4.09.2020, 9:55
Оқылды: 45

Карантин кезінде де оқырманнан қол үзбеді

Данагүл Алхамова Бәйтерек ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылдық кітапханасында түрлі іс-шараларды үзбей өткізіп, оқырмандармен тығыз қарым-қатынас орната алды. Әсіресе кітап оқушылар саны күрт артқан карантин кезінде ол оқырман сұраған қандай да ақпарат пен әдебиеттің электронды нұсқасын сілтеме арқылы жіберіп, көпшіліктің алғысына бөленді.

Danagyl (1)

Сондай-ақ Данагүл Тілекқызы жоспарлы шараларды да үздіксіз өткізіп келеді. Халықаралық кітап және авторлық құқық күніне орай «Кітап – сарқылмас рухани қазына» атты онлайн мәнерлеп оқу сайысын, балаларды қорғау күні мерекесінде «Балғын балалар – біздің болашағымыз» атты ертеңгілік, Рәміздер күніне арналған «Мемлекеттік рәміздер – еліміздің мызғымас негіздері» атты онлайн танымдық сағатын ұйымдастырды. Сонымен қатар Михаил Шолоховтың 115 жылдығына арналған «Жазушының шуақты күндері», Кеңес Одағының Батыры, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан  Момышұлының туғанына 110 жыл толуына орай «Мәңгі тірі Момышұлы», репрессия құрбандарын еске алу күні қарсаңында «Қуғын-сүргін қасіреті» атты тақырыптық сөрелер жинақтап, оны арнайы ашылған whatsapp месенжеріндегі топқа жіберіп, оқырман қызығушылығын оятты.

Ауданымыз бен облыс орталығында өтетін түрлі сайыстарға да қатысуды әдетке айналдырған ауыл кітапханашысы Қадыр Мырза Әлінің 85 жылына орай аудандық Достық үйі ұйымдастырған «Қадыр қазынасы» онлайн мәнерлеп оқу байқауына, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған онлайн сайысқа қатысып, өзі де, оқырмандары да жүлделі орындарды қанжығасына байлады.

Заман талабына сай лайв режиміндегі жұмысқа бейімделе түскен Данагүл Тілекқызының шараларын асыға күтетін, оқырмандары оның әр ісіне риза.

Меруерт Ешниязова,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале