Бүгінгі таңда Қаратөбе ауданы бойынша су тасқыны орын алған елді мекендерді қалпына келтіру жұмыстары басталды.
биылғы жылдың 27 наурыз күні Жақсыбай өзені толық тасып, Аққозы ауылдық округінің орталығы Қоржын ауылына су кірген болатын.
Қоржын ауылы бойынша 99 жеке тұрғын үй және әлеуметтік нысандар фельдшерлік-амбулаториялық пункт, ауылдық клуб, әкімшілік ғимараты, электр станциясы және ветеринариялық станцияның мекемелерін су басты.
Қоржын ауылы бойынша 130 ауланың мал ұстайтыны 74 аула. Есептеу комиссиясының қорытындысы бойынша мал шығыны МІҚ – 79 бас, қой және ешкі малы – 949 бас, жылқы 3 бас, құс – 74.
5 сәуір күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауданымызға арнайы жұмыс сапарымен келіп, Қ.Жұмалиев атындағы мектеп-гимназиясында орналасқан эвакуациялық пунктіндегі Қоржын ауылының тұрғындарымен кездесіп, өтініш-тілектерін тыңдады.
Бүгінгі күнге аудан бойынша су тасқынынан зардап шеккен 675 адамға 41 млн. теңгенің гуманитарлық көмегі көрсетілді.
Атап кетер болсақ, «Amanat» партиясы облыстық филиалы, БҚО ассамблеясы, Қалдығайты, Егіндікөл ауылдарының жастары, Орал қаласындағы Аққозы ауылының тұрғындары, Түркістан облысының еріктілері, Алматы және Тараз қалаларының кәсіпкерлері киім-кешек, азық-түлік, дәрі-дәрмек, мектеп формасы, бір реттік ыссылай тамақ, қажетті құралдардан гуманитарлық көмек көрсетсе, Аққозылық ағайындар Салауат және Жандос Айталиевтердің бастамасымен құрылған «Аққозыға көмек» қорына 21,8 млн теңге жиналып, 70 үйге 310 000 теңгеден қаржылай көмек көрсетілді.
Сонымен қатар, ҚР Президенті әкімшілігі атынан тұрғындарға қаржылай және оқушыларға мектеп формалары берілді. Оның сыртында жергілікті бюджеттен 102 адамға 18,9 млн теңге біржолғы материалдық жәрдемақы төленді.
Ауданымыз бойынша «Менің Қаратөбем» қоғамдық қоры жанынан арнайы есеп-шот ашылып, мекеме қызметкерлерінің 1 күндік еңбекақысы аударылуда.
Су тасқыны кезінде автомобиль жолдарының 8 жерінде жырып кетуі орын алса, 14 жерінен судың шайып кету фактісі орын алды. Қазіргі таңда Сулыкөл, Жусандыой ауылдық округтері бағытындағы жол қатынастары уақытша қалыпқа келтірілді.
Келтірілген залалды есептеуге 1 сәуір 2024 жылы аудан әкімінің №14 шешімімен аудан басынан арнайы комиссия құрылды. Бүгінгі күні комиссия келтірілген залалды есептеуде.
Бекжан Қойшекенов,
Қаратөбе ауданы,
zhaikpress.kz