22.11.2025, 16:00
Оқылды: 77

Қаратөбеде ақын әрі қайраткер тұлғаға құрмет көрсетілді

Қараша айының 21-і күні Ғ.Құрманғалиев атындағы аудандық мәдениет үйінде ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, қоғам қайраткері, ҚР «Құрмет» орденінің иегері, «Қаратөбе ауданының құрметті азаматы» Айсұлу Қадырбаеваның 75 жас мерейтойына арналған «Күміс қанат – Ақсұңқар» атты рухани шығармашылық кеш өтті.

IMG_1815

Айсұлу Қадырбаева 1950 жылы 2 қарашада Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) облысы, Қаратөбе ауданы, Қоскөл ауылында дүниеге келген. Қаратөбе орта мектебін бітірген соң, 1968 — 1972 жылдары Абай атындағы ҚазПИ-де оқып, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі мамандығын алған. Жетпісінші жылдары «Жазушы» баспасында корректор, кіші редактор, редактор, 1984— 1990 жылдары Қазақ радиосының редакторы, оның Орал облысындағы меншікті тілшісі, 1990—1993 жылдары Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Орал облыстық бөлімшесінің төрағасы болып жұмыс істеді.
Көптеген өлең, дастан, толғаулары түрлі газет-журналдарда (соның ішінде Түркияда), ұжымдық жинақтарда 1979 жылдан бастап жарық көрген. «Айту — парыз» (1996), «Ақ мама» (1997), «Барып қайт, балам, ауылға» (1998), «Иманға жүгін, ей, пенде!» (2000) жыр кітаптарының авторы.
1990—1994 жылдары Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы басқармасының мүшесі, Орал облыстық бөлімшесінің тең төрағасы болған, 1991 жылдың қыркүйек айында Орал қаласында жергілікті казактардың Ресей казак әскерлері басшылығымен бірігіп, «Орал казактарының патша ағзамға қызмет етуінің 400 жылдық мерекесін тойлау» жөніндегі отаршылдық арандату әрекетіне қарсы тойтарыс акциясын ұйымдастырушылардың бірі болды. 1994 жыл Түркияның Измир қаласында өткен Дүниежүзі түркі халықтарының I қүрылтайының делегаты.
Поэзия мәңгі өшпес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын алтын көпір, асыл қазына, махаббат пен сүйіспеншілік, адам жүрегінің дірілін шеберлікпен бейнелеген жауһар дүние.
Сахнада ақынның өмір жолы мен шығармашылығына арналған бейнесюжет және «Жырдан туған өмір»-атты өмір жолы туралы көрініс тамашаланды.
Танымал ақын, дарынды жерлесіміз кеш қонағы Айсұлу Ашыққалиқызы құрметпен сахна төріне шақырылды.

IMG_1789
Ең әуелі Айсұлу апамызды аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы мерейлі жасымен құттықтап, ақынның шығармашылығына тың табыстар тіледі.
–Бүгінгі күн Қаратөбе жұртшылығы үшін ғана емес, тұтас қазақ елі үшін қуанышты күн. Өйткені жүрегі елім, жерім деп соққан қазақстың батыр қызы, ақын қызы Айсұлу апамыз ортамызда аман-есен мерейлі жасқа толып отыр.
Айсұлу апамыз ақындығымен де, қайраткерлігімен де ел-жұртқа кеңінен танылған тұлға. Ақынның жалынды жырлары мен өткір үндеулері ғана емес, ұлт мүддесі жолындағы батыл әрекеттері де қазақ жерінің тұтастығы мен ел тәуелсіздігіне бірдей қызмет етіп келеді. Мұндай тұлғаның қазақылық сақталған, құт дарып, кие қонған қасиетті Қаратөбе жерінен шығуы да тегіннен тегін болмаса керек.
Айсұлу апа – көкейдегі армандарыңыз орындалып.ұзақ та, бақытты өмір сүргейсіз.
Мерейтой қарсаңында тұсауы кесілгелі тұрған кітабыңыздың қалың оқырманға жол тартуымен құттықтаймын. Шығармашылығыңызбен ел алғысына бөлене беріңіз.
Айсұлу апамызды қошеметтеп, елдің қуанышына ортақтасып, алыс-жақыннан келіп отырған қадірлі меймандарға ризашылығымды білдіремін, - деді аудан басшысы Қадыржан Сүйеуғалиев.
Аудан басшысы Қ.Орынбасарұлы құттықтау сөзін Айсұлу апамыздың туған жерге, ата-анаға деген сағынышын терең бейнелейтін туындысы «Барып қайт балам ауылға» өлеңінің бір үзіндісімен қорытындылады.
Ақынға арналған рухани шығармашылық кеште Айсұлу апамыздыңқаламынан туындаған өлең-жырлары жинақталған «Шыңғысхан-Қаған» кітабының тұсауы кесілді. Тұсау кесу рәсімін Айсұлу апа мен аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы жүргізді.
Аталмыш шығармашылық кеш барысында ақынның қаламынан туындаған өлеңдерінен кітапханашылар шеруінде Қаратөбе аудандық орталықтандырылған кітапхан жүйесінің кітапханашылары ақынның бірнеше өлеңдерін мәнерлеп оқып берді.
Рухан шығармашылық кешті жүргізуші мәдени-демалыс орталығының әншісі Жарқын Байтеміровтің ақынмен сұхбатында қойылған сауалдарына Айсұлу апамыз сауалдарға рет-ретімен жауап берді.
Сахнада кітапханашы Ақбота Ерланқызы ақын Мұнайдар Балмолданың «Ол – қазақтың қаһарман Айсұлуы» өлеңін жатқа айтып берді.
Сахнада сөз кезегі Айсұлу апаны мерейлі жасымен құттықшаулырға берілді.

IMG_1708
Экономика ғылымының кадидаты, қоғам қайраткері Құндыз Шамахұлы, Ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, «Қаратөбе ауданының құрметті азаматы» Мәлік Шәлменұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, ҚР «Құрмет» орденінің иегері Бауыржан Ғұбайдуллин, Айсұлу апаның туысы Бақтылы Есболатовалар ақынның шығармашылығы мен қайраткерлігі, адамгершілік қасиеттері туралы әңгімелеп, мерейлі жасымен құттықтап, жылы-жылы ілтипаттарын білдірді.
Сонымен қатар сахнадан Айсұлу апаның мектепте бірге оқыған сыныптастары мен құрдас-достары табылып, мерейлі жастың қуанышымен бөлісіп, мектеп қабырғасындағы естеліктер айтты.
Аудандық мәдени-демалыс орталығының әншісі Кенжегүл Мадуова сахнада әнші Р.Әлқожаның «Ақсұңқар» әнін әуелете орындаса, кітапхананың тұрақты оқырманы, М.Мақатаев, Қ.Мырза Әлі оқуларының жеңімпазы Қадыр Өтеген ақынның «Ақ мамам» лирикалық дастанын жатқа айтып берді.
Айсұлу ақын 7 қарашада аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен өткен «Жыр әлеміндегі сырлы Айсұлу» байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Аталмыш байқаудың «Жыр тану тарланы» аталымымен Айгүл Төлен, «Ең шынай туынды» аталымымен Мөлдір Кенжесова, «Ұшқыр жауап иесі» аталымымен Бибігүл Жанахметова, «Көркемсөз шебері» аталымымен Мөлдір Амантаева марапатталды.

IMG_1773
Сахнаға аудан басшысы Қ.Орынбасарұлы шығып, мерейлі жас иесі, Қаратөбенің ардақты ақын қызы Айсұлу Ашыққалиқызын 75 жасымен құттықтап, гүл шоқтарын ұсынды. Қаратөбенің өнерсүйер халқы атынан алғыс білдіріп, ат мінгізді.
Кеш барысында Айсұлу ақынның сөзіне жазылған «Аққулы көлге бардың ба?» атты жаңа әннің тұсауы кесілді. Әнің авторы, әнші, сазгер кеш қонағы Әділ Ахметов «Аққулы көлге бардың ба?» әнін орындады.

IMG_1704
Айсұлу апамыз 75 жасына орай рухани шығармашылық кеш ұйымдыстырған қаратөбелік жерлестеріне, аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевке, мәслихат хатшысы Нұрлан Меңдешовке, мәдениет саласының басшысы Маулен Салахаден бастаған ауданның көркемөнерпаздарына, кітапханашыларға, кеш қонақтары Мәлік Шәлменұлына, Құндыз Шамахұлына, Бауыржан Файзоллаұлына, туысы Бақтылы Есболатоваға және туған күнімен құттықтай келген бірнеше құрдастарына зор ықыласпен алғысын білдірді.

Ерболат Райсов
Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале