Қаратөбе аудандық аумақтық сайлау комиссиясының қаулысымен Қаракөл ауылдық округі əкімінің сайлауы ағымдағы жылдың 10 желтоқсанына тағайындалған болатын.
Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің əкімдерін сайлау бойынша 10 желтоқсанда Қаракөл округіне қарасты №274 Ақтай сайлау учаскесінде және №275 Алакөл сайлау учаскелерінде округ əкімінің сайлауы өтуде.
№274 Ақтай сайлау учаскесінде дауыс беру таңғы сағат 7-де басталып, Мемлекеттік Гимн орындалды. Сайлаудың ашылу салтанатын уческелік сайлау комиссиясының төрағасы Асылан Исмагулов құттықтау сөз сөйлеп ашты.
Ауыл тұрғындарының сайлауға қатысуы қарқынды. Алғашқы дауыс беруші ауыл тұрғыны Берік Рахымғалиев сайлау комиссиясының алғысхаты мен сыйлығына ие болды. Округтегі егде сайлаушы, 83 жастағы Ынташ Кенжесова да сайлау учаскесіне ерте келіп өз таңдауын жасады.
Дауыс берушілер заң шеңберінде өз таңдауларын жасап, сайлауға белсене қатысуда. Ауылдық округ әкіміне кандидар 3 үміткер бар.
Қаракөл ауылдық округі бойынша 391 сайлаушы тіркелген. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының таңғы сағат 10-дағы мəліметіне сәйкес 132 сайлаушы, яғни дауыс берушілердің 33,7 пайызы дауыс беріп үлгерген.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz