Бүгін Қаратөбе ауданы орталығындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай аудан әкімі кубогі үшін волейболдан ерлер арасында аудандық турнир өтті.
Мерекелік шараның ашылу салтанатында турнирге қатысушы командалар сап түзеп, мемлекеттік әнұран орындалды.
Ел Тәуелсіздігі күніне арналған аталмыш турнирді аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев алғысөзбен ашты.
Қадыржан Орынбасарұлы қаратөбеліктерді айрықша мереке ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, ойынға қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
– Ауданда бұқаралық спортты дамытуға, халықтың спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануына жан-жақты жағдай жасалды. Сәулетті, зәулім спорт кешенінде ел болашағы жас жеткіншектердің спортпен шұғылдануына толық мүмкіндік бар. Түрлі спорт құралдарымен жабдықталған спорт клубы ашылды.
Аудан спортшылары арасынан түрлі деңгейдегі жарыс жеңімпаздары мен үш дүркін әлем чемпионы шықты. Ол біз үшін үлкен мақтаныш. Осындай жетістіктеріміздің бәрі - Тәуелсіздігіміздің арқасы.
Егемен еліміздің көк байрағы желбірей берсін. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын. Турнирге қатысушы командаларға ақ жол тілеймін. Жеңіс тұғырынан көрініңіздер,- деді аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы.
Қаратөбе балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы
Аманша Зинелов волейболшыларды жарыс ережелерімен таныстырып өтті. Командалар жеребе суырып, төрт командадан екіге бөлініп ойын жүргізді. Төрт команда аудан орталығындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде, қалған төртеуі Шөптікөл орта мектебінің спорт залында ойын көрсетті.
Аталмыш турнирге ауданның барлық округтерінен 8 команда қатысып, бақтарын сынады.
Дене шынықтыру және спорт кешеніндегі ойынды Аққозы және Жусандыой округтерінің командалары бастады. Ойын барысынды алғаш болып есепті Жусандыой командасының волейболшылары ашты.
Жалпы барлық командалар да турнирге жақсы дайындықпен келген. Аяқ алыстары жаман емес. Мықты командалар финалға шығып, өзара тартысқа түсті.
Жарыс қорытындысына сай турнир жеңімпазы атанған Қаратөбе ауылының командасы жүлделі І орынды жеңіп алып, аудан әкімі кубогын және 150 мың теңге қаржылай сыйлықты иеленді. ІІ орынды қанжығасына байлаған Қоскөл ауылының командасына 80 мың қаржылай сыйлық және диплом, ал ІІІ орынға табан тіреген Жусандыой ауылының командасы 50 мың теңге қаржылай сыйлық пен дипломға ие болды. Жеңімпаз командаларды марапаттау рәсімін аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан жүргізді.
Ойын барысында жақсы ойын өрнегін көрсетіп, көрермендер көңілінен шыға білген Егіндікөл ауылының командасы «Жеңіске деген жігері үшін» аталымын иеленді. Командалар бойынша ойындар барысында шеберлік таныта білген жусандыойлық Медет Мақсотов – «Үздік қорғаушы, қаратөбелік Абзал Сапарғалиев – «Үздік байланыстырушы», егіндікөлдік Темірлан Хайрушев – «Үздік шабуылшы» аталымдарымен марапатталды. Аталым иелеріне марапаттауларды «Қаратөбе» спорт клубының директоры Екпін Тналиев табыстады.
Турнирде төрешілік еткен Аманша Зинелов пен Нұрбек Сайнов алғысхатпен марапатталды.
Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz