Бүгін Қаратөбе аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің мәжіліс залында 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесіне арналған «Алғысқа толы жүрек» атты мерекелік дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелге аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев және еңбек ардагерлері, әр салада еңбек етіп жүрген еңбек адамдары арнайы шақырылды.

Алдымен сөз алған аудан басшысы арнайы шақырылған қонақтарды көктемнің алғашқы шуақты күнімен тұспа-тұс келетін «Алғыс айту» күні мерекесімен құттықтады.
– Сіздерді Алғыс айту күнімен құттықтаймын! Бұл – береке-бірлігімізді бекемдей түсетін мереке. Осы күні еліміздің азаматтары бір-біріне ерекше ілтипат көрсетіп, ризашылығын білдіреді. Сондай-ақ татулық, ынтымақ, достық сынды қастерлі құндылықтар жан-жақты дәріптеледі. Мұның бәрі ұлтты ұйыстырудың ұтымды жолы екені сөзсіз.
Халқымыздың уақыт сынынан өткен жанашырлық, қамқорлық, мейірімділік сияқты асыл қасиеттері, әсіресе қиын-қыстау кездерде айқын көрінеді.

Кез келген қысылтаяң шақта ел ішіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты бекемдей біліп ұлт пен ұлыстар арасындағы ынтымақтастықты нығайту арқылы межелеген мақсаттарымызға жету, аудан халқы үшін өте маңызды.
Мереке қарсаңында ауданымыздың өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен табысты еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін.
Жақсылық пен ризашылықтың мерекесі Алғыс айту күні қарсаңында баршаңыздың отбасыларыңызға бақ-береке, дендеріңізге саулық тілеймін,- деді Қадыржан Орынбасарұлы.
Дөңгелек үстел еркін форматта әңгіме түрінде өрбіді. Бірі әр салада еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлік демалыста болса, бірі сол ел ортасында еңбек етіп жүрген азаматтар дастарқан басында барша аудан халқын, аудан басшылығы мен мерекелік басқосуды ұйымдастырушыларды айтулы мерекемен құттықтап, алғыстарын жеткізді.

Кездесуде аққозылық Лидия Калинич, жусандыойлық Камшат Олжатаева, қаракөлдік Балтабек Қалиев, егіндікөлдік Рүстем Өтебашев, қоскөлдік Жалғас Сейтімов, саралжындық Ержан Нұрпейісов, сулыкөлдік Айша Дүзбатырова және қаратөбелік Гүлбаршын Сұлтанова, Мейрамбек Далабаевтар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Басқосуда Ғ.Құрманғалиев атындағы аудандық мәдениет үйінің әншілері әсем әндер шырқады.
Серікбай Хасанов
Қаратөбе ауданы