25.08.2024, 19:37
Оқылды: 3

Қарадан хан болған Сейіл

Кеше Алматы, Шымкент, Орал қалаларынан, сонымен қатар облысымыздың Новенкий ауылынан, Жаңақала, Теректі, Казталов, Бөкей ордасы және тағы да басқа аудандарынан, аудан орталығы Қаратөбеден келген Алаша Қарабура руының ұрпақтары 1868-1869 жылдары қазақтың жері үшін ұлт-азаттық көтерілістің басшысы болып, Қарадан хан болған өздерінің ата-бабасы, батыр Сейіл Түркебайұлының ерлікпен қаза тапқанына 155 жыл толуына орай Саралжын ауылында ұйымдастырылған іс-шараға қатысты.

IMG-20240826-WA0001

Іс-шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған, кезінде Саралжын Кеңшарының директоры болып қызмет жасаған еңбек ардагері Зарлық Мусин мәдениет үйінің алдындағы жазғы сахнаға жиналған жұртшылықты «Түркебай» қорымындағы Сейіл Түркебайұлының зиратына бастап апарып, тарихта аты қалған Сейіл батырдың әкесі Түркебай Өтесұлы туралы қысқаша әңгімелеп берді.

IMG_9843

Сейіл Түркебайұлының немересі Баяздың қыздары Ажар, Айжан, Зәмзә апайлар зират басына ақтық байлап, құран бағыштады.

Сейіл Түркебаев – батыр, қолбасшы, патшалық Ресей үкіметінің қазақ даласын отарлау жөніндегі 1868 жылы жаңа әкімшілік ережесін енгізуге қарсы шығып, 1869 жылы Орал,Торғай облыстары тұрғындары көтерілісін басқарған. Көкжар бекінісіне (Ойылға) көмекке жіберілген жазалаушы жасақты қарауындағы жауынгерлерімен түгел талқандап, бастығымен бірге жойған. Осындай жеңістерге жол бастаған Сейілді көтеріліске қатысушылар жақсы қолбасшы деп бағалап, Көкжар бекінісінде Сейілді ақ киізге отырығызып хан сайлап, «Қарадан хан болған Сейіл» – деп атаған.

IMG_9856

Осы тарихи дерекке сай жазғы сахнада аудан өнерпаздарының халықтың құрметіне бөленген Сейіл Түркебайұлын ақ киізге отырғызып хан қылып сайлағаны туралы театрландырылған көрінісі керемет сомдалды. Одан кейін сахнаға көтерілген белгілі жыршы, термеші Фархат Оразов Сейіл Түркебайұлының ерлігі мен шешендігі, тапқырлығы және палуандығы, құралайды көзден атқан садақ атудағы шеберлігі мен Түрікпен ханы Сейілханмен тіл табысудағы бітімгершілігінен сыр шертетін Алаша Қарабура Мағзом Оразалиевтың жазған жырын орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Саралжын ауылының тумасы, Сулыкөл ауылдық округінің шаруа қожалығының жетекшісі Нұрболат Темірбайұлы бір сағаттан астам уақыт жыр орындаған Фархат бауырымыздың иығына шапан жауып, ат мінгізді.

IMG_9897

Сонымен бірге Сейіл ханның немересі Баяздың қыздары жыршы Фархат пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Набиоллаұлының иығына шапан, осы іс-шараны ұйымдастырушы Зарлық Жекейұлының иығына күрте, атаулы шараға арнайы шақырылған Қайыржан ағамыздың зайыбы Рысты Хакімқызы апамыздың иығына камзол жапты.

Жазғы сахнада Зарлық Мусаұлы шараға белсене қатысқан аудандық мәдени-демалыс орталығы директорының міндетін атқарушы Аяжан Исмагулова мен Орал қаласынан келген Саралжын ауылының тумасы, белгілі тарихшы Жаңабек Жақсығалиевке, Саралжын ауылдық округінің әкімі Самғат Зейнуллинге алғысхат табыстады. Келген меймандарға аулдағы «Мәдина» тойханасында ас беріліп, құран оқылды.

Облысымыздың аудандарынан келіп, шараны ұйымдастыруға өздерінің үлестерін қосқан азаматтар мен азаматшаларға алғысхаттар табысталды.

IMG_9925

Тойханадағы ас беру рәсіміне қатысушы Орал қасынан келген Тілекқабыл Сағынов ағамыз бен тарихшы Жаңабек Жақсығалиев, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Меңдешов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамазан Қыдаршев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Салахаден және бір топ меймандар мен Саралжын ауылының азаматтары, азаматшалары сөз алып, өздерінің жылы лебіздерін жеткізді.

Саралжын ауылының тумасы Жаңабек Жақсығалиев: «Батырларымызды дүйім жұртқа таныту үшін Жымпиты мен Қаратөбе ауылының арасындағы жол бойына Сейіл ханға ескерткіш орнату керек. Ол кісі Махамбет пен Исатай, Сырым батырлар секілді мықты батыр болғанын келешек ұрпақтың біле жүргені дұрыс» - деген ұсынысын айтты.

Ерболат Райсов,

Қаратөбе ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале