Қаратөбе ауылындағы көше жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары басталды.
Жолдың қоғам өміріндегі орны айрықша. Аудан тұрғындары жолдарды жөндеу туралы жиі айтып келеді. Аудан орталығы мен ауылдық округтер орталығына қатынасатын, болмаса ауылдық округтер орталығынан елді мекендерге қатынайтын жолдарды айтпағанның өзінде, тіпті аудан орталығындағы кейбір көшелер жолдарының сын көтермейтіндігі жасырын емес.
Өткен жылы аудан орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы көше тұрғындары көше жолының жаяу жүргіншіге де, техника қозғалысына да қиындық келтіретіндігі туралы мәселе қозғағаны бар. Тек сол көше тұрғындары ғана емес, жалпы жол қашан жөнделеді деген уәжді ауыл тұрғындары тарапынан жиі естиміз. Мәселенің мәнісін білмек болып аталмыш іспен тікелей байланысты құзырлы сала - аудандық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Сахиповпен сөйлескен едік. Сала басшысы бұл маңызды мәселеге байланысты ойын төмендегіше сабақтады.
- 2020 жылдың қазан айында Айтқожин, Тоққожин көшелерін С.Датов және М.Нысанов көшелерінің тоғысуымен қайта жаңғырту жұмыстары басталып, мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша «Ануш Құрылыс» ЖШС (мердігер) жеңімпаз болып танылды. Мердігер аталған көше жолдарын жаңғырту жұмыстарын бастап, ауа райының қолайсыздығынан (күннің күрт суытуы, жауын-шашын) жұмыстарын тоқтатқан болатын. Бүгінгі күнде мердігер аталған жұмыстарды қайта бастады.
Сонымен қатар биыл Қаратөбе ауылындағы тоғыз көше жолын қайта жаңғырту бойынша қосымша мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жеңімпаз болып тағы да «Ануш Құрылыс» ЖШС танылды. Келісімшарт жасақталды. Атап айтсақ, Алтынсарин, Ә.Молдағұлова, М.Бекімов, Әубәкіров, Жәңгіров, Құрманғалиев, Дәулетова, С.Датов және №3 көше жолдары қайта жаңғыртылатын болады. Барлық жұмыстарды биыл аяқтау жоспарда.
Алдағы 2022-2025 жылдар аралығында Қаратөбе ауылындағы Ұзақ күйші, М.Мәметова, Наурызалин, Құрманғазы, №4 көше (67 тұрғын үй), Малабаев, Абай, Мұхит, Жұмақаев көшелерін және Шөптікөл, Сулыкөл, Жусандой, Қоскөл, Егіндікөл, Қарақамыс, Ақтайсай, Қоржын ауылдарына дейінгі аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу орташа жоспарлануда, - дейді сала басшысы.
Қаратөбе ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарына сәйкес үстіміздегі жылдан бастап сала басшысы айтқандай аудан орталығындағы ауылішілік жолдармен қатар, кезең-кезеңімен 2025 жылға дейін аудандық маңызы бар жолдардың жөнделетіндігі көңілге жылу ұялатады. Игі іс сәтті болғай демекпіз
Ерболат Мырзағұлұлы,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz