20.01.2021, 14:45
Оқылды: 42

Қаратөбеде ат спортына сұраныс жоғары

Көкпарға ден қойған азаматтар Қаратөбе ауданында да жетерлік. Тақымы мықты, білекті жігіттермен қатар аттың бабын бірден байқайтын атбегілер де аз емес. Кейінгі жылдары атбегілік өнерге қызығушылардың қатары көбеймесе, азайған жоқ.

FB_IMG_1610870635635

- Біздің ауданда көкпар ойыны біртіндеп дамып келеді. Кеңес дәуірінде спорттың бұл түріне мүлдем көңіл бөлінген жоқ. Сондықтан барлығын басынан бастауға тура келді. Осыдан екі-үш жыл бұрын қолға алынған жұмыс барысында бірқатар азаматтар көкпар командасын жасақтауға атсалысты. Алғашқы кездері қиынға соқты. Тіпті көкпарды қалай тарту керегін де білмейтінбіз. Бірақ бірте-бірте тәжірибе жинадық. Қазір өзгелермен иық тіресе алатындай дәрежеге жеттік. Тек көкпар емес, аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу секілді ұлттық ойын түрлері бойынша да жеңіс тұғырына көтеріліп жүрген жастар бар.

20210117_145245

Биыл жылқыға үйір жастардың қатары көбейді. Қазір көшеге шыға қалсақ, тай үйретіп жүрген жеткіншектерді көріп қуанып қаламыз. Ендігі кезекте алдымызда ат спорты үйірмесін болмаса, көкпар клубын ашу мақсаты тұр. Осы тұрғыда көкпаршыларға демеушілер қажет. Олар ат сатып әперіп немесе көлік жағынан көмектессе, жақсы болар еді?!.. Өкінішке орай, әзірге қамқорлық танытып жатқан азаматтар жоқтың қасы. Жарыстарға жекелеген жомарт жандардың қолдауымен ғана барып жүрміз. Осы орайда аудан атқамінерлерінен балалардың атқа мінуіне қолдау көрсетуін сұраймыз, - дейді «Қаратөбе» спорт клубының әдіскері, көкпардан жаттықтырушы Бекболат Файзуллин.
Қаратөбе аудандық мәслихатының депутаты, «Қаратөбе» спорт клубының директоры Екпін Тналиевтің күні кешегі сайлауалды бағдарламасында ат спорты, оның ішінде көкпарды дамыту бағытында түрлі жобасы бар екен.

– Жеке кәсіпкерден жылқыны жалға алып, ат спорты клубын ашып, аула салу жөнінде аудан әкімдігіне сұраныс хат жаздық. Бұйырса, жақсы хабар күтудеміз, - дейді Екпін Батырханұлы.
ҚР ҰСҚ президенті Бекболат Тілеухан бір жазбасында көкпар турасында: «Ұлттық спорттың мектеп бағдарламасына енгізілуі – өте қуанарлық жағдай. Дәстүрлі ойындарды білген бала ұлтының болмысын тани алады. Төл спортының түп-тамырын таныған адам өз ұл-қызына тарихын, дәстүрін жеткізе алады. Дәстүрлі ойындарды және ұлттық спорт элементтерін дене шынықтыру сабақтарының режимінде ұтымды пайдалану мектепте дене шынықтыру процесін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Ендігі алға қойылған мақсат – ол білім беру орындарының материалдық- техникалық базасын нығайту, ұлттық спорт жабдықтарымен қажетті деңгейде қамтамасыз ету және дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің ұлттық спорт бойынша біліктіліктерін жетілдіру. Бұл орайда ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бірлесе атқаратын қызметі ауқымды», - дейді.
Бокс пен футболға қалай жағдай жасалса, көкпарға да сондай қамқорлық таныту керек. Сонда ғана ұлттық спортымыз өзге спортпен тең түсе алады. Басшылық тарапынан осы бағытқа назар аударылса деген тілек бар бізде. Мәселен, биыл жаңа ат спорты мектебінің құрылысы басталса, нұр үстіне нұр болар еді. Балалар атқа мініп жаттығатын ипподромды мектеп иелігіне, болмаса жеке қожалыққа берсе, бүгінгі темір тұлпарға қызыққан жастарымыз нағыз тұлпарға қызықса, дегенімізге жеткеніміз болмай ма?! Тиісті орындар осы мәселені шешіп берсе, жағдай едәуір жеңілдер еді?!..

Маралбек Амантаев,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале