргі күні су тегін, сұрауы жоқ болып бара жатыр. Қазір есіргеніміз соншалық, ауламыздың ішін сумен салқындатып, жуатын болдық. Бірақ, бар нәрсенің қадірін білейік. Қара суды бүгін үнемдемесек, болашақ ұрпағымыз да бізден көріп үнем, ысырап деген ұғымды ұғып өспесі түсінікті.

Сарапшылардың айтуы бойынша Қазақстан 2050 жылға қарай суға мұқтаж мемлекеттің қатарына кіруі мүмкін екен. Сол себепті де су ресурстарын үнемдеу тек мемлекеттің ғана мәселесі емес, бұл әрбір адамның табиғат, келер ұрпақ алдындағы міндеті.

                                                                                                Гүлшат Ботанова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале