21.01.2021, 20:14
Оқылды: 20

Карантин талаптарын өз деңгейінде сақтаған округ 

Қаңтар айының 20-сы күні Қаратөбе ауданына қарасты Жусандыой ауылдық округінде аудан әкімі Жанат Асантаев, ауылдық округ әкімі Талап Қазиев округ халқы алдында есеп берді. 

 IMG_3864

       Есепті жиында ауылдық округ әкімі Талап Қазиев өткен жылы округте атқарылған жұмыстарды баяндады. Әкім алда атқарылатын жұмыстарға тоқталып, өткен есепті жиында ауыл тұрғындары тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Ауылдық округ әкімі Т.Қазиевтің айтуына қарағанда, елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде індеттің алдын алу, сақтану шаралары туралы жұмыстар кеңінен жүргізіліп, қамқорлыққа зәру отбасыларға ауыл кәсіпкерлері мен еріктілер, жалпы ауыл тұрғындары демеушілік жасап, үлкен көмек берген. Ауыл халқының бірлігі мен ұйымшылдығы және карантин талаптарын өз деңгейінде орындау нәтижесінде округ бойынша жыл ішінде пандемия тіркелмеген. Карантин талаптарын бұлжытпай орындаған ауыл халқына ризашылығын білдірген ауыл әкімі осы бағытта сақтық шараларын жалғастыра беру қажеттілігін алға тартты.

Аудан әкімі Жанат Асантаевтың халық алдындағы есепті баяндамасында аудандағы барлық салалар бойынша жыл ішінде атқарылған жұмыстар қамтылды.

- Тұрғын үй мәселесі қазіргі уақытта ең өткір мәселелердің бірі болып табылады. Қазіргі таңда ауданда тұрғын үй кезегінде әртүрлі санат бойынша 270 адам тұр. Кезекте тұрған аудан тұрғындарына жаңа баспана алуға мүмкіндік туғызу үшін аудан орталығында 67 бірпәтерлі тұрғын үйдің құрылысы өткен жылы басталған болатын. Ағымдағы жылы аталған тұрғын үйлер кезек бойынша пайдалануға берілетін болады. 2020 жылы барлығы 7019 шаршы метр пайдалануға берілді. Оның  ішінде 2 656 шаршы метр 21 жеке тұрғын үй пайдалануға берілсе, 4 363 шаршы метр, 67 коммуналдық тұрғын үйлер пайдалануға беріледі.

IMG_3861

3 жоба бойынша жобалық-сметалық құжат дайын. Олар БҚО Қаратөбе ауданы Қаратөбе ауылында бір пәтерлі тұрғын үймен біріктірілген учаскелік полицияның тірек пунктінің құрылысы, Қаратөбе ауылы, «Темірауыл-1» тұрғын кешеніндегі 83 бірпәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы. Қаратөбе ауылындағы үш 4 пәтерлі бір қабатты тұрғын үйлердің құрылысы. Тағы бір төртінші жоба бойынша жұмысы өткен жылы бастау алған аудан орталығындағы Айтқожин және Тоққожин көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жалғасады, - деді аудан әкімі Жанат Асылханұлы.

«Еңбек-Марқа» бағдарламасы бойынша грантқа ие болған ауыл тұрғыны Айгүл Мусина өткен жылы округте біраз шаруалардың тындырылғанына ризашылығын білдіріп, аудан әкімі Жанат Асантаевтың, ауыл әкімі Талап Қазиевтің жыл ішінде атқарған жұмыстарына оң баға берді.

Жиын барысында аудан әкімі Ж.Асылханұлы елімізде 10 қаңтарда өткен сайлауға байланысты жұмыстарды ұйымдастыруда белсенділік танытқан ауылдық округ әкімі аппартының бас маманы Ербол Бақытжанов пен Ханкөл орта мектебінің директоры Жанар Омароваға алғыс хат табыстады.

Округте өткен есепті жиынға аудандық мәслихат хатшысы Қадыржан Сүйеуғалиев, аудан әкімі аппаратының басшысы Азамат Карменов, сала басшылары Назира Жұмағалиева, Нұржан Сахипов, Нұрбол Бозов, Мербол Есендосов қатысты.

 

Ерболат Райсов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале