9.07.2018, 15:56
Оқылды: 255

Қараөзенде шабындыққа шалғы түсті  

 

IMG_0107«Қыстың қамын жазда ойла» дегенді басты назарда ұстайтын қазталовтық шаруалар шөп шабу науқанын бастап та кетті. Қараөзен ауылдық округіне қарасты «Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі Тұрарбек Татпановтың шаруашылығында болған едік.


Шөп шабу науқаны басталысымен, аудандағы барлық округтер шаруагерлеріне өздеріне тиесілі жерлерін белгілеп, шабындыққа шалғы түсірді. Біз аралаған Тұрабек Татпанов шапқан шөптерін жинап, қыстақ орындарына тасып алу қамында екен. Ал енді бірі пішенін саттыққа шығаруға дайындап жатты. Таңмен таласа тұрып, ерте еңбекке араласатын пішеншілер жұмысы оңай емес. Қожалық жектшісінің айтуынша, қазір бригадада үш адам екі трактормен жұмыс жасауда. Өрт қауіпсіздігін сақтай отырып, мол өнім алуды көздеген бұл қожалық артылған шөпті саттыққа да шығармақшы.

Шабындықта шалғы сырылы басталып, мал азығын дайындау барысында басты қаперге алатыны – қауіпсіздік. Өткен жылдары қауіпсіздікке салғырт қарау салдарынан дала өрті өршіп, шабындық жермен қоса адам өлімі мен біраз малдар отқа оранған болатын. Қожалықтағы шөп шабу техникалары қызу жұмыс үстінде екен. Тракторшылар өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында өрт сөндіргіш құрал, киіз, сапалақ, күрек секілді керек-жарақтарын өздерімен бірге алып жүр.

-Маңдай термен келген еңбектің қызығын көремін деген шақта шапқан шөп пен техниканы «тілсіз жау» жалмап кетсе, кім-кімге де оңай тимесі анық. Сондықтан әр шаруагер еңбегі еш кетпеуі үшін қауіпсіздікті қатаң сақтағаны абзал. Таңмен ерте тұрып, күннің ыстығында демалып, кешкі салқынмен жұмыстар атқарып жатырмыз. Бүгінде бес адамды жұмыспен қамтып, биыл 2000 рулон жинауды жөн көріп отырмыз. Қыстағы табиғаттың тосын мінезіне дайын болуымыз қажет,-дейді бізбен әңгімелескен «Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі.

Аман ЕСЕН

Қараөзен ауылы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале