Халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Соның ішінде шекара маңындағы ауылдар мен елді мекендерді дамытудың стратегиялық маңызы зор. Шекара маңындағы ауылдардың бірі Қараоба ауылында бірқатар ілкімді істер атқарылып жатыр. Ауылда төрт отбасы баспаналы болды.
Бірлігі бекем ауылдың қуаныш тойына аудан әкімі Асланбек Сарқұлов қатысып, тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға баспана кілтін табыстады.
– Қазіргі таңда Қараоба ауылында біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Күні кеше дәрігерлік амбулаторияға жедел жәрдем көлігі берілді. Ауылға Сарыөзеннен техникалық су жеткізілді. Сонымен қатар ауылішілік жолдар жөнделіп жатыр. Ал қазір Мемлекет басшысының халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес төрт жаңа тұрғын үйдің кілтін табыстап отырмыз. Бұл ынтымағы жарасқан ауылдың үлкен қуанышы деп білемін, - деді аудан әкімі.
Қараоба ауылының тұрғындары Дүйсенбай Рахметуллин, Айнагүл Хадешова, Күнсұлу Уразова, Сандуғаш Қажмұратоваға жаңа баспананың кілті табысталды.
Іс-шарада баспана иелері, ауыл тұрғындары сөз алып, алғыстарын айтты.
Асылбек Нәсіпқали
Казталов ауданы