Бүгін «Шырқа даусым, шарықта» деген атаумен Қаратөбе ауданында халық композиторы, әнші-ақын, күйші-домбырашы Мұхит Мералыұлының 185 жылдығы аясында жасөспірімдер арасында дәстүрлі ән орындаушылардың облыстық байқауы ұйымдастырылды.

Аудандық мәдениет үйінің фойесіндегі аталмыш байқаудың ашылу салтанатында алғаш сөз алған аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы Орал қаласынан және облыстың аударынан байқауға қатысушы жас өрендерді қасиетті Қаратөбеде өткелі тұрған жасөспірімдер арасындағы ән байқауының ашылуымен құттықтап, сәтті қадам тіледі.

– Қасиетті Қаратөбе өңірі мәдениетпен мерейленіп, өнермен өрістеген өлке. Бүгінгі жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі ән байқауы Ұлы компазитор Мұхит Мералыұлының мол мұрасын жас ұрпаққа насихаттап өнерге деген сүйіспеншілігін арттыратын ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге бағытталған маңызды рухани іс-шара дәстүрлі ән өнерінің сабақтастығын жалғайтын игі бастама.
Ауданымыздың қасиетті топырағы талай мәдениет майталмандары мен өнер жұлдыздарының алтын бесігіне айналды.
Осындай өзіндік орны бар дарабоз тұлғалардың есімін мәңгі сақтап, дәстүрлі әніміздің ұлы көшін үзбей дәстүрлі ән қазынасын жаңа есімдермен толықтырып ұлттық дәстүрімізді насихаттау мақсатында өткен жылы ауданымызда «Мөлдір бұлақ» әуесқой дәстүрлі ән орындаушылар мектебін аштық. Бұл мектеп арқылы ауданымызда бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі ән орындаушылар легін жалғастырып, атақты әншілер шыққан жерден жаңа жас буын әншілердің көптеп шығатынына сенімдіміз.
Облысымыздың әр өңірінен келген жас талантарға сәттілік тілеймін. Өнер жолындағы талаптарыңыз таудай болып, Мұхит бабамыздың асыл әндерін лайықты деңгейде орындап көрерменнің ыстық ықыласына бөлене беріңіздер. Осы байқаудың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосушы қазылар алқасына және барша қонақтарға аудан жұртшылығы атынан алғысымды білдіремін, – деді аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев.

Сонымен қатар байқаудың ашылу салтанатында қазылар алқасының төрағасы, дәстүрлі әнші, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филормониясының дәстүрлі әншілер бөлімінің көркемдік жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Қайрат Какимов, «Казталов ауданының құрметті азаматы», Ғ.Құрманғалиевтің шәкірті Баян Қабиева байқауға қатысушыларға жылы лебіздерін білдірді.
Үлкен маңызға ие жасөспірімдер арасындағы облыстық байқауды ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірген Баян Қабиева өзінің қос кітабын аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлына табыстады.
Айтулы ән додасына қатысушы жас өнерпаздар жребе суырып, Қ.Жұмалиев атындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясында өткен іріктеу кезеңінде өз өнерлерін ортаға салды. Әр өнерпаз өрен сахнада Сал Мұхит пен жезтаңдай әнші Ғ.Құрманғалиевтің әндерін орындады.

Сахнада ең бірінші болып оралдық Берік Алдияр ән орындады.
Айтулы доданың іріктеу кезеңінен өткен жас әншілер қазылар алқасының шешімімен гала-концертке жолдама алды.
Іріктеу кезеңінен өткен ән додасына қатысушылардың тең жартысына жуығы Гала концертте байқау ережесіне сай бір-бір өлеңнен орындап, бақтарын сынады.
Байқаудың нәтижесінде Мұиттің «Кіші айдайын» шебер орындаған ауданымыздың жас әншісі саралжындық Мәнсүр Олжағали жүлделі орынды иеленіп, диплом және 200 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болса, І және ІІ орындарды жеңіп алған теректілік Арғын Темірғали мен оралдық Арай Дүйсенғали диплом және 150 мың, 100 мың теңге ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

ІІІ орынға табан тіреген екі бірдей жас өнерпаз сырымдық Жандос Рахімғали мен оралдық Ерсұлтан Орынбасарға диплом және 50 мың теңгеден ақшалай сыйлықтар табысталды.
Байқауда дипломант атанған жас әншілер диплом және 30 мың теңге, ал алғысхатқа ие болған қатысушылар 20 мың теңге ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Байқаудың марапаттау рәсімін аудан басшысы Қадыржан Сүйеуғалиев, қазылар алқасының төрағасы, дәстүрлі әнші, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филормониясының дәстүрлі әншілер бөлімінің көркемдік жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Қайрат Какимов, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, әнші-термеші Сағадат Рахметжанов, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, «Қаратөбе ауданының құрметті азаматы», Ғ.Құрманғалиевтің шәкірті Серік Әбдірахманов, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Ақсай қаласының құрметті азаматы» Мұхит Бірәнов, ҚР мәдениет саласының үздігі Фархат Оразов, Батыс Қазақстан облысының үздік мәдениет қызметкері, республикалық әнші-термешілер байқауының лауреаты Нұршат Исламғалиев жүргізді.
Ерболат Райсов
Қаратөбе ауданы