2.09.2020, 16:25
Оқылды: 244

Қаракөл  –  табиғаттың тұмса  бөлшегі

Жаз мезгілі – демалыстың қызатын шағы. Қолы қалт еткен адамдар табиғат аясында қыдырып, жанға сая, дертке дауа болатын тұмса мекен іздеуге әуестенетін кезең. Өзім табиғаты әсем Егіндікөлде туып­өскендіктен көп жерде болсам да, табиғатына аса таңдана қоймайтынмын. Жуырда әріптестерімнен Қаракөл ауылының адам көрсе таңғалар тұмса табиғаты мен таңғажайып, іздеген жанның қызығушылығын тудыратын шатқалдары туралы естідім. Содан бұл кереметті оқырмандарымызбен бөліспекке бел будық. Әрі бұл жер ауданымыздың көрікті мекендерінің бірі ғана емес, түрлі қазба байлықтарға бай екен. Әрбір қазақ – боз жусаны аңқыған, боз селеуі шалқыған даланың төлі. Туған жер – тұлғаның табан тірер тұғыры десек, кіндік кескен жерімізді насихаттауымыз керек. Сондықтан да туған жеріміздің әрбір бұрышы сыр бүгіп жатқандай тарихын тағылымға айналдыруды өзімізден бастайық деп шештік. Осы ағаттықтың орнын жоюға әрі ауыл­-аймақтың тыныс­-тіршілігін білуге себепкер ретінде «Қаратөбе өңірі» редакциясы ұжымы болып, Қаракөл ауылдық округінің Ақтайсай ауылына жол тарттық.

AktaisaI (1)

Ақтайсай сапары

 Ақтайсай ауылы аудан орталығынан шығысқа қарай 35 шақырым жерде далалық белдемде орналасқан. Жердің «Ақтайсай» аталуының тарихы жөнінде мынадай аңыз бар. Осы маңды адайлар мен ысықтар жаз жайлау етіп, күзде Маңғыстауға кері көшіп отырған. Осындай бір көші­қон кезінде Шегіренің тұңғыш баласы Ақтай барымташыларға тап болып, жараланып, еліне жете алмай жолда өледі де, әкесі баласын қазіргі Ақтайсайдың жағасына аманаттап көмеді. Жолда қайтарда баланың мәйітін қазып алып кетеді. Аудан мен ауыл арасы бір сағаттай болып қалады. Кедір­бұдыр жолдармен жүрсек те, әріптестерімнің әдемі әңгімесі сапасыз жасалған жолға сын айтуға уақыт таппай тез жеткізді. Жолай Ақтөбе, Маңғыстау, одан әрі басқа қалаларға апарар жолда кездестіретін түйені осы сапарымда көріп, таңғалғанымды да жасырмаймын.

AktaisaI (5)

 Атқарылған істер ауқымды

Ақтайсайдың кіреберісінің өзі ерекше екен. Біз алдымен округ әкімдігінің ғимаратына кіріп, округ әкімі Эльдар Ниязбекұлымен амандасып, келген шаруамызды айттық. Бізді әкім жылы шыраймен қарсы алып, ауылды әкімдіктің айналысынан бастап таныстырды. Округте қоғамдық жұмыстағы жастардың бірігуімен субұрқақ жасалып, ойын орталығы қолға алынып жатыр екен. Бізге ең ұнағаны – ауладағы жайқалып тұрған гүлдердің қазақы ою пішінімен егілгені. «Хайп» деп істегенін айтып жариялауға тырысатын мынау қоғамда, суретке түсуге, істегенін айтуға ұялып, жақсылықты жарияламау керек қой деп тасада қалған еңбекқор әрі қайырымды жастарды көргенде ішіміз жылып, қуанып қалдық. Елі үшін еңбек ететін, оны елге жария қылмайтын осындай жастарымыз көп болсын деген тілек тіледік. Шет аймақ болғандықтан халықтың көпшілігі аудан орталығына, қалаларға қоныс аударған. Бұрын дүркіреп тұрған, мал және егін шаруашылығымен шұғылданатын Ақтайсайдың халқы қазір сиреп­ақ қалғанын жасырмаймыз. Ол үшін, әрине, жерасты қазба байлықтарын игеріп, тұмса табиғатын туризм орталығына айналдыру қажет­ақ. Ауыл ішімен, жалпы жағдайымен бір танысып алып, «УАЗ» көлігіне мініп, Таян өзенінің бойында орналасқан бұлақ басына жол тарттық. Тастөбеден түскен күннің ыссылығы сонша, құдды бір көліктің ішінде пеш қосып келе жатқандаймыз. Жол­жөнекей әріптестерімнен бөлек жол қысқартатын жолаушылар да көбейді. Сағыммен жарысып, кезіндегі Таян өзені бойында, бүгінде көлшік болып қалған бұлақ көздерін араладық. Жазғы жауыннан кейінгі көлшік дейін десем, жаңбыр жаумағанына біраз болды. Алайда бақырашымызды ұстай, қасына жақындай келе бұлақты таяқпен қазғылап көрсең, көзден су тоқтаусыз, бірақ аз мөлшерде ағып жатқанын көрдік. Бұл көзден шыққан суды төрт түлік лайлап кетеді екен. Айналасын қоршап, көзін аршып, арналарын кеңітер болсақ, сылдырап аққан бұлақ болып, ел игілігіне жарар ма еді деген ой келді.

AktaisaI (6)

Шыңғыссайдағы мұнай

Сапарымызда әрі қарай Ақтайсайдың шығысында орналасқан Құрсай, Құбасай, Шыңғыссай, Көмірсайға қарай бет алдық. Бұл маңнан басын Алмас тауынан алған Жақсыбай өзені ағып өтеді. Жақсыбай өзені 296 шақырым алқапты алады. Салалары: Шыңғыссай, Майлысай, Көмірсай, Құрсай, Ащысай. Жоғарыда атап өткендей, бұл жер табиғат байлығының көптігімен ерекшеленеді. Алдымен барған жеріміз Шыңғыссай болды. Аңыз әңгімелерге сүйенер болсақ, халық бұл жердің атауын Шыңғыс деген байдың есімімен байланыстырады. 1914 жылы ағылшын экспедициясы осы аймақта жерасты байлығы бар деп белгілеген.

Шыңғыстың кені – мұнайы жөнінде әңгіме де, кенші мамандардың ізденістері де көп. Нарық жылдары мұнай қондырғысының аса бекітілмегенін пайдаланып, ағып жатқан майды сорып алып, 1­2 жыл ауданды тығырықтан шығарғаны елге мәлім деседі. Бұл кеніштен 1986­2009 жылдар аралығында өндірілген мұнай автокөліктер арқылы тасымалданған. Қазіргі таңда 12 жерден мұнай көздерін бітеп қойған. Келер жылы Шыңғыссайда кен орны салынып, қалашыққа айналмақ.

Құрсай мен Жарлысай

Кейіннен аялдаған жеріміз Құрсай деп аталады. Ауыл адамдары бұл маңды Борсай деп те атайды екен. Бұл жерде ақ бордың өте үлкен қоры жинақталған. Жақын маңдағы тұрғындар осы жерден ақбалшықты қазып алып, үйлерінің, қора­қопсысының сыртқы беттерін әктеуге пайдаланады. Жаңбыр суына шыдамдылығымен ерекше. Сапарымыз Жарлысайда жалғасты. Жарлысайда да бор қабаттары 10­15 метрдей әктас қабатты құрайды. Бұл маңда тік жарқабақтардың биіктігі 3­4 метрге дейін жетеді. Аталу себебі осы тік жарларға байланысты болар деп топшыладық. Жарқабаққа қарап Жаратқанның шеберлігіне таңырқайсың! Біздің алдымызда 2­3 апта бұрын ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жакен Таймағанбетов Құрсайдан табылған тастардың жасы 600 млн. жылды құрайды деп пікір білдіріпті. Шатқалдағы оқшау тау-тас, тіпті өсімдіктеріне дейін ерекше. Мұнда аймақтың тыныш пейзаждарын тамашалап, сөзбен айтып жеткізе алмайтындай сұлу табиғи жаратылыстардан ләззат алуға болады. Бұл жер, әсіресе фотосуретшілер үшін таптырмас көрікті орын. Табиғаты көз тартатын көптеген қызықты орындар мен нысандар шығармашылық қиялдың жетегіне еліктіріп әкетеді. Осы жерлерді аралап, естелікке суретке түсіп, тамаша табиғатына тамсанамыз деп жүріп 2 сағаттай уақытымыз кетіпті. Жарқабақтан төмен түсіп, аралап, кері көтерілгенімізде әрі күннің ыстығы бар, бәріміз шөлдеп қалыппыз. Ауылдан алып шыққан бір құты суымыз дым болмай, түбінде аз қалғанға жарыса жүгіріп келе жатқан әріптестеріме әкім ағамыздың әзілі қосылып, қалған суға олар жетем дегенше көздерінше беті-қолын жуып жібермесі бар ма? Оқып отырып, бұнысы сұмдық екен демеңіз. Қосымша су салып алыпты машинаға. Суға шөл қандырып, ауылға беттедік. Ауылға жете бергеніміз сол әкім мырзамыз келіншегіне қазан көтергізіпті. Салт бойынша қазаққа қонақтан қадірлі ешкім жоқ. Өзге жұртта кездесе бермейтін қазақы қонақжайлық деген осы. Шақырылмаған жандарға дастарқанын қабақ шытпай жаятын, бар болса қазан көтеретін бізден басқа дархан халық жұмыр жер бетінде жоқ шығар, сірә?! (Өзіміздің бойымыздағы жақсы қасиетті мақтаныш тұтқанның артықтығы жоқ шығар?!)

P.S. Сапарымызда туристердің демалыс орнына айналар қасиетті жердің бүгінгі халін көріп, тарихшылар алаңдаушылық туғызатынын айтпасқа болмас. Демалушылар әр уақытта табиғатты аялау, тарихи-құнды орындарды қастерлеу ұғымдарын ұстана бермейді. Сырын ішке бүккен мекенді келер ұрпаққа сол күйінде жеткізуді мақсат ету қажет-ақ. Ондай болса, осыны қолға алуды бүгіннен, өзімізден бастайық. Жалпы айтады ғой, «Мың рет естігенше, бір рет көр» деп. Атын соңғы уақытта көп естіп жүрген Ақтайсай ауылының тыныс-тіршілігімен бір таныс болып, ауылды аралап, табиғат байлықтарын көзімізбен көрдік. Білмеген тарихына қанықтық. Іссапар да, тауы да, мұнайы да бір тарих болып санамызда қалды. Жастары жақсылыққа құмар екен. Елде атқарылар бірқатар істермен де таныс болдық. Бұл сапарда ең бастысы телефонға емес, табиғаттың сырына үңілдік. Телефон қарайық десек те, ауылда ұялы байланыс жоқ екен.... Бұрынғылар «Кен асылы – жерде, сөз асылы – елде» деуші еді. Сол рас сөз. Елде әлі де болса жиналмай жатқан ескі әңгімелер баршылық. Соларды ерінбей жинап, жүйелеп, бір ізге түсіріп, елді мекендерді аралап шығу алдағы жоспарымызда бар.

Үміт Шурина,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале