11.01.2024, 0:00
Оқылды: 53

Қаратөбеде әйгілі әншінің мұрасы насихатталды

Қаратөбе аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде саңлақ әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 115 жыл толуына орай «Өнерлі өрен – әйгілі әнші» тақырыбында сазды кеш өтті.

WhatsApp Image 2024-01-10 at 17.50.25 (1) (1)

Күміскөмей әнші Ғарифолла Құрманғалиев 1909 жылы Қаратөбе ауданы, Ақкөл деген жерде дүниеге келген. Жастайынан алдымен әкесінен, кейін анасынан жетім қалады. Табиғи таланты бар Ғарифолла бала кезден әншілік өнерімен көзге түседі. Жалпы, Ғарифолла Мұхит әндерінің насихаттаушысы. Шынтас Қаратаев, Шайқы Мұхитовтардың қасында ән айта жүріп, елге таныла түседі. 1934 жылы маусым айында Алматыда өткен халық таланттарының бүкіл қазақстандық слетіне қатысып, топтан озып көзге түскен Ғарифолла Құрманғалиев жаңадан құрылған музыкалық драма театрға қызметке қалдырылады. Міне, осы кезден бастап Ғарифолла Құрманғалиев бүкіл елге таныла бастайды. Дарынды әншінің «Қазақ ССР еңбек сіңірген әртісі», «Халық әртісі» атақтары бар. Сондай-ақ, көптеген медальдар мен құрмет грамоталарымен марапатталған.

WhatsApp Image 2024-01-10 at 17.50.26 (2) (1)

Сазды кеште жезтаңдай әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің өмір жолы мен шығармашылығы турасында бейне түсірілім көрсетіліп, кештің арнайы қонағы Дихан Кауенов Ғ.Құрманғалиевтың репертуарынан халық әні «Әдемі қыз» және «Халық термесін» орындап берді.

WhatsApp Image 2024-01-10 at 17.50.26 (1)

Ғарифолла әнші ғана емес, өзі де ән шығарған адам. Театр сахнасында талай образды сомдаған актер. Сондай-ақ, кемеліне келтіре орындаған «Айнамкөз», «Үлкен айдай», «Ақ кербез», «Ісмет», «Боз жорға», «Он алты кыз» сынды халық әндері жұртшылық көңілінен берік орын алды. Ол орындаушылық өнерімен қатар, өзі де «Ақ Жайық», «Сүйген жар», «Нұржамал», «Жан еркем», «Аққу», «Сүйемін туған өлкемді» әндерін шығарған екен.

Тағылымды шарада Қаратөбе балалар музыка мектебінің түлегі Арман Лұқпанов «Сүйген жар» әнін, Диас Пауеденов «Еңбек» термесін және Нұрымның термесін нақышына келтіре шырқады.

Қаратөбе балалар музыка мектебінің қобыз аспабының мұғалімі Баян Шиғалиева асқан өнер иесі Ғ.Құрманғалиевті бала кезінде Ақтайсай ауылына концерт қоюға барғанда көргендігін әңгімелеп, әншінің мұрасын жас ұрпаққа насихаттай беру қажеттігін атап өтті.

WhatsApp Image 2024-01-10 at 17.50.25 (2)

Шара барысында М.Мерәлиев атындағы өлкетану музейінің директоры Жұлдыз Маширова «Әнін көкке қалықтатқан» атты көрмені таныстырды. Көрмеде Ғ.Құрманғалиевтың «Қыз Жібек» операсында Шегенің рөлін сомдағанда киген шапаны мен өнер иесінің өзі ұстаған домбырасы таныстырылып, музей қорында сақтаулы оның әр кезеңдерде түсірілген фото суреттері оқырман назарына ұсынылды.

Серікбай Хасанов, 

Қаратөбе ауданы 

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале