Қаратөбе ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевтің төрағалығымен актив отырысы өтті. Актив жиналысында Қазақстан Республикасының Конституциясының жобасы талқыланды.

Актив жиналысын аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы алғысөзбен ашты.
– Біз бүгінде тарихи маңызы зор кезеңнің куәсі болып отырмыз. Бұл - тарих алдындағы ортақ жауапкершілік. Сондықтан, алдағы уақытта Қазақстан халқы «Бір ел – бір мүдде – бір ұлт» қағидаты аясында бірлесіп ауқымды жұмыстар атқаруы қажет.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақ мемлекеттігін нығайту, тәуелсіздікті сақтау – жаңадан құрылатын Қазақстан Халық кеңесінің алдына стратегиялық міндет ретінде қойылды.
Бұл бастама – қоғам сұранысына сай заманауи талаптарға жауап беретін, әділетті әрі құқықтық мемлекетті одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Конституция – елдің саяси, әлеуметтік және құқықтық дамуының берік іргетасы. Сондықтан оған енгізілген әрбір өзгеріс терең ойластырылып, жан-жақты талқыланып, халыққа толық әрі түсінікті жеткізілуі тиіс.
Біз бүгін осы мақсатта бас қосып отырмыз, - деді Қадыржан Орынбасарұлы.
Актив отырысында Қаратөбе аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Мәулен Қожахметов Конституция жобасын талқылау барысында өз пікірін ортаға салды.
– Мемлекет басшысының Қызылорда қаласында өткен V Ұлттық құрылтайда айтқан әрбір сөзі елдің болашағына бағытталған нақты іс. Ел тарихында қалатын - үлкен белес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ел дамуының жаңа конституциялық үлгісін ұсынды.
Ең алдымен Парламентке - Құрылтай атауын беру туралы бастама – бұл біздің ұлттық болмысымыз бен ата-бабамыздан қалған дәстүрлерімізді төрге шығарудың белгісі. Бұл қадам билік пен халықтың арасындағы сенімді нығайтып, Заң шығарушы құрылымның жауапкершілігін арттыратын ақиқат, - деді Мәулен Халиоллаұлы.
Сонымен қатар актив отырысында Ата-Заң жобасын талқылау барысында аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Меңдешов, «АMANAT» партиясы Қаратөбе аудандық филиалының төрағасы Абат Зейнуллин сөз алып, Конституция баптарына енгізілген өзгерістерге байланысты өз ойларын ортаға салып, түсініктер берді.

Актив отырысын қортындылаған аудан басшысы Қ.Сүйеуғалиев: «Біз маңызды саяси шешімнің қарсаңында тұрмыз. Бұл – тарихи маңызы зор, әрбір азаматтан жоғары жауапкершілікті талап ететін кезең. Тәуелсіз Қазақстанның болашағын айқындайтын, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуға бағытталған, ел дамуы мен адам құқықтарының басымдығын көздейтін, болашақта ұлтты ортақ мүддеге топтастыратын, егемендігіміз бен жеріміздің тұтастығын қорғайтын жаңа құжат – Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасына енгізілген өзгерістерді қоғам арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастыру қажет.
Баршаңызды жауакершілікті терең сезініп, аталған жұмысқа белсенді қатысуға шақырамын.
Аудан әкімі аппаратына, дербес бөлім, мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне аталған жұмыстарды сапалы әрі уақытылы ұйымдастыруды тапсырамын», -деді аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев.
Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы