«Мейірбандылық күндері» аясында Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов пен аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ерлан Сәрсенов Орал қаласындағы жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемесіндегі жерлестерімізбен кездесті.
Өкінішке орай, ел арасында «Қарттар үйі» деп аталатын мекемеде 13 сырымдық тұрып жатыр. Олардың арасында қартайған шағында қамқорлықсыз қалған қариялардан басқа, бағып-қағатын күтушісі жоқ мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Пандемияға дейін Сырым ауданы әлеуметтік мекемедегі жерлестер үшін Жымпитыға біркүндік сапар ұйымдастырған еді. Карантиндік шектеулердің осы дәстүрді бір-екі жылға үзгені де рас. Дегенмен қамқорлық үйінің тұрғындары жоқтаушыларымен қауышып, бір жасап қалды. Асланбек Сарқұлов қазақы қалыппен үлкендерге сәлем беріп, жағдайларын біліп, амандық-саулық сұрасты. Барлық жерлесімізге елдің атынан дәм мен сый-сыяпат берілді.
Сырым ауданындағы «Демалыс орталығы» мекемесінің көркемөнерпаздары әлеуметтік мекемедегілер үшін тамаша концерт қойды.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz