Бүгін Қаратөбе ауданының шекарасына орнатылған белгінің ашылу салтанаты өтті. Аудан аумағына кіргеніңнен хабар берер «Қаратөбе ауданы» деген жазуы бар еңселі белгі мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған түлектердің туған жерге тартуы болып отыр.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында орнатылған көз тартар белгі Мұхит атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің және Қаратөбе мектеп-гимназиясының 2002 жылғы түлектерінің қолға алған игі ісі.
Аудан атауы жазылған, эмблемасы бейнеленген белгінің ашылу салтанатына арнайы қатысып, сөз сөйлеген аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев туған жерлерінің көркейіп, гүлденуіне өзіндік үлес қосып жатқан азамат, азаматшаларға аудан халқы атынан алғыс білдіріп, түлектерді өз атынан алғысхатпен марапаттады.
Шарада сөз сөйлеген Мұхит атындағы ЖОББМ түлегі Аюпов Бисембай мен Қаратөбе мектеп-гимназиясының түлегі Марина Искакова игі іске қолғабыс жасаған барша азаматтарға алғыстарын білдірді.
Аудан кіреберісіне орнатылған ұзындығы 8 метр, биіктігі 3,5 метр болатын белгінің ашылу салтанатын аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы мен ата-аналар атынан Рафих Таупихұлы жүргізді.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы,
zhaikpress.kz