«Балалар жылы» аясында Қаратөбе балалар музыка мектебі және аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен оқушылар арасында тұңғыш рет «Күмбірлеген күміс күй» атауымен аудандық күй сайысы өтті.
Мәдени шараны алғы сөзбен ашқан аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан аталған сайыстың маңыздылығын атап өтіп, бабаларымыздан мұраға қалған күй өнерін жанына серік еткен жас күйшілерге сәттілік тіледі.
Екі кезеңнен тұрған сайысқа 15 күйші қатысып, бақтарын сынады. Күйшілер бірінші кезеңде Батыс өңірінің күйшілік мектебінен бір күй орындаса, екінші кезеңде қазіргі заман күйші-композиторларының туындыларынан бір күй орындады.
Күмбірлеген күй додасының бас жүлдесін Қаратөбе балалар музыка мектебінің оқушысы Гүлзат Қадыржанова жеңіп алды.
Күй додасында жоғары деңгейде өнер көрсеткен Арман Лұқпан І орын иеленді. Жүлделі ІІ орынға Мейірім Азаматқызы мен Дияс Пауеденов ие болды. Ал жүлделі ІІІ орынмен Ибраһим Буранбай, Нұршат Болат, Гүлсезім Оңғар марапатталды.
Күй додасына қатысқан өзге қатысушыларға Әлеумет Мәмбетов, Мұхит Айтқалиев, Ұзақ күйші, Боғда күйші, Сәулебай Далабаев, Жүсіп Мәтжанов, Далабай Керешов, Қауен Қалниязұлы атындағы арнайы жүлде табысталды.
Өнер көрсеткен барлық жас күйшілер арнайы дипломдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Райымбек Абай
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz