Бүгін «Қаратөбе – кіндік қаным тамған жерім» деген атаумен аудандық мәдениет үйінде «Ізгілік» қоғамдық бірлестігі мен аудандық пробация қызметі бөлімінің ұйымдастыруымен өткен рухани-танымдық іс-шарада қоғамдық ұйымдар, құқық қорғау орындарының өкілдері пробация қызметі есебіндегі аудан азаматтарымен кездесті.
Кездесу барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамазан Қыдырашев, Қаратөбе ауданы прокуратурасының аға прокуроры Ислям Нұрғалиев, аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Айбек Сайнов, аудандық «Мансап» орталығының маманы Ерлан Жайымов сөз алып, тәртіп пен адал еңбектің қоғамдағы маңызы, мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер туралы айтып, заң аясында түсініктер берді.
– Бүгінгі аталмыш рухани-танымдық іс-шараның форматы ерекше. Іс-шара тақырыбының негізгі өзегі қоғам тыныштығын сақтау.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамазан аға айтып өткендей қателеспейтін адам болмайды. Бірақ кеткен қателікті қайталап болдырмау маңызды. Басты мақсат қоғамдық тәртіптің сақталуы, – деді «Ізгілік » қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әмірбек Әлібекұлы.
Іс-шараны Пробация қызметі бөлімінің Қаратөбе ауданы бойынша аға инспекторы Самғат Байғалиев қорытындылады.Кездесуге қатысқан Пробация қызметі есебінде тұратын отбасы аз қамтылған азаматтарға қайырымдылық қоржын таратылды.
Аталмыш іс-шараға қатысушылар естелік суретке түсті.
Ерболат Мырзағұлұлы
Қаратөбе ауданы