16.06.2022, 16:00
Оқылды: 51

Қаратөбеде «Halyk Bank» бөлімшесі ашылды

Бүгін Қаратөбе ауданы орталығында көптен күткен «Halyk Bank»-тің жаңа бөлімшесі ашылды.
Халық банк ашылу (4)

Аудан орталығынан ашылған жаңа бөлімшенің салтанатты ашылуына аудан тұрғындары көп жиналды. Банк бөлімшесінің ашылу салтанатына аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Меңдешов, «Halyk Bank» акционерлік қоғамының Батыс Қазақстан облыстық филиялының директоры Игорь Стексов және дербес бөлім басшылары мен қоғамдық ұйым өкілдері, ауыл тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Жаңа бөлімшенің ашылу салтанатында сөз алған Қадыржан Сүйеуғалиев:

– Ауданымызда осындай «Halyk Bank»-тің дербес бөлімшесінің ашылуы тұрғындарға қызмет сапасын жақсартуға зор мүмкіндіктер береді деп ойлаймын. Әрине, қала орталығына бармай-ақ, болашақта коммуналдық төлемдерді, несие рәсімдеуді, кезек күтпестен ақшаны тез әрі оңай алуға болатындығы халыққа қолайлы болмақ. Аудан орталығында «Halyk Bank» бөлімшесінің ашылуына қолдау білдіргені үшін банк бөлімшесінің Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Игорь Стексов мырзаға зор алғысымды білдіремін»,- деді.

Халық банк ашылу (6)

Кезегінде сөз алған «Halyk Bank» акционерлік қоғамының Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Игорь Валерьевич:

– Игі бастаманың қолдау тапқанына қуаныштымын. Әрине, басқа аудандарда да осындай бөлімшелерді ашу жоспарымызда бар. Ең бастысы тұрғындарға ыңғайлы. Аудан орталығынан заманауи ғимаратты жалға алып, банктің талаптарына сай қайтадан жабдықтадық. Осы жұмыстарға 20 миллиондай қаражат жұмсалды. Жеке арнайы 2 төлем банкоматын орнаттық. Бұл бірінші кезекте уақытты ұтымды пайдалануға, тұрғындардың еңбекақысы мен зейнеткерлердің зейнетақысын алуға да зор мүмкіндік туғызып отыр. Осы бөлімшенің халыққа сапалы қызмет атқаруына тілекшімін. Аудандарыңыздың өсіп-өркендеуіне, гүлденуіне, тұрғындардың осы жерде өздерін жақсы сезінулеріне банк бөлімшесі өз үлесін қосатын болады»,- деді.

Банк бөлімшесінің ашылуында лента қию рәсімін аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы мен «Halyk Bank» акционерлік қоғамының Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Игорь Валерьевич жүргізді. Аудан тұрғыны әрі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде Рамазан Қыдырашев халық игілігі үшін қызмет жасағалы тұрған бөлімшенің қызметіне табыс тіледі.

Халық банк ашылу (1)

Аудан орталығында ашылған банк бөлімшесінің басшысы Эльмира Қайратқызы да өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталған. Тұрғындарға арналған арнайы күту залдары бар. Банктің арнайы қызметкерлері тұрғындарға қаржылық жүйелер бойынша тегін кеңестер береді. Қазіргі таңда бөлімшеде 9 қызметкер жұмыс жасайды. Негізгі жұмысымыз - халыққа сапалы қызмет ұсыну. Жаңа орынжай аудан халқына және қызметкерлерге ыңғайлы, заманауи интерьерге ие. Ғимаратта аудан тұрғындарына ыңғайлы қызмет көрсету аймағы ұйымдастырылған. Екі кассалық кабина, екі банкомат және бір төлем терминалы орнатылды. Орталықта жеке және заңды тұлғаларға арналған банк өнімдері мен қызметтерінің толық топтамасы ұсынылып отыр. Алдағы уақытта жерлестерімізге қалаға барудың қажеттілігі жоқ. Нысанов көшесі 8\1 мекенжайына келіп толғандырып жүрген сауалдарына жауап ала алады дейді.

Алдағы уақытта аталған банк бөлімшесі аудан тұрғындарына сапалы қызметтерді көрсетпек.

Әмірбек Жәнібеков,

Қаратөбе ауданы,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале